05 Наурыз, 2014

Архитектуралық тұжырымдама таныстырылды

393 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Астана ЭКСПО-2017» архитектуралық жобасы тұжырымдамасы­ның тұсаукесеріне арналған брифинг болып өтті. Оған Қоршаған орта және су ресурстары министрі, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Қаппаров, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасы төрағасының құрылыс және архитектура жөніндегі орынбасары Бекжан Көлбаев, Adrian Smith+Gordon Gill Architecture архитектуралық компаниясының серіктесі Роберт Форест қатысты. Баспасөз мәслихатын кіріспе сөзбен ашқан Нұрлан Қаппаровтың айтуынша, 2017 жылы елордада өткізілгелі отырған Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттер аумағындағы халықаралық дәрежедегі осындай алғашқы ауқымды шара болып табылады. 28 ақпанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО-2017 архитектуралық кешені тұжырымдамасын бекіткен болатын. Сондай-ақ, өткен аптада Халықаралық мамандандырылған көрме нысандарының бас жоспары мен негізгі архитектуралық жоспарлау шешімдері Үкімет мүшелеріне, Астана әкімдігіне, барлық мемлекеттік органдар қызметкерлеріне, Астана қаласының ішкі істер департаменті мен төтенше жағдайлар департаментіне жан-жақты таныстырылды. Қоршаған орта және су ресурстары министрі атап көрсеткендей, 175 гектар аумақта бой көтеретін көрме қалашығы бүкіл әлемге болашақтың қаласы қалай салынатындығының үлгісі болмақ. Бүгінде жер шарын 7 миллиард адам мекендесе, оның 50 пайыздан астамы қалада қоныстанған. Осыған байланысты қазірдің өзінде энергетикалық, экологиялық проблемалар туындауда. Ал «Астана ЭКСПО-2017» көрме қалашығы толықтай «жасыл» технология бойынша жүзеге асырылатын болады. Көрме қалашығының нысандары түгелдей дерлік жаңғырмалы электр энергиясымен қамтамасыз етіледі. Күн, жел және басқа жаңғырмалы энергетика көздерінен алынған электр энергиясы белгілі бір жерде жинақталып, екінші бір нысандарға берілетін болады. Жинақталған энергия қаланың басқа да нысандарын электр қуатымен жабдықтауға жұмсалады. ЭКСПО-2017 көрме қала­шы­ғында «Ақылды электр желісі», «Ақылды күл-қоқыс» технология­лары жұмыс істейді. Мәселен, «Ақылды электр желісі» техно­логиясы бойынша 1 нысанда өн­дірілген электр энергиясы екінші нысанға беріліп отырады. «Ақылды күл-қоқыс» технология­сы бойынша, арнаулы вакуум әрбір ғимараттың күл-қоқыстарын сорып алып, күл-қоқыс өңдейтін зауытқа жөнелтеді. Жаңадан салынатын бұл зауыт та керемет технология бойынша жұмыс істейді. Нұрлан Қаппаровтың айтуынша, күл-қоқыс өңдейтін зауытта ешқандай иіс болмайды. Сонымен бірге, осы күл-қоқыс өңдейтін зауытта су тазалау үрдістері іс жүзіне асырылатын болады. Тазартылған су қайтадан қала ғимараттарының пайдалануы үшін берілетін болады. ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесі өткеннен кейін көрме қалашығы елордадағы ең қолайлы аудандардың бірі болмақ. Мұнда салынатын тұрғын үйлер бүгінгі заманның озық технологияларына негізделеді. Көрме қалашығында барлығы 1 миллион шаршы метр тұрғын үй құрылысы бой көтереді, дейді Нұрлан Қаппаров. Бекжан Көлбаев пен Роберт Форест негізгі архитектуралық жос­парлау мәселелеріне тоқталды. Олардың айтуынша, жобалаушы компания Халықаралық көрмелер бюросының көрме нысандарының құрылысы бойынша барлық талаптарын ескерді. Adrian Smith+Gordon Gill Architecture компаниясының архитекторлары Астананың Бас жоспарына байланысты шеберлік жоспарына толықтырулар енгізді, бұған инфрақұрылымдық нысандарды көрмеден кейін пайдалану үшін қажеттіліктердің барлығы қарастырылды. «Эстетикалық сапа мен инновациялық дизайннен басқа көрме кешені астананың архитектуралық келбетіне сай келеді. Ол туристер үшін тартымды, экономикалық тұрғыдан ұтымды және энергия­ны үнемдеу жағынан тиімді, бас­тысы – көрменің тақырыбын толығымен көрсететіндігі», деп атап өтті Б.Көлбаев. Оның айтуынша, көрме қалашығы құрылыс нысандарын салуға 10 мыңнан астам құрылысшылар қатысуы мүмкін. Қалашықты тұрғызатын құрылысшылардың 70 пайызы қазақстандықтар болмақ. Қазіргі уақытта ЭКСПО-2017 көрме кешені тұрғызылатын аумақта инженерлік-геологиялық жұмыстар жүргізілуде. Құрылыс ағымдағы жылдың мамыр айында басталады деп жоспарланды. Бірінші кезекте көрменің бас­ты нысаны жалпы диаметрі 80 метр шар түрінде келген сфера – «Қазақстан-Астана» павильоны бой көтеретін болады. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».