Тәуелсіздік • 10 Желтоқсан, 2021

Президент ауысса да, Тәуелсіздік мәңгілік!

224 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлы түркі жұртының ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше күн бұрын «Тәуелсіздік тағылымы» деп аталатын өте маңызды мақаласын халық назарына ұсынды. Оның бұған дейін «Ұлы даланың жеті қыры» сынды мақалалары жарияланғанын білеміз.

Президент ауысса да, Тәуелсіздік мәңгілік!

Бәріміз білетіндей, Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы наурызда Мемлекет басшысы қызметінен, өткен айда Nur Otan партиясының Төрағалығынан өз еркімен бас тартып, бұл міндетті қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды. Бұл туралы өзі былай дейді: «Диірменнің тасындай дөңгеленген дүние» бір орнында тұрмайтыны белгілі. Президент ауысады, бірақ Тәуелсіздік мәңгілік болуы керек. Әр қазақстандық алдағы уақытта оның тұғырын нықтап, еңсесін тіктеп, абыройын асыруға қызмет етуге тиіс. «Мәңгілік Ел» идеясының түпкі мақсаты осында. Ең бастысы – еліміз аман, ұрпағымыз азат. Біз алақанға салып өсірген сол азат ұрпақ ендігі жерде «Мен Қазақстаныма не беремін?» дегенді ойлауы керек».

Әлі де жас саналатын Қазақстан – бүгінде әлемнің ең дамыған 40 елінің бірі және бұған қол жеткізу үшін елін сүю маңызды.

Н.Назар­баев бұл мақалада қазақ халқы түркі әлемінің бір бөлігі деген ойын келесі сөздерімен бекіте түседі: «Арғы­да сақ, ғұн бабаларымыз, беріде қаһар­ман түрік аталарымыз аласапы­ран замандардағы алақұйын дауыл­дарға төтеп беріп, Ұлы далада ұлық ұлыс құрды. Талай жұрт алапат соғыс­тар мен арпалысқан айқастарда үде­ре көшіп, бордай тозып, тастай үгі­ліп, құмдай шайылып кеткен замандарда қазақтар түрік жұртының ата қонысын, қара шаңырағын сақтап қалды», деді Н.Назарбаев.

Елбасы мақаласында КСРО-дағы экономикалық дағдарысты келесідей мысал­мен келтіреді: «КСРО-да бол­ған алғашқы демократиялық сайлау­дың нәтижесінде іріктелген халық де­пу­таттарының І съезі 1989 жылдың мамыр-маусым айларында өтті. Бұл кезде мен Республика Министрлер Кеңесі төрағасы болатынмын. Алып одақ экономикасында орын алған мүшкіл жағдайды ашық айтуға тура келді. Кремльдің Съездер сарайының трибунасынан мамырда сөйлеген сөзімді қаз-қалпында келтірер болсақ, онда былай деген екем: «...Қызметтік міндетім бойынша практикалық экономика мәселелерімен айналысып жүрген менің айтарым: біз бүгінде ел экономикасындағы шынайы жағдайды нақты білмейміз. Өздеріңіз ойлап көріңіздер: КСРО Мемлекеттік статистика комитеті деректері бойынша, елдегі азық-түлік өндірісі артқан, бірақ сөрелер бос. Жоспарлар орындалуда, ал экономика ахуалы нашарлап барады. Неге? Мұндай «негелер» тым көбейіп кетті. Түптің түбінде экономикадағы дағдарыстың қаншалықты тереңдеп кеткенін анықтап, оны еңсерудің айқын жолын табуымыз керек-ақ», деген мәлімдемесін еске түсіреді.

Шынында да дана!

Өз заманының Білге қағаны Нұрсұлтан Назарбаев қазақ халқына өзінің тәжірибесі, естеліктері, өзі билік еткен жылдары не істегенін және ке­рі­сінше не қолынан келмегені тура­лы өте жағымды тілде әңгімелеп берді:

«Тәуелсіздігімізді жариялағанда біздің өз валютамыз да жоқ еді. Әлемдік қаржы нарығын мұқият зерттей келіп, ұлттық теңгемізді де дер кезінде айналымға енгіздік. «Қамданған қапы қалмайды» дейді халқымыз. Ертеңін ойлаған ел ғана озады. Болашақ ұрпағымыз ештеңеден тарылмауы үшін Ұлттық қор мен алтын-валюта қорын жасақтап, оған мол қаржы жинақтадық. Дәл осы мол қаражат пандемия кезінде бізге көмек болды. Егемендіктің елең-алаңында-ақ мен Қазақстанға экономикалық жаңғыру, инфрақұрылымды жаңарту және шикізатқа тәуелділіктен құтылу қажет екенін түсіндім. Бірақ тек үшінші онжылдықтың басына қарай, ресурс пен тәжірибе жинақтаған соң ғана біз бұл қиын істі жүзеге асыра алдық. Біз индустрияландыруға және өз өнеркәсіп базамызды дамытуға иек арттық. Сол мақсатпен Индус­трия­лық-инновациялық даму­дың үш бағдарламасы қабылданды, 9 триллион теңге сомасындағы 1500 жоба енгізілді. Қазақстан бұрын өндірілмеген өнімдер – электровоз, автобус, автомобиль, теміржол вагондары, трансформаторлар және басқа да 500-ден астам өнім түрін шығара бастады», дейді Н.Назарбаев.

Менің ойымша, Елбасының манифест ретінде қабылдауға болатын мақаласын міндетті түрде оқу керек!

 

Мерием Айбике СИНАН,

«Түркия» газетінің колумнисі, түрколог

Соңғы жаңалықтар