Кәсіпкерлер бизнесті тексеруге мораторийді осылай бағалауда
Берілген мүмкіндікті кеңінен пайдалан
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингке Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев қатысты. Брифингте сөз алған А.Перуашев: «Парламентте бизнес мүдделерін қорғайтын «Ақ жол» партиясы Мемлекет басшысының 2014 жылдың 27 ақпанындағы Кәсіпкерлерді қолдау туралы Жарлығына сәйкес, қомақты шараларды белгілегені үшін ерекше ризашылығымызды білдіреміз. Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап кәсіпкерліктің қалыптасуы мен бизнес өкілдерін толғандырып жүрген мәселелерге зор көңіл бөліп келеді. Ал бүгінде кәсіпкерлік саласы мемлекеттің экономикалық саясатында маңызды факторға айналды. Қазіргі таңда тек қана шағын және орта бизнесте 1 млн.-ға тарта кәсіпкер жұмыс істейді, олардың күшімен 3 млн.-ға тарта жаңа жұмыс орны ашылды», деді. Осылай дей келе, ол Мемлекет басшысының 2014 жылдың 2 сәуірінен бастап 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге жариялаған мораторий кәсіпкерлердің заң алдындағы жауапкершіліктерін алып тастамайтынын, керісінше, бұл шара қазіргі қолданылып жүрген бақылау нормаларын тоқтататындығымен құнды екенін атап өтті. «Сонымен қатар, бұл мораторий – қателікті кешіру емес екенін де түсінуіміз керек. Бизнестен өз міндетін орындау жөніндегі жауапкершілік, оның ішінде бюджетке салық төлеу, тұтынушылар мүддесін сақтау және жалпы алғанда, заң ережелері мен нормаларына сай жұмыс істеу жауапкершілігі алынып тасталмайды», деді бұл орайда А. Перуашев. Оның айтуынша, мұндай мораторийлер 2003, 2008 жылдары және 2009 жылдың ортасына дейін болған. «Бұл мораторийлердің маңызы өте жоғары болды, себебі, олар экономиканың турбулентті жағдайынан өтуге және ағымдағы мәселелер түйінін шешуге мүмкіндік берді. Сондықтан да, қазіргі шешім де Президент Назарбаевтың бизнесті қолдауға және оны дамытуға жаңа серпін беруге, отандық бизнесті жаңа белестерге көтеруге деген ұмтылысынан туындап отыр», деді депутат. «Ақ жол» партиясының жетекшісі мораторий кезеңінде кәсіпкерлердің қызметін үйлестіретін жаңа құқықтық базаға қол жеткізу қажет деген ойымен де бөлісті. «Мен бұл ретте 2008 жылдың тәжірибесінен мысал келтіре аламын. 2008 жылы мораторий жарияланған кезде сәйкес түзетулер мен өзгерістер енгізу, жеке кәсіпкерлік туралы заңның жаңа редакциясын қабылдау туралы тапсырма міндеттелген болатын. Тапсырма ақпан айында берілді. «Атамекен» палатасы өз ұсыныстарының жобасын мамыр айында қарауға енгізсе, уәкілетті орган – сол кездегі Индустрия және сауда министрлігі түзету енгізілуі тиіс заңдардың тізбесін қыркүйек айында бір-ақ таныстырды. Ал бұл тізімді кәсіпкерлер наурыз айында өздері ұсынған болатын», деді депутат өз сөзінде. А.Перуашевтің айтуынша, көп нәрсе қолданыстағы заңнаманы талдау мәселесі бойынша Үкіметтің Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен қаншалықты үйлесімді жұмыс істей алатындығына байланысты болмақ. «Егер бұл мәселеге толықтай мүдделі болсақ, берілген мерзімнің ішінде үлгереміз деп ойлаймыз. Ал егер Үкімет аталған мерзімде бұл міндеттің үдесінен шыға алмаса, яғни Президенттің тапсырмасын орындай алмаса, мен өзім мораторий мерзімін ұзарту туралы өтініш жасаймын. Себебі, мораторийден біз мезгілінде ғана шығып қоймай, кәсіпкерлердің қызметін реттейтін жаңа құқықтық базамен шығуымыз керек», деп түйіндеді өз сөзін А.Перуашев. Сондай-ақ, А.Перуашев бизнес-омбудсменді Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұсынысы бойынша Мемлекет басшысы тағайындауы керектігіне, бұл халықаралық тәжірибе және отандық жағдай ескерілгендіктен айтылып отырғанына тоқталды. «Демек, осы халықаралық тәжірибені және отандық жағдайды ескере отырып, палатаның ұсынысы бойынша бизнес-омбудсменді Президенттің тағайындауы ең тиімді шара деп ойлаймын. Ал бизнес-омбудсменнің жұмысын ұйымдастыру міндеті Ұлттық кәсіпкерлік палатаға жүктелуі тиіс. Бұл – өте маңызды мәселе. Себебі, бизнес-омбудсменді кәсіпкерлер палатасы тағайындаса, мемлекеттік органдармен арада орын алатын дау-дамайларды шешудегі олардың функцияларының тиімділігі төмендеуі мүмкін», деп түсіндірді бұл мәселені депутат. Брифинг барысында А. Перуашев шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жариялау кезеңін барынша нәтижелі пайдалану керектігін де тілген тиек етті. «Яғни, шағын және орта бизнес субъектілеріне салынған мораторийдің күшін Үкімет үшін де, кәсіпкерлер үшін де барынша тиімді пайдаланған жөн. Президент мораторийді ең алдымен, қолданыстағы заңнаманы толық түгендеу үшін, кәсіпкерлердің қызметіне қатысты барлық заңдардың нормаларын кәсіпкерлік кодексіне шоғырландыру үшін енгізді», деді бұл орайда А.Перуашев. Оның пікірінше, кәсіпкерлер бұл уақытты өз істерін реттеуге және жаңа жобаларды іске асыруға, сондай-ақ, өз әлеуеттерін анықтауға жұмсаулары тиіс. «Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі, сонымен қатар, Елбасының мемлекеттік органдарға бизнестің дамуына кедергі болып отырған және кәсіпкерлік үшін өз өзектілігін жоғалтқан барлық заң актілерінің күштерін жоюды міндеттегенін айтты. «Мораторий мерзіміндегі Үкімет пен Ұлттық кәсіпкерлік палатасының басты міндеті де, міне, осы болмақ», деді А.Перуашев. Брифинг барысында ол прокуратура органдарында шағымдарды электронды түрде қабылдау жобасы енгізілгеннен бері Құқықтық статистика комитетіне 22 мыңнан астам кәсіпкер арыз түсіргенін айта келе, олардың ішінде өз құқығын білмей, тексерушілердің дегеніне көніп, айыппұл төлегендер мен мәселені өзгеше жолмен шешкендер де аз болмағанына тоқталды. «Мәселен, өткен жылдағы арыз-шағымдардың сандарын сараптай келе, кәсіпкерлердің 75 пайызының заңды құқықтары бұзылғаны туралы дерек-дәйектердің жеткілікті екеніне көз жеткіздік. Осы жағынан алғанда да мораторийдің жарияланғаны дұрыс болды. Демек, бұл аралықта еліміздегі кәсіп иелері де өз шаруаларының бағыт-бағдарын мейлінше түзеп алғаны жөн», деді ол сөзінің қорытындысында. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».Бизнес тынысын ашады
Шыны керек, өз ісіңді ашып, шағын және орта бизнеспен айналысу оңай шаруа емес. Алайда, қазір оңай емес деп екі қолыңды қусырып отыруға да болмайды. Тырбанып еңбек еткеннің ғана тұрмысы түзелетінін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Оның үстіне үкіметтік деңгейде кәсіпкерлікті дамытуға қолдау жасалып, орта және шағын бизнесті дамытудың сан алуан жолдары да ұсынылуда. Мемлекет басшысы кәсіпкерлікке кедергі келтіретін мәселелерді ұдайы өзі қадағалап, оларды болдырмауға бағыт-бағдар беріп келеді. Соның нақты бір мысалы, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың кәсіпкерлерді қолдау туралы күні кешегі мәлімдемесі деу орынды болмақ. Мәлімдемеден үстіміздегі жылғы 2 сәуірден бастап, 2015 жылдың қаңтарына дейін шағын және орта бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге мораторий жарияланғанымен танысқанда Елбасының сөзі мен ісінде сабақтастық жататынына тағы бір көзіміз жетті. Бұл шағын және орта бизнес өкілдерінің бойында болашаққа деген сенімділікті нығайтты. Мұны кәсіпкерлерді талпынып жұмыс істеуге талаптандыратын қадам деу орынды. Жоспарлы-жоспарсыз тексерулер кәсіпкерге қолбайлау болады, іске деген құлшынысын кемітіп, жігерін жасытады. Біз негізінен тігіншілікпен айналысамыз. Көрпе, жастық, басқа да бұйымдар тігеміз. Тігін цехында он тігінші, сауда орындарында он адам еңбек етеді. Осыншама адамды жұмыспен қамтып отырғанымызға, бизнес ортада өз орнымыз бар екеніне қарамастан тексерістің құрығынан біз де құтыла алмаймыз. Кейде аяқасты кедергілер де кездесе кетеді. Тексеруші органдар әлі де көп. Осындайда қалыптасқан, сенімге кірген кәсіпкерлік субъектілерін таусылып бітпес, тексерудің қаншалықты қажеті бар деп ойлайтынмын. Осы мораторий бұл ойымды дөп басты. Сондай-ақ, маған Елбасы мәлімдемесіндегі «егер кәсіпкер заңның барлық талаптарын орындайтын болса, тексеруші органдар оған мүлде бармауға тиіс!» деген пікірі ұнады. Сайып келгенде өзін сыйлайтын кәсіпкер ешқандай көзбояушылыққа, заң бұзушылыққа жол бермеуге тырысады. Ал, заң талаптарын бұзғандарға әрине, кешірім болмауы тиіс. Оларды айрықша қадағалап отыру қажет. Ең бастысы, жоспарлы тексерістерден бас тартылатын болды. Яғни, бұл мәлімдеме кәсіпкерліктің дамуына өзіндік серпін береді деп ойлаймын. Тексере бергеннен жұмыс өнбейді, уақыт зая кетеді. Әрине, «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дегендей осы еркіндікті пайдаланып қалуға тырысатындардың алдын алу керек. Оның түрлі жолдары бар. Жергілікті жерде заңды бұзу ықтималдылығы жоғары кәсіпкерлердің мониторингін жүргізу қажет. Жалпы, бұл мораторий кәсіпкерліктің тынысын кеңейте түсті. Қазір кәсіпкерлер де заңды айналып өтуге болмайтынын, талапты орындаудың қажеттігін түсініп келеді. Дегенмен, тексеруге мораторий жариялануы өз ісімді ашсам ба деп жүрген біраз адамға қанат бітірері сөзсіз. Мұның өзі жаңадан қатарға қосылған кәсіпкердің тұғырын бекітіп, буынын қатайтып алуына берілген мол мүмкіндік те. Енді кәсіпкерлер қатары көбейіп, жұмыс істеп жатқандары алаңсыз әрекеттенетін болады. Айтолық МУСИНА, «Мусина» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі. Ақтөбе.Кедергісіз даму кепілі
Елбасының кәсіпкерлерді қолдау туралы мәлімдемесі көңілімді қозғап, қолыма қалам алуыма әсер етті. Сонымен... Әр адамның көңілі құлаған, жүрегі қалаған сүйікті ісі болады. Әсіресе, азат ойын жүзеге асыруға асығатын қазақ қыздары сүйікті ісіне келгенде барлық қабілет қақпаларын ашып, қиялындағы ғажайыптарын көрсетуге өте құштар. Әттеген-айы, көп қыздардың ынтызар кәсібін игеруге көлденең келіп, үлкендік көрсетіп, кедергі жасайтындар бар. Сондағы айтатындары: ол кәсіп саған лайық емес. Сен деген, елдегі ең үлкен университетте оқып, жоғарыда ақсаусақ болып жүретін жансың дейді. Мен өзім үлкендер мен құрбы-құрдастардың бұл сықылды жел сөзіне ермедім. Орта мектепті тәмамдаған бойда жас күнімнен жаныма серік қылған, тіпті жүрек қалауынша ләззат алған сүйікті ісіме кірісіп кеттім. Тиынды тиынға қосып, азын-аулақ ақшаның басын құрап, өз кәсібімді ашуға талпындым. Еңбегім далаға кетпеді. Жас кезімнен өз бауырларым мен көрші-қолаңның балаларының шаштарын әртүрлі етіп қиып шеберленген қолдарым кәдуілгі шаштаразға барғанда ұятқа қалдырмады. Әп дегеннен, алдыма отырғызған балапанның шашын айтқанындай етіп қысқартып, тегістеп, сылап бере қойдым. Қалжама қарап, қоңырайып тұрған қағылез қожайын «қабілетің бар екен» деп қаңғалақтап қалды. Жаратылысым қыз болса да, қолымды жайып жіберіп: ендеше, батаңызды беріңіз, деп шын өтіндім. Сол сәттен бастап кәсіби шаштараздың қызметіне кірістім. Басым бос, уақытым өз билігімде тұрған кезде жұмысқа ерте барып, кеш қайттым. Ұлық шебердің әр қимылын қалт жібермей бағып жүрдім. Күннен күнге шеберлігім шыңдалып, тәжірибем өсті. Бірте-бірте қызметімізді тұтынушылардың риза көңілі мен алғысына кенеле бастадым. Бұл мәртебелер менің мерейімді тасытып, талабымды тас-түйін етті. Өз кәсібімді ашсам деген тілегім мен ниетімнің жұлдызы жарқырай түсті. Сөйтіп, жаңа ізденіс жолына түстім. «Іздеген жетер мұратқа» демекші, шаштараздыққа оқытып дайындайтын курс туралы жарнаманы көзім шалды. Көп ойланбастан құжаттарымды әзірлеп, Қазалыдан Қызылорда қайдасың деп тартып кеттім. Біреуден кейін, біреуден ілгері кешіп келе жатқан ғұмыр бар. Аттай он екі жыл бұрын, талаптың таң асырған тұлпарына мініп, жұбайым Ғалымжан екеуміз Астанаға келдік. Тағдырымызға ризамыз. Үш перзентімізді елордасында тәрбиелеп өсірдік. Үлкеніміз көрші Ресейдің мықты бір оқу орнында білім алып жүр. Одан кейінгілері де Астана мектебінде жақсы оқып жатыр. Осы күнге дейін шаштараз ашып, кәсіп қылдық. Адал еңбегіміздің жемісін көріп келеміз. Негізі, жеке кәсіпкерлерге қатысты іс-шаралар мен заң-қаулыларға назар салып, қоғамдағы әрбір тың жаңалыққа құлағымыз түрік жүреді. Мемлекет басшысының еңбек адамдарына көрсеткен жолы мен Үкіметке жүктеген ізгі тапсырмалары көңілімізден шықты. Ойлана келіп, тағы кәсіптің игілігін көруге бел будық. Содан таяуда, арғы-бергі табысты екшеп, атын дардай етпей-ақ қарапайым асхана аштық. Осы ісімізге дем берген Елбасына рахмет. Өйткені, бұл кәсібіміз де қанағаттанарлық табыс әкеле бастады. Ал енді Елбасының мына мәлімдемесінен кейін әрекетімізді бұдан да ширатып, кәсібімізді бұрынғыдан әлдеқайда кеңейте түсуге бел байлауымыз бек мүмкін. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, дәл қазір Қазақстанда ұшамын деген қанатқа дүние кең болып тұр!Күнсұлу ТҰРДИЕВА. АСТАНА.Бұл – бізге де көрсетілген сенім
Елбасымыз экономикамыздың өсуіне, жұмыс орындарының көбеюіне, отандастарымыздың әл-ауқатының артуына серпін береді деп сенім арта отырып, ел кәсіпкерлерін қолдауға байланысты жариялаған мораторий «бір терінің пұшпағын илеп жүрген» азаматтар арасында тың серпіліс тудырғаны ақиқат. Біз ғана емес, кәсіпкерлікті жолға қоюға ойланып жүрген жандардың түбегейлі шешім қабылдауына мүмкіндік берген секілді. Ешкім де бейжай, сырт қалған жоқ. Өйткені, кәсіпкерлікке кең қолдау көрсетудің нәтижесі ел экономикасының тынысын ашу деп түсіну керек. Бастаған істі дамытып, оған қоса экономиканың әртараптануына біздің де шама-шарқымызша үлес қосуымызға септігіміз тимек. Рас, еліміздегі кәсіпкерліктің адымын аштырмай отырған негізсіз тексерістердің тоқтатылатынын қуана қабылдадық. Дегенмен, заң алдында ары таза кез келген кәсіпкер тексеріс мүлдем болмасын демейді. Техникалық, санэпидемиологиялық, еңбек қауіпсіздігі тексерістерінсіз іс жүргізу мүмкін емес. Тексеріс керек, бірақ «шаш ал десе, бас алатын» артық тексерудің қажеті жоқ. Дамыған мемлекеттердің экономикасында ойып орын алатын шағын және орта бизнес өкілдерінде мемлекеттік тексеріс жүйелі, орнымен, өркениетті жолға қойылған. Ал бізде, жасыратыны жоқ, тексерудің бір ұшы параға негізделіп жатады. Мораторий мәнісі – жемқорлыққа тұсау салады, істі дамытуда кедергі келтіретін элементтерден арылтады деген ойдамын. Біздің жұмыс жүргізуімізді жеңілдетіп, мемлекет қолдауын терең сезінуге сенім күшейді. Әрине, елімізде шағын және орта бизнес өкілдері көбінесе қызмет көрсету саласында жұмыс жүргізеді. Мораторийде көрсетілген мерзім бір есептен, бізге, шағын және орта бизнес өкілдеріне деген жауапкершілікті де арттыра түседі. Өйткені, осы мерзім ішінде мемлекет тарапынан өзімізге артылған сенімді біздің қаншалықты ақтап шығатынымыз да сынға түседі. Бизнес жүргізу үшін ынта аз, оған қолдау көрсетілмесе тынысы ашылмайды. Сондықтан Елбасы жариялаған мораторий қоғамда оң серпіліс туғызды. Тек оны өзімізге де, қоғамға да пайдалы тұрғыда жарата білсек болғаны. Нұрахан ШҰҢҒЫЛОВ, «Ақбота» шаруа қожалығының жетекшісі. Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы.Серпін алатын болады
«Еңбек етсең емерсің» деген даналықты берік ұстанып, Алматы облысы, Сарқан ауданында шағын көлде балық өсірумен кәсіпкерлік жұмысқа кіріскен едім. Кәсібіме адал бола білгендіктен біртіндеп жемісін көре бастадым. Бүгінде Талдықорған қаласынан «Қаратал» атты кафе ашып, шағын және орта бизнестің дамуына өзіндік үлесімді қосудамын. Уақыт талабына сай заңнама шеңберінде ашқан демалыс орнының халыққа көрсетіп жатқан қызметі өз алдына. Онымен шектеліп қалмай, Талдықорғандағы «Атамекен» атты кәсіпкерлер одағының төрағасы болып та еңбек етудемін. Қарамағымда 20-дан астам адам еңбек етеді. Міне, осындай тәжірибем болғандықтан, Елбасының кәсіпкерлер жұмысын тексеруге 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін мораторий жариялағанына шын қуана отырып айтарым, Мемлекет басшысының Жарлығы дер кезінде жарияланды, енді сол құзырлы құжаттың пайдасын ел кәсіпкерлері көріп, алғыстарын ағытқан үстіне ағыта беретініне сенемін. Өйткені, сол игілікті көретін кәсіпкердің бірі өзіммін. Шыны керек, тексерудің де тексеруі бар ғой. Енді ел экономикасы, әсіресе, шағын және орта бизнес тың серпін алып, оның пайдасын қарапайым халық молынан көретін болды. Қайрат ДҮЗГЕНБАЕВ, кәсіпкер. Алматы облысы.