Елбасымыз айтып көрсеткендей, сол қиындық атаулыға қасқая қарсы тұрып, үздіксіз алға жылжыған олардың қайсар рухы екені сөзсіз.
Шындығында да, әлемді жайлаған соғыс өрттерінде, басқа түскен зобалаң кезеңдерде ұлтымыздың айтулы тұлғалары халқына бас болып, бірліктің тұтқасын ұстап, ұлтты аман алып қалғаны айдай анық. Соның арқасында Ұлы даланы сақтап, бүгінгі Тәуелсіздікке қол жеткіздік.
Егемендік алған жылдары да аяқтан тік тұрып кету оңайға соққан жоқ. Сол қиын кезеңдерде халқын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, қайраңға қалдырмай әлемдік өркениеттің алдыңғы шебіне қосқан Тұңғыш Президентіміздің еңбегі ересен. «Болашақ» бағдарламасы арқылы «Әлемдік ғылым мен мәдениеттің ең үздік жетістіктерін меңгерген жаңа ұрпақ қалыптастыруда» кемеңгерлікпен жол ашқан Елбасы екені сөзсіз.
Көреген көшбасшы тек Қазақстан халқының алдында ғана емес, әлем халқының алдында да беделі өте биік саясаткер екеніне мақтанамыз. Әлемде ең бірінші болып атом сынақ алаңын жойған, Арқа төсінде әлемдегі ең әдемі астана Нұр-Сұлтан қаласын салдырған Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың кемел саясаты өміршең болғанын тарих беттерінде алтын әріптермен жазылып қойды.
Саралап айта берсек, сайыпқыран саясаткер тұлға – Елбасының еңбегі егемендік үшін ерекше. Ол жасаған саяси, экономикалық реформалар, рухани жаңғыру, инфрақұрылымдық даму, ұлттық теңгені айналымға енгізу, мұның бәрі Тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолында Елбасы атқарған қадау-қадау соны қадамдар болатын. Бұл игі істердің қатарында сондай-ақ дүние жүзіне тарыдай шашылған миллионнан астам қандасты қайтару ісін де айрықша атап кеткеніміз жөн.
Бір сөзбен айтқанда, Тәуелсіздікке тұғыр болған тұлға ретінде Елбасы еңбегі қазақ үшін әрқашан ұмытылмақ емес.
Кеңес ЖҰМАБЕКОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, актер-драматург