Руханият • 08 Желтоқсан, 2021

Бейсен бейнесі

2376 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Міне, енді біздің жұмыс орнымыздың қапталындағы үйдің қабырғасында Бейсен достың бейнесі жымиып, бізге қарап тұратын болды. Өзі жиі айтатын «Қарекет ет, батырым» деген сөзі де тасқа басылды. Жалпы жұрт жүрегінде Бейсеннің бейнесі мәңгілік сақталады. Елдің ерге құрметі, тағзымы осындай игі істерден көрініс табуда...».

Бейсен бейнесі

Бұл – Бейсен Құранбектің үзеңгілес жолдасы, Jetisu теле­арнасының бүгінгі директоры Серік Сарыбайдың былтыр айт­қан сөзі еді. Шынымен де қазір Талдықорған қаласының Ба­ла­панов көшесіндегі биік үй­­­дің қа­бырғасына салынған Бейсен Құранбектің бейнесі жұрт­­шылық жиі келіп, қазақтың қабырғалы жур­налисінің рухына тағзым етер орынға айналған. Осылайша, граффити жанрында бейнеленген мурал Jetisu телеарнасының ғимаратына қара­ма-қарсы қоныс тепкен үйдің қасбетінде «мен мұндалап» тұр. Мурал фотосуретші Жеңіс Ыс­қа­­байдың суреті негізінде жа­сал­ған екен. Тұтас қабырғаны алып тұрған Бейсеннің бейнесін суретші Бекболат Кеңесов салып шыққан. Сурет астына «Қарекет ет, батырым!» деп жазылған. Ал есімі елге әйгілі журналистің жар­қын бейнесін жұрт назарына ұсыну идея­сын «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі бастаған болатын. Істің нәтижелі болуына облыстық ішкі саясат басқармасы барынша үлес қосыпты.

Мұндай игі істер жетісулықтар үшін «Бейсентану» ұғымын қа­лыптастырғаны анық. Оның бір дәлелі ретінде былтыр басталған Бейсен Құранбек атындағы дарынды балалар олимпиадасын айтуға болады. Бұл шара дәстүрге айналып, биыл да жалғасын тапты.

– Бейсекең басшылық қызмет атқарған Jetisu телеарнасы облыстық білім басқармасымен бірлесіп, былтырдан бері ұстаз­дар мен оқушылар арасында жастардың шығармашылығын дамыту мақсатында олимпиада ұйымдастыруда. Үрдіс биыл да жалғасын тапты. Олимпиаданың ашылу салтанатында Бейсен Құранбек атындағы оқушылар ара­сындағы 2020 жылғы олим­пиаданың 1-орын иегері, Кербұлақ ауданы, Күреңбел қазақ орта мектебінің 11-сынып оқушысы Алуа Байтілеуова қаламгер аға­сына арнаған өлеңін оқыды. Бір-бірін толықтырған, жарасымды шара болды. Оның үстіне, олимпиада жеңімпаздарын марапаттауды Бейсекеңнің туған күні, 9 желтоқсанға орайластырдық. Жалпы, осы мезетті жыл бойғы «Бей­сентану» бағытында істелген жұ­мыстарды қорытындылайтын сәт етіп, ел жадына сіңірсек деген ойымыз бар, – дейді Jetisu теле­ар­насының директоры Серік Сарыбай.

Мұнан бөлек, телеарна журна­лис­тері бастама көтеріп, Бей­сен Құранбектің тренингтерін ілгер­ілету мақсатында журналистік курс өткізді. Облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен өткен оқу-әдістемелік бағыттағы іске 11 спикер қатысып, тележур­налистика, газет, радио, интернет, сайт, шетел журналистикасы сияқты тақырыптарда дәріс оқы­ды. Арнайы курсқа жас журналис­тер, студенттер және журналист мамандығын таңдаған 11-сынып оқушыларынан іріктелген 50 адам қатысқан екен.

«Бейсентану» ісінің жандануына еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйым­дастырған «Жігер» телевизиялық байқауы үлкен үлесін қосып отыр. Байқау аясында тағайындалған Бейсен Құранбек атындағы арнайы жүлде биыл Jetisu теле­арнасының тілшісі Сәния Бай­таро­ваның қанжығасына байланған болатын.

Бейсен аға көзі тірісінде біз­ге үнемі: «Кез келген хабар­ды дайын­дағанда өздеріңе: «Бұл ақпарат көрерменге қандай пай­да береді?» деген сұрақ қо­йыңдар», деп ай­татын. Мек­теп қа­бырғасында жүр­генде журналист хабарды жүр­гізіп, жарқырап жүретін жұлдыз деп ойладық. Ал шындап келгенде, журналист – адам жанының емшісі. Өзім Бейсен ағадан ең алдымен адам болуды үйрендім. «Адам ренжіген сайын кеудесіне тас жинала береді, ол тасты өмір бойы арқалап жүрген қандай, қиын. Дұрысы ешкімге ренжімей, айналаңа махаббатпен қарау», деп еді аға. Мен сол қағиданы ұстап, үйреніп жүрмін. Бейсен аға облыс орталығына Серік Әбікенұлы мен Досан Қызайбекұлы сынды мықты мамандарды алып келді. Сол арқылы Жетісу жерінде тележурналистиканың мықты мектебін қалыптастырды. Біздің арна сол кісілердің арқасында республикалық арналармен иық тірестіре алатын дәрежеге жетті.Жалпы, «Жігер» сыйлығының менің өмірімде алар орны ерекше. Бұл мен үшін ең жоғары марапат. Бұл жүлде менің көрермен және ұстаздарымның алдындағы жауапкершілігімді еселей түсті»,  дейді жас журналист Сәния.

Жалпы, Бейсен Құранбек есімін ұлт жадында мәңгілік сақтауға ба­ғытталған істің бір жүгін ол жайында жарық көрген кітаптар көтеріп тұр деуге болады. Былтыр оқырман қолына «Біздің Бейсен» деген атпен естелік жинағы жарық көрген болатын. Осы жинақты құрастырып шығарған жазушы Есболат Айдабосын былай дейді:

– 2020 жылдың 18 мамырында Бейсен ағамыз дүние салды. «Бейсентану» тап сол күннен басталып кетті десек қателеспеген болар едік. Марқұмның жаназасында күллі қазақ күңіренгендей күй кешкеніміз рас. Әлеуметтік желі ағамызды жоқ­таған жазбаларға толып кетсе, мерзімді ақпарат құралдарында естеліктер айтылып, жазылып жатты. Біз сол тұста осы дүниелер күндердің күні қажетке жарар деген ниетпен барлық жазбаны жиып-теріп, бертінде «Біздің Бейсен» кітабын құрастырдық. Ол еңбекке Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айтқан жеделхаты, министрлер, әкімдер, депутаттар, журналистер, дос-жаран, таныс-білістің бәрінің жазған естеліктері топтастырылды. Сонан беріде мектептерде, университеттерде, бұқаралық ақпарат құралдарында Бейсен Құран­бек есімін ұлықтауды көз­дейтін түрлі мәдени-ғылыми жобалар қолға алынып, байқаулар ұйымдастырылып келеді. Бола­шақта бұл іс тоқтамайды деп сене­міз. Біздің мақсат – сол шаруаға атсалысып жатқан зерделі жастарға қолғабыс қылу.

Ал биыл Есболаттың мұрындық болуымен Бейсен Құранбек қала­мынан туған мақалалар мен сұх­баттар жеке кітап болып басылып шықты. «Парасат биігі» аталған еңбек журналистің жылдар бойғы еңбегінің жинақталған нұсқасы ғана емес, оны сағынған қалың көпшіліктің сағынышын басатын еңбекке айналғаны анық.

– Мен үшін Бейсен ағамның жөні бөлек, ол мінездің энциклопедиясы секілді құбылыс еді. Оның тұла бойы – адамды жақсылыққа жетелейтін қасиеттердің қоймасы. Байыппен қарасаң бір басынан бәрін табасың. Шешім қабылдап, мінез танытар жерде – батыл, «суық» ақылға салар сәтте – са­бырлы, ұлықтар мен бай-бағ­лан­ның алдында бүгежектеп жас­қанбайтын өжет, өзінен атақ-дә­реже, мансабы төмен жұртпен сөй­лесе қал­са – кеу­де кермес қара­пайым, жаурағанға пана болған қамқор, қиналғанның қажетін ашар жомарт, сөйлесе – шешен, іс бастаса – көсем. Бала­ның да, дананың да тілін табады, айт­қанын тыңдата алады, өзі де өз­гені тыңдай біледі. Қысқасы, да­нышпан Абай айтқан толық адам: нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыс­тық қайраттың иесі еді. Сол себепті Бейсен ағама «Парасат» деп ат қойып алған едім. Аға дүние салған соң жарық көрген кіта­бын осы атаумен «Парасат биігі» деп атадық. Себебі адам пара­сатты болып тумайды. Өсе келе, жүре бара қалыптасады. Кез келген биікке жету үшін етектегі сай мен шұңқырдан, төскейдегі жыра-жықпылдан, қия-қырқадан өту керек. Бейсен ағамыз да парасат биігіне жетер жолда талайды өткерді, талай мінезді көрді, жақсыдан тәлім алып, өнеге жиды, жаманнан жиренді. Бұл кітап сол жолдан аз да болсын мағлұмат береді. Сонау тоқсаныншы жылдары «Спорт» газетінде жарияланған мақала-репортаждары, азамат болып қалыптасқан тұста қағазға түсірген ой-толғамдары, әр жылдары баспасөз бетінде жарияланған сұх­баттары топтастырылды, - дейді тағы Бейсен Құранбектің ізба­­сары, жазушы-журналист Есбо­лат Айдабосын.