Пікір • 10 Желтоқсан, 2021

Кемелдік қағидаты

383 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласында ел Тәуелсіздігінің отыз жылдығы қарсаңында туған халқымен бүкпесіз ой бөлісті.

Кемелдік қағидаты

Осының алдында ғана Nur Otan пар­тия­сының толық тізгінін ел Прези­денті­не ұсынған Елбасының бұл шешімін жұрт­шылық тегіс қолдаған еді. Өйткені соңғы кезде қазақ қана емес, бүкіл адам­зат бірқатар сын-қатерге тап болды. Соның ішінде екі жылға созылған, бүкіл әлемді алаңдатып отырған пандемия, экологиялық проблемалар мен жаһан­дық жылынудың теріс әсерінің күшеюі, әлемдік экономиканың өзгеруіне орай елдердің бәсекеге қабілеттігілінің төмен­деуі, геосаяси шиеленістің өршуі, сондай-ақ қоғамдық пікір мен құндылықтардың күрт өзгеруінен саяси алауыздықтың белең алуы күшейді.

Елбасының тәуелсіздік құрдастарына, яғни жастарға өмірде бағыт-бағдар бола­тын «Елдіктің жеті тұғыры» деп атал­ған қағидаттар жиынтығы да өте маңыз­ды. «Бұл – отыз жылдық белесті елмен бірге өткерген Елбасы ретіндегі менің жас ұрпаққа жолдар Үндеуім деп қабылдаңыздар» деп ағынан жарылды. Елбасының бұл қағидаттарын бұдан бұрын жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және бізге, қазақ­стандықтарға, өз тарихымызға жаңаша қарауға мүмкіндік алып берген «Ұлы дала­ның жеті қыры» деген өсиетнамалық мақалаларының жалғасы деп ойладым. Елбасы атап көрсеткен сын-қатерлерді және содан туындайтын қиындықтарды жеңу үшін еліміз, бүкіл қазақстандық мемлекеттің саясатын қолдап, Президент Қ.Тоқаевтың төңірегіне бірігуі қажет.

Философия мыңдаған жыл бойы адамдарға жақсылыққа бастайтын үлгілерді ұсынып келеді. Елбасы ұсынған қағидаттарды да әр кез есте ұстайтын үлгілер деп қабылдауға болады.

Елдіктің жеті тұғырының біріншісі – бәрі­міздің басты құндылығымыз – Тәуел­сіздік болғаны түсінікті. Елбасы осы орайда: «Әлемде көлемі жағынан тоғы­зыншы орын алатын байтақ атырапты ен­шілеу Жа­рат­қанның халқымызға бер­ген баға жет­пес несібесі деп білеміз» деді. Мах­мұд Қашқари: «Жаратушы жер ша­рын­­­да­ғы пенделеріне жерді бөліп бергенде түр­­кі­лерге ең шұрайлы, асты да, үсті де қазы­на-байлыққа толы жер берген» деп айтып еді.

Бүкіл әлем біздің елімізді татулық пен сыйластықтың, тыныштық пен тұрақ­­ты­лықтың Отаны деп біледі. Біз этнос­тық әралуандықты әлсіздігіміз емес, артық­шылығымыз ете алдық. Осы тұрғы­дан Елбасы ұсынған екінші тұғыр – бірлік пен келісімнің маңызы баршаға аян.

Елбасы бабалардан мұра боп бізге жеткен қасиетті жерімізді елдігіміздің үшінші тұғыры деп атапты. Жер – біздің басты байлығымыз, бүгінгі тілмен айтсақ, брендіміз. Н.Назарбаевтың көршілермен табандылықпен келіссөздер жүргізіп, еліміздің шекарасын шегендеп, құжат жүзінде бекіткені тәуелсіздігіміздің баян­ды болуына кепілдік берді. Сөйтіп, шекарамыз халықаралық деңгейде танылды. Енді оған ешкім дауласа алмайды.

Елбасы елдіктің төртінші тұғыры ре­тінде отбасы құндылығы мен ұлттық дәс­түрді атапты. Қазақ «Отан –  отбасынан бас­талады» дейді. Бабалардан келе жат­қан салт-дәстүр отбасын ұрпақ тәрбиесі­нің негізгі тетігі, халық құптайтын құн­ды­лық деп үйретеді. Қазіргі кезде, өкінішке қарай, отбасындағы тәрбие бұрынғыдай пәр­мен­ді емес. Қадыр ақын айтқандай, бала­ны кейде ана тәрбиелемей, дала тәр­биелеп, шеше тәрбиелемей, көше тәр­биелеп келе жатқаны – өкінерлік жағдай. Бүгінде жастар отбасын құруға жеңіл-желпі қарайтын секілді. Соның салдарынан үйленген жастардың жартысына жуығы көп ұзамай ажырасып жатыр. Бұл – ата-ана үшін, жастардың өздері үшін, қала берді, қоғам үшін трагедия емес пе?

Елдіктің бесінші тұғыры – халықтың рухани тірегі болып табылатын ұлттық мәдениет. Қазақ деген – болмысы ерекше, рухани-мәдени мұраларға бай халық. «Қазіргі таңда жаһандық бәсекеге қабі­летті болу үшін бірегей ұлттық мінез, асқақ рух керек» деп атап көрсетеді Ел­басы. Мінез де, рух та мәдениет арқы­лы қалыптасады.

Ғұлама жазушы Әбіш Кекілбаев: «Мәдениет – өмір сүрудің тәсілі мен тәжі­рибесі. Мәдениет адамды кісі тануға, ел тануға, жер тануға, сөз тануға үйретеді» деп еді. Қоғам дамуының деңгейі тек экономикамен, техникамен, технологиямен өлшенбейді. Сонымен бірге мәдениетімен өлшенеді. Бізде ертеден келе жатқан бай мәдени мұра бар. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сияқты эпостық жырлар, даналық пен түсініктің үлгісі болып табылатын қара өлеңдер, мақал-мәтелдер, мыңдаған ән мен күйлер, А.Янушкевичті, В.Радловты таңғалдырған шешендік сөздер, ақындар айтысы, озық тәлім-тәрбие тәжірибесі бар. Осы байлықты өзіміз игеріп, сонымен бірге өзге жұртқа таныстыруымыз, насихаттауымыз қажет.

Мәдениеттің рөлі туралы бір кездегі Шарль де Голльдің танымал жазушы Мальроға айтқан сөзін келтірейін: «Ай­налайын, елдің саяси жағын мен мойныма алайын. Мемлекет қауіпсіздігі туралы мен ойланайын. Дипломат та мен болайын. Сен Францияның мәдениетін құртып алмау жағына атсалыс. Басқа ел ең алдымен, Францияның мәдениетін, өнерін, әдебиетін сыйлайды. Егер мәдениетіміз­ді жойып алсақ, онда біз жай әншейін қатардағы бір елсымақ боламыз да қаламыз» депті.

Неміс философы И.Кант қай адамның да алдында тұратын мынадай сұрақтарды атап еді: «Мен не біле аламын? Мен не істеуім керек? Мен неге үміт арта аламын?» деген. Осы мәселелерді жан-жақ­ты қарастырған үш іргелі шығар­маларын жазды. Елбасы атап көрсеткен білім мен еңбек туралы алтыншы тұғыр Кант қойған сұрақтарды еске салады. Канттың «Мен неге үміт арта аламын?» деген үшінші сұрағына Елбасы Абайдың: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген даналық сөзімен жауап береді. Адамды адам ететін білім мен еңбек екенін түсінбейтін жан болмас.

АҚШ-та тиімділігі төмен деп, көпке дейін философияға көңіл бөлінбей келді. Тек ХХ ғасырдан бастап онда философия қарқынды дами бастады. Алғашқы америкалық философия «прагматизм» деп аталды. Бұл бағыт философияны нақты ғылымдар сияқты тікелей пайда келтіретін ілімге айналдырмақ болды. Адамды үнемшіл, пайдақор, homo economicus (экономичный человек) етіп тәрбиелеуге тырысты. Америка, шынында да, іскер адамдардың еліне айналды.

Қазіргі адамдар Гогольдің Плюшкині сияқты болмаса да, пайданың, табыстың, бәсекеде жеңіп шығудың жолдарын меңгеруі керек. Қалай десек те, жастардың бейқам, алаңғасар емес, прагматик болуы – бүгінгі заман талабы. Сондықтан Н.Назарбаевтың елдіктің жетінші тұғыры ретінде прагматизмді ұсынуын орынды деп есептеймін. «Біз қолда бар ресурс пен мүмкіндікті пайдалануға, нәтижелі жұмыс атқаруға және көздеген мақсатқа тиімді қол жеткізуге тырысуымыз керек» дегені көңілден шығады.

Қазір идеология деген сөзді көп есті­мейміз. Қай жерде де қоғам идеология­сыз өмір сүретін жағдайға әлі жеткен жоқ. Тәуелсіз Қазақстанның идеология­сы, менің ойымша, билердің ұлағатты сөздері, Абай мен Шәкәрімнің, Алаш арыстарының рухани мұрасы, Елбасы Н.Назарбаевтың, Президент Қ.Тоқаевтың бағдарламалық мақалалары болуы керек. Мұндай идеологиядан әркім өзіне керек үлгі, нұсқау таба алады.

«Тәуелсіздік те бақыт сияқты, бағала­ған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақ­тайды» дейді Елбасы. Қазақ­стан сияқ­ты алып елді экономикасы тоқы­ра­ған, елдегі он адамның алтауы өзге ұлт болған жағдайда қабылдап алып, қой үсті­не бозторғай жұмыртқалаған заман­ға жет­кізген тұлғаның жүрегін жарып шыққан асыл сөз. Бүгінгі күннің афоризмі осы.

 

Тілекжан РЫСҚАЛИЕВ,

философия ғылымдарының

докторы, профессор

Батыс Қазақстан облысы