– Наир мырза, бүгінде «АрселорМиттал Теміртау» ірі тау-кен металлургия компаниясы саналады, 26 жыл бұрын кәсіпорынның еліміздегі қызметі қалай басталды?
– Өздеріңіз білетіндей, 1991-1995 жылдар аралығында ел бойынша жағдай өте күрделі болды. Өнеркәсіптік кәсіпорындар бірінен соң бірі жабылды, инженерлік-техникалық кадрлар бұл жерден перспективалар көрмей, жаппай шетелге кетіп жатты. Теміртау қаласындағы ірі металлургиялық комбинат та толық тоқтауға жақын болды, қызметкерлерге ұзақ уақыт бойы жалақы төленбеді, ал қаланың өзінде жылу да болған жоқ.
Қазақстандықтар экономиканың тұрақтануы мен жаңғыруын елдің Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың есімімен байланыстырады. Қазақстан Магниткасын және Қарағанды көмір шахталарын сақтау мен қайта жаңғырту да Елбасының жеке қатысуымен жүзеге асты. Жас тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуында Тұңғыш Президенттің шетелдік сапарлары, соның аясында шетелдердің басшыларымен жеке байланыстары және жетекші экономикалық алыптармен табысты келіссөздері шешуші рөл атқарды.
1995 жылғы қараша айында NLM тобы (кейіннен ArcelorMittal тобына айналған) Қазақстандағы ірі металлургиялық кәсіпорынның активтерін сатып алып, 800 млн доллар инвестициялады, оның басым бөлігін кәсіпорынды техникалық қайта жарақтандыруға жұмсады. Лакшми Н.Миттал бастаған топ басшылығы ел мен өңірдің одан әрі экономикалық дамуының үлкен перспективалары бар және оған кәсіпорын да өз үлесін қоса алады деп сенді.
Н.Назарбаев қарапайым жұмысшылар арасында әрдайым беделді болды. Әріптестердің айтуынша, бірнеше ай бойы қарызға жұмыс істеген зауыт жұмысшыларының сеніміне ие болу өте қиын еді. Ол жұмысшыларды шетелдік инвестордың ниеті түзу және ұзақ уақыт бойы жұмыс істеуге дайын екендігіне сендірді.
Кәсіпорында тындырылған бірінші іс – жалақы төленді. Содан кейін суық илектеу цехында металл өңдеу желісі және дайын өнімді орау учаскесі қайта құрылды. Зауытта екі ыстық мырыштау және металл жолақты алюминий мырыштау желілері салынды.
Сол кезде өндірістік қана емес, бүкіл қаланың проблемалары да шешілді. Жұмысшылардың еңбек жағдайларымен қатар, өмір сүру жағдайларын да жақсарту керек еді. Металлургия комбинатының ЖЭО-2 Теміртау тұрғындарын жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз ете бастады, ал ҚарГРЭС-ке осы функцияларды қаланың ескі бөлігінде ғана атқару жүктелді.
2005 жылы екі үздіксіз қаңылтыр құю машинасын іске қосқан соң зауыттың алдынан жаңа мүмкіндіктер ашылды. №2, 3 және 4 домна пештерінде 2-ші разрядты күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Маркетинг саласындағы жұмыс та жаңа деңгейге шықты – өткізу нарығын қайтадан игеруге тура келді.
Содан бері 26 жыл өтті. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы әуелден республикадағы жұмысын қарқынды бастап, әлі де Қазақстанның қара металлургиясының флагманы болып келеді.
– Сіз маңызды аспекті – компанияның қала өміріне ықпалын айтып өттіңіз, бүгінде «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының әлеуметтік маңызы қандай?
– Бұл Теміртау қаласына ғана қатысты емес. 30 мыңнан астам адам еңбек ететін компания кәсіпорындары 8 моноқалада қала құраушы болып саналады, 180 мыңнан астам тұрғынды коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етеді.
2019 және 2020 жылдары қалалардың инфрақұрылымына салынған инвестиция 1,3 млрд теңгені; денсаулық сақтау мен қауіпсіздікке, экологиялық қоғамдастықты дамытуға және әлеуметтік іс-шараларға салынған инвестиция 1,9 млрд теңгені құрады. Ал өндірістің қоршаған ортаға әсерін азайтуға аталған кезеңде 30,8 млрд теңге бағытталды.
Компанияның өңірдегі әлеуметтік жобаларының жалпы құны 1,1 млрд теңгені құрады. Теміртауда заманауи емхана мен дене шынықтыру-сауықтыру орталығын салдық. Қазір балабақша құрылысы жүргізіліп жатыр.
Біз әрқашан әлеуметтік жауапты компания болдық. Соңғы уақытта осы бағыттағы белсенділігіміз арта түсті. Қарағанды облысының әкімдігімен ынтымақтастық жөніндегі бірқатар меморандум жасалды. Оның ішінде 800 млн теңгеден астам сомаға оқу орындарын қолдау және 250 млн теңгеден астам сомаға Шахтинск қаласындағы Мәдениет және демалыс саябағын қайта жаңарту бар. Тұрақты жобаларға келсек, компания балансында балалар-жасөспірімдер орталығы, «Миттал» спорт кешені, «Самал» санаторий-профилакториі, қазақ мәдени орталығы, «Шахтер» теннис орталығы, «Романтик» балалар лагері, «Факел» балалар лагері бар.
Компания қызметкерлері мен олардың отбасыларының лайықты өмір сүруі біз үшін маңызды. 2020-2021 жылдары адами капиталға, әлеуметтік саясатқа, қызметкерлерді қолдауға және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 47,6 млрд теңгеден асты.
– Пандемиямен күрес, жұмысшыларды қолдау шаралары қалай жүргізілуде?
– Кәсіпорындарда COVID-19-дан барынша қорғалған еңбек жағдайларын жасау бойынша шаралар қабылданды. Компания бірден әлеуметтік осал топтарға арналған бірнеше жобаны іске қосты. Адамдар көп жиналатын жерлерде жұмысшылардың болуын азайту үшін автобустар ұйымдастырылды, олар металлургтер мен шахтерлерді барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаға сәйкес жұмысқа және үйге апарды. Сондай-ақ қорғаныс маскалары тапшы болған кезде компания күшімен 330 мыңнан астам қорғаныс құралы тігілді.
Вакциналау басталған кезде, тікелей кәсіпорындардың денсаулық сақтау пункттерінде егу бөлмелері ұйымдастырылды. Бұл ұжымды вакциналаумен барынша қамтуға мүмкіндік берді. Қызметкерлерді өздерінің және басқалардың қауіпсіздігі туралы ойлауға және егілуге ынталандыру үшін вакциналаудың толық курсынан өткендерге сыйақы бердік. Сонымен қатар олардың арасында үш автомобиль ойнатылды. Бұл көліктерді қарапайым жұмысшылар: слесарь, шахтер және жүргізуші жеңіп алғаны қуантады. Жоғарыда аталған барлық іс-шаралар жақсы нәтиже берді – компания ұжымының 92%-дан астамы вакциналанды.
Сондай-ақ Қарағанды облысының медициналық мекемелеріне Pfizer-BioNTech вакциналарын сақтау және тасымалдау үшін 180 млн теңгеге жабдық сатып алып, көмек көрсеттік. Жалпы, КВИ-мен күреске 2,7 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды.
– Сіз компанияның әлеуметтік жобалары бойынша айтарлықтай көрсеткіштерге тоқталдыңыз, ал салыққа қатысты не айтасыз? «АрселорМиттал Теміртау» мемлекет қазынасына қанша қаражат төлейді?
– Жыл сайын «АрселорМиттал Теміртау» төлейтін салықтардың жалпы сомасы 60 млрд теңгеден асады. Алайда биыл мемлекеттік бюджетті 100 млрд теңгеден астам сомаға толықтыруды жоспарлап отырмыз.
– Қазіргі уақытта тұрақты даму мақсаттары, көміртегі ізін азайту және жалпы процестерді, технологияларды жетілдіру, экологиялық тұрғыдан таза болу – жай тренд қана емес, өмірлік қажеттілік. Компания осы бағытта қандай жұмыстар атқарып жатыр?
– «АрселорМитталдың» жаһандық мақсаты – әлдеқайда тиімді және энергияны аз пайдаланатын, көміртекті аз шығаратын инновациялық процестерді қолдана отырып жасалған болатпен жақсы әлем құруға көмектесу. «АрселорМиттал» әлемде 2050 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге және 2030 жылға қарай 25%-ға төмендетуді мақсат етіп отыр. Германия, Испания, Бельгия және Канададағы «АрселорМиттал» бөлімшелерінің ел Үкіметімен көміртегі ізін азайту бойынша күш-жігерін қолдау туралы келісімдері бар. Біз Қазақстан Үкіметімен осындай келісім жасаймыз деп үміттенеміз.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көміртектік бейтараптық сценарийі үшін алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуде мемлекеттің, бизнес пен жалпы қоғамның белсенді бірлескен күш-жігері қажет екенін бірнеше рет атап өтті. Оны табысты іске асыру 2030 жылғы мақсаттарға – 1990 жылғы деңгейге қарағанда шығарындыларды 15%-ға төмендетуге ғана емес, сондай-ақ 2060 жылға қарай парниктік газдардың нөлдік теңгеріміне де қол жеткізуге мүмкіндік береді. Біз «АрселорМиттал Теміртауда» күш-жігерімізді біріктіре отырып, көздеген нәтижелерге қол жеткізуге болатынына сенімдіміз.
– Қазіргі уақытта компания қандай маңызды экологиялық жобаларды жүзеге асыруда?
– Қазіргі кезде үш үлкен жоба белсенді іске асырылып жатыр. Оның басты мақсаты – қоршаған ортаға шығарылатын шығарындылар санын азайту. Біріншісі, бас корпусты қалпына келтіру және ЖЭО-2-де №7 қазандықты монтаждау. Бұл жобаның тағы бір маңызды әсері бар. Бұл қалаға ыстық су беруді және оның теңгерімді шығынын ұлғайту мүмкіндігі. Қазір алты қазандық жұмыс істеп тұр, дегенмен қолданыстағы қуаттар жеткіліксіз. Қоймаға қосалқы бөлшектер мен жабдықтардың 65%-ы әкелінді. Жұмысты 2022 жылдың наурыз айында аяқтау жоспарланған, содан кейін №7 қазандық пен оның барлық компоненттерін орнату қолға алынады. Жобаны 2023 жылғы қыркүйекте толық аяқтау көзделген. Қазіргі уақытта барлық жұмыс кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.
Бұдан басқа, екі өндірістік жоба «АрселорМиттал Теміртау» АҚ ЖЭО-ПВС-да іске асырылуда, яғни екі рет тазаланатын №1 қазандық пен биіктігі 150 метр, яғни бұрынғыдан 50 метр жоғары ЖЭО-ПВС түтін құбырын салу. Жұмыс кесте бойынша жүргізілуде және 2022 жылғы тамызда аяқтау жоспарланып отыр. Бұл жобалар экологиялық жағдайға және өңірдегі өмір сапасына айтарлықтай оң әсерін тигізеді.
– Фильтрлерді орнату – өзекті мәселе. Осы бағытта қандай жұмыс жүргізіледі?
– Фильтрлерді орнату – біздің экологиялық жоспарымыздың маңызды құрамдас бөлігі. Аглоөндірісте №5 агломашинада электр фильтрлерін орнату бойынша жүзеге асырылуда. Бұған дейін ескі тазарту жүйелері АГП-да – мультициклондар жұмыс істейтін, олардың тиімділігі шаң шығарудың рұқсат етілген көрсеткіштеріне қол жеткізуге мүмкіндік бермейтін. Бельгиялық Hamon фирмасының технологиясы бойынша жасалған жаңа электр фильтрі жұмыс орындарындағы шаңды азайтуға және атмосфераның ластану көрсеткіштерін жақсартуға ықпал етеді. Шаң шығарындылары бойынша күтілетін көрсеткіштер – 45-тен 50 мг/м3 дейін.
Бұдан басқа, біз әк күйдіру цехында электр фильтрлерін орнатуды, сондай-ақ күл-қоқыс жинағышты арттыру бойынша жобаны қолға алуды жоспарлап отырмыз.
2024 жылға қарай «АрселорМиттал Теміртау» АҚ кокс химөндірісінде кокс газын тазарту жобасын енгізеді. Бүгінде кокс батареяларынан шығатын газдың қоспалары бар. Қазіргі жабдық газды тиісті көлемде тазарта алмайды, бұл қоршаған ортаның ластануына ғана емес, сонымен қатар күнделікті пайдалану кезінде қауіпсіздік техникасына байланысты проблемаларға да алып келеді. Жобаның құны шамамен 135 млн долларды құрайды.
– Наир мырза, 2024 жыл – мұндай маңызды жоба үшін тым ұзақ емес пе?
– Біз өз тарапымыздан осындай жаһандық жобалардың барынша тез іске асырылуына бар күш-жігерімізді саламыз, бірақ барлық қажетті талаптар мен іске асыру кезеңдері міндетті түрде сақталуға тиіс. Мысалы, біз айтып отырған жоба үш кезеңге бөлінген. Біріншісі, жаңа салқындату қондырғыларын орнату және бастапқы газ салқындатқыштарды қалпына келтіру. Оны 2022 жылғы желтоқсанда аяқтау жоспарланған. Қазіргі уақытта ескі жабдықты демонтаждау жүргізілуде, оның орнына тиімді тазарту жүйелері орнатылады: комбинатта алғаш рет енгізілетін үш электр фильтрі, механикалық жарықтандырғыштар және центрифуга болмақ. Жаңа қондырғылар газ сапасын жақсартады және ауаның ластануын азайтады. Сонымен қатар жобаның бірінші кезеңінің ең қиын бөліктерінің бірі аяқталды – италиялық Paul Wurth компаниясының жаңа бастапқы газ салқындатқышы орнатылды. Ол зауытқа екі рет бөлек жеткізілді: контракцияның бірінші бөлігінің салмағы – 47 тонна, екіншісі – 40 тонна. Жабдықты орнату үшін 500 тонналық кран қолданылды.
Мұндай көлемдегі жұмыстар айтарлықтай дайындықты және уақытты қажет етеді.
– Егер сандар арқылы айтар болсақ, 2021 жылы эмиссиялар көлемі қаншаға азайтылды?
– Егер 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ, 2021 жылдың үшінші тоқсанында эмиссия көлемі 2 мың тоннаға төмендеді. Бұл ретте биыл өндірістің өскендігін ескеру қажет.
Біз алдымызға эмиссияны азайту ғана емес, Теміртауды көгалдандыру міндетін де қойып отырмыз. Компания «Жол картасын» орындау аясында қала аумағында 500 мың түп ағаш отырғызады. Жұмыс басталып кетті, комбинат аумағы көгалдандырылды, көктемде және күзде Теміртауда 11 мыңнан астам ағаш егіледі.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ өңірдің экологиялық жобаларына салған инвестицияларының жалпы көлемі 800 млн доллардан асады, бұл қаржы өзара түсіністік туралы меморандум бойынша «Жол картасы» шеңберіндегі инвестициялар көлемінен 140 млрд теңгеге артық. Осы іс-шаралардың барлығы өз нәтижесін беретініне сенімдімін. Өйткені біздің кәсіпорындар орналасқан қалалар компания үшін тек өндіріс орны ғана емес. Онда біздің жұмысшыларымыз тұрады. Компания басшылығы да тұрады, жұмыс істейді. Мен әрқашан компания – бұл бір үлкен отбасы деп айтамын және жауапты жұмыс берушілер ретінде адамдарға жұмыста ғана емес, өмірде де қолайлы жағдай жасау үшін бар күшімізді салуымыз керек деп санаймын.
Қазақстанда екі жылдан бері жұмыс істеп келемін. Бұл ел – менің екінші үйімдей. Бәріміз де үйіміздің жақсы және жайлы болғанын қалаймыз. Сондықтан басты міндетіміз – қауіпсіз және тұрақты өндіріс қана емес, ел азаматтарының өмірін жақсарту. Осы уақыт ішінде көп іс атқарылды, одан да артығын қолға алу керек. Қазақстандық Магнитка Тәуелсіз Қазақстанға салықтық төлемдер әкеліп қана қоймай, тұрғындардың әлеуметтік көңіл күйін жақсарту, жаңа технологиялар мен кәсіпқойлардың жаңа буынын тарту арқылы дамып, өркендеуге тиіс. «АрселорМиттал Теміртауда» бұл мақсат үшін бар күш-жігерімізді саламыз.
Әңгімелескен
Думан АНАШ,
«Egemen Qazaqstan»