Экология • 08 Желтоқсан, 2021

Министрлік Желқуар өзеніндегі балықтардың қырылуына қатысты түсінік берді

351 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Қостанай облысы Жітіқара ауданының Желкуар өзеніндегі балықтардың қырылуына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Министрлік Желқуар өзеніндегі балықтардың қырылуына қатысты түсінік берді

Ведомствоның баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, 2021 жылғы 6 желтоқсанда Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясына Қостанай облысы Жітіқара ауданының Желқуар өзенінде балықтардың қырылуы туралы ақпарат түскен. Аталған жерге бірқатар құзырлы мекеменің мамандары барған.

«Нәтижесінде орташа салмағы 17-ден 25 граммға дейінгі «торта» түріндегі балықтардың қырылу фактісі анықталды, өлген балықтың жалпы көлемі 280 кг. Экология департаменті мен «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Солтүстік филиалының мамандары зертханалық зерттеулер жүргізу үшін су сынамалары мен балық ұшаларын алды. Өлген балықтар жиналып, кәдеге жарату үшін «Қостанай облысы Жітіқара ауданының ветеринариялық станциясы» КМК-ға берілді», делінген министрлік хабарламасында.

Мәлім етілгендей, тірі қалған балықты сақтау және одан әрі қырылуға жол бермеу мақсатында Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары Жітіқара ауданы Забеловка кентінің әкімдігімен бірлесіп, мелиорациялық жұмыстар (су айдынын аэрациялау, шұңқырларды бұрғылау және майналарды кесу) ұйымдастырған.

«Осы учаскедегі балықтың тығыздығын азайту үшін жақын маңдағы Желқуар су қоймасына балықтардың бір бөлігін көшіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда инспекция, ауыл әкімдігі және «Выстрел» ЖШС шамамен 500 кг балықты құтқаруды жүзеге асырды.

Құтқару жұмыстары жалғасуда. Балықтардың қырылуының алдын ала себебі – 1,5 га учаскедегі балық ресурстарының толып кетуіне байланысты судағы оттегінің болмауы. Зертханалық зерттеулердің нәтижелері туралы ақпарат қосымша хабарланатын болады», деді министрліктің баспасөз қызметінен.