Қазақстан • 10 Желтоқсан, 2021

Дос туралы сөз немесе ел үшін туған ер тұлға

391 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Темірхан десе – Темірхан еді. Ол сөзіне берік, ісіне адал, ғылыми ой-өрісі жүйесі кең, достыққа адал қайраткер азамат болатын. «Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» – дейді ұлт даналығы. Осындай екі ұлы қасиет те Темірхан Досмұхамбетовтің бойында бар еді.

Дос туралы сөз немесе ел үшін туған ер тұлға

Өкінішке қарай, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Халықаралық инженерлік академияның академигі, «Байсерке Агро» агрохолдингінің ұйымдастырушысы әрі президенті, КСРО және Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Алматы облысы мен Алматы қаласының құрметті азаматы туралы өткен шақта сөйлеуге мәжбүрмін.

Адамдық қасиеті мол, ұлтжанды атпал азаматпен жарты ғасырдан бері қимас дос болып едім. Қайран уақыт зымырап өтіп барады. Күні кеше ғана күліп-ойнап, кеңпейіл, дархан көңілді досыммен қалжыңдасып, бір-бірімізді бір ай көрмесек, бір жыл көрмегендей сағына табысатын едік.

Міне, оны Жер-Ананың бауырына бергені­міз­ге де 40 күннің жүзі болыпты. «Бәрін уақыт көтереді, жазады» – дейді. Бірақ қасыңда жүрген жақсы адамның өзі де, сөзі де жүректен еш кетпейді.

Бірге жүрген күндердің әр сәті көз алдымда тұрады.

Ол қандай іс болса да өте ыждағат­тылықпен, жоғары жауапкершілікпен орындайтын. «Нар жолында – жүк қалмас» деген аталы сөзге нағыз лайық­ты нар тұлғалы жан еді.

Оның өмір дерегі – мемлекетіміздің қалып­тасу тарихымен астасып жатыр. 1949 жылы 8 наурызда Қостанай облысында дүниеге келген Темірхан Досмұхамбетовтің балалық шағы, мектепте оқыған кезеңі сол кіндік қаны тамған жерде өткен.

Жастайынан жаны спортқа құмар, саламатты өмір салтын берік ұстан­ған Темекең 1972 жылы Қазақ мемле­кеттік дене тәрбиесі институтын жаттық­тырушы мамандығы бойынша бітірген.

Сол кездегі еліміздің белді жоғарғы оқу орыны С.М. Киров атындағы Қазақ мемле­кеттік университетінің дене тәр­биесі кафедрасына жас оқытушы болып келуіне қарамастан, ондағы спортқа бейімі бар қазақтың қара домалақ балаларының басын қосып самбодан еліміздің ұлттық командасын жасақтады.  

Әр істің тізгінін ұстаса оны аяғына дейін жетілдіріп, жемісті де, жеңісті нәтижелер көрсететін қасиетін еңбек жолын бастаған кезден-ақ, дәлелдеген болатын. 1977 жылы самбодан КСРО бірін­шілігінде Темірхан Досмұхамбетов дайындаған команда 9:1 есебімен «Самбо-70» элиталық мектебінің негізін қалаушы Дэвид Рудманның жігіттерін ойсырата жеңді.

Сол кезде біз қазақ балаларының спорттағы жоғары жетістіктеріне қуа­нып, мақтан тұтып, спорттағы мұндай ұлы серпіліске таңырқадық.

Әрине, бұл жеңіс стратег жаттық­тырушы, ержүрек, қайсар мінезді тәрбиеші Темекеңнің қажырлы еңбегі мен спорт залында азаннан кешке дейін төккен терінің арқасында келген еді.

Темекең жұбайы Сәуле Әмірқызы екеуі жас отбасы болып, қалада кішкен­тай ғана пәтер жалдап тұрғанына қара­мас­тан, күнде кешке жаттығу залынан он шақты спортшыны үйіне ертіп келіп, тамақтандырып, кең пейілді қазақы дархан ағалық мінезімен ауыл балаларын әрқашан демеп жүретін.

Талай талантты жігіттердің бағын ашып, республиканың, одақтың, Еуро­паның және әлемнің жаңа чемпиондарын тәрбиелеп шығарды.

Өзі де осындай қажырлы еңбегі­нің арқа­сын­да самбодан Кеңес Одағы­ның құрама ко­ман­­дасының аға жаттық­тырушысы, КСРО-ның, кейіннен Қазақ­станның еңбек сіңірген жат­­­тықтырушысы құрметті атақтарына ие болды.

Темірхан Мыңайдарұлы Досмұхам­бетов білікті спорт менеджері ретінде де әрқашан ел спортының алдыңғы шебінде жүрді. Ол Бүкілодақтық ерікті «Еңбек резервтері» спорт қоғамының Қазақ республикалық кеңесін басқарды. Оның жетекшілігімен елімізде спортты дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды.

Ол өзінің мықты спортшы, білікті бап­кер, жанашыр жаттықтырушылық тә­­­жірибесімен қатар, спорт саласын мем­­­­­ле­кеттік басқарудағы жоғары дең­гей­­лі ұйым­дастырушы, басшы екенін дәлелдеді.

Т.Досмұхамбетов спорт саласын бас­қар­ған жылдары Қазақстан спорт­шыла­рының әлемге даңқы шықты. Олар түрлі халық­аралық деңгейлердегі спорт­тық жа­рыс­тарда Қазақстан­ның намысын қор­ғап, қазақ спортының беделін әлемге асқақтатты.

Темекең өмірінің соңына дейін қазақ спортының жанашыр жанкүйері болып өтті. Спорт әлемі – жастарды саламатты өмір салтына бағыттайтын сала болғандықтан, Темірхан Мыңайдарұлы осы саладағы көптеген дарынды жастар­д­ың бағын ашуға тікелей септігін тигізді. Сонымен қатар республикаға өте қажетті салалардың бірі – еліміздің ішкі және сыртқы туризмінің қалыптасуы мен дамуына даңғыл жол салды.

Туризм саласындағы бас халық­аралық ұйым, Біріккен Ұлттар Ұйымы­ның меке­месі болып табылатын Дүние­жүзілік туризм ұйымының  вице-президенті болды.

Жоқтан бар жасау оңай ма? Осын­дай көзі қарақты, өмірдің өзгерісін тү­сіне­тін Досмұхамбетов сынды ірі ұйым­дастырушы ғана оны жасай алады.

Мемлекеттік үлкен саясатқа Темірхан Мыңай­­­да­рұлы осындай белестерді бағындырып, тар жол, тайғақ кешулерден өтіп,  келген болатын.

Саясат сахнасында Темекең, Темір­хан Мыңайдарұлы екі рет Қазақстан Республика­сының Туризм және спорт министрі болды. Бұл кезең Қазақстан спортындағы өрлеу кезеңіне айналды.Саланы дамытудың стратегиялық жос­парлары мен бағдарламалары әзірленді. Республикада жаңа спорт кешендері көптеп салынды. Қолданыстағы спорт нысандары іргелі модернизациялаудан өтті. Түрлі деңгейдегі халықаралық, олимпиа­далық, шетелдік жарыстарда қазақстандық спортшылар еліміздің намысын абыроймен қорғап, жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізді.

Темірхан Мыңайдарұлы Қазақстан Рес­­пуб­­­ликасының Тұңғыш Президенті- Елба­сы Н.Ә.Назарбаевтың сенімін әрқашан ақтап, қандай жоғарғы деңгей­дегі лауазымды қызметтерді болсын үлкен жауап­керші­лікпен атқарды.Ол Президенттің сенімді серіктесі болып, екі рет Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқарушысы қызметін үлкен абыроймен жүзеге асырды. 

Еліміздің бас қаласы, елордамыз Астана қаласының тізгіні сеніп тапсы­рылған кезде, оның гүлденіп, көркеюіне бар қажыр-қайратын жұмсады.

Кейін Темірхан Мыңайдарұлы Досмұхам­бетов Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық комитетін басқарған 10 жылдың ішінде еліміздің спорт саласындағы бұрын-соңды болмаған тарихи жетістіктердің куәсі болды.  

Атап айтқанда, Алматы мен Астана қалала­рында жоғарғы ұйымдас­ты­рушылық деңгейде өткен, ірі халық­аралық спорттық іс-шара 7-ші Қысқы Азиада ойындарында (2011 жылғы қаңтар-ақпан) медаль саны жағынан Қазақстан құрама қомандасы Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай сынды Азияның азулы елдерін артта қалдырып, бірінші орынды иеленді.

Мұндай тарихи жетістіктердің тағы бірі 2012 жылы (27 шілде – 12 тамыз аралығында) Лондон қаласында өткен 30-шы Жазғы Олим­пия ойындарында Қазақстан құрамасы Темірхан Мыңайдарұлының жетекшілігімен жалпыкомандалық есепте әлемде 12-ші орынға көтерілді.

Темірхан Мыңайдарұлы Қазақстан Респуб­ликасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып еліміздің заң шығару саласына да сүбелі үлесін қосты.

Адалдық, өз ісіне берілгендік, өзіне де, өзгелерге де сын көзімен қарау, мәселенің мәнін тереңінен ұғыну, шешімді дер кезінде қабылдай алатын қасиеттері мен іскерлік ынта-жігері оны басқалардан оқшау көрсетіп тұратын.

Кейінгі жылдары Темекең кәсіпкер­лікпен айналысып, еліміздің ауыл шаруа­шылығының өркендеуіне атсалыс­ты. Алматы облысындағы тозығы жет­кен «Байсерке Агро» холдингін жаңғыр­туды қолға алды. Темірхан Мыңай­дарұлы әр қадамын «мың өлшеп, бір басатын» тұлға еді. Ғылыми ой-өрісі, алдағы нәтижені дәлдікпен болжау қабілеті оны осындай тосын шешімге әкелді деп білемін.

Оның үстіне Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ауыл шаруашылығы саласының еңсесін көтеру, өнім өндірушілер мен фермерлік шаруашылықтарды заманауи тұрғыда жетілдірудің маңыздылығы туралы берген нұсқаулары Темекеңнің тың бастамасына демеу болды.

Темірхан Мыңайдарұлы қысқа мер­ зімде әрі заманауи инновациялық технологияларды қолдана отырып, бұл саланы толық ғылыми модернизациядан өткізді. Аз ғана уақыттың ішінде ол әлемге танымал топ менеджерлердің санатына қосылды.

Ол өзі үшін жаңа салада жан-жақты, іргелі, теңдесі жоқ серпіліс жасай алды. Ауыл­­шаруашылық өндірісі, ғылым, инно­­ва­­циялық процесс және кадрларды даяр­­лау сияқты төрт негізгі факторды тиім­ді жұмыс істейтін кешенге біріктіре біл­ді. Оның бұл саладағы қол жеткізген тең­десі жоқ нәтижелері маған қатты әсер қалдырды.

«Байсерке Агро» холдингі Германия, Франция, Голландия, АҚШ-тан салаға қажетті ең соңғы модельге дейін жетіл­дірілген, озық заманауи техникаларды алып келді. Адами капиталды орынды пайдаланды. Өндіріс процестері түгелдей автоматтандыру жүйесіне көшірілді.

Қазір «Байсерке-Агро» ет және сүт бағытындағы асыл тұқымды ірі қара мал өсірумен, қой өсірумен, жылқы өсіру­мен, түйе өсірумен, өсімдік ша­руа­­шы­лығымен, омарта өсірумен, балық өсірумен, жемшөп өндірумен айна­лы­сатын көп салалы кәсіпорын.Хол­динг бүгінде Қазақстанның ауыл шаруашылығы кәсіпорындары арасында АӨК-ке инновацияларды енгізу және тарату бойынша танылған және даусыз көшбасшы болып табылады. Бір ғана осы шаруашылықтың мысалын­да ғана Темірхан Досмұхамбетов ғылы­ми тұр­ғыдан келгенде және жаңа техноло­гия­ларды пайдалану арқылы ауыл ша­руа­шы­лығында рекордтық жоға­ры көрсет­­кіш­тер­ге қол жеткізуге болатынын дәлелдеді.

Бір сөзбен айтқанда, Темірхан Досмұ­хамбетов еліміздің ауыл шаруашылығы саласында инновациялық революция жасады. Бидайдың әр гектарынан 50 центнерден астам өнім жиналды. Тамшылай суғару тәсілін пайдалана отырып, жүгерінің әр гектарынан 140, соядан 50 центнерден астам өнім жиналды.

«Байсерке Агро» тек өндірісті дамы­тып қана қоймай, әлеуметтік ин­фра­­құрылымды жетілдіруге де айтар­лықтай үлес қосып келеді.Те­мір­хан Мыңайдарұлының тікелей баста­машы­лығымен өңірде үш спорт мектебі салынып, табысты түрде жұ­мыс істеп тұр. Ал ол жерде шынық­қан балалар мен жасөспірімдер ат спорты бойынша Қазақстанның құрама командасының қатарында өнер көрсетеді.

Қазақстан Республикасының Ұлт­тық инженерлік академиясының прези­денті ретінде, академияның вице – президенті болған Т.М.Досмұхамбетов академияның жұмысына орасан зор үлес қосты деп үлкен сеніммен айта аламын.  Ол өзі құрған аграрлық брендпен бірге «Инновациялық технологиялар және агроөнеркәсіптік кешен» бөлімінің қызметін жаңғыртып, жандандырды. Жарқын мысал ретінде осының өзі жеткілікті.

Әрине, еске алу тұрғысында жазылған мақалада Темірхан досымның атқарған жұмыстарына жеке-жеке толық талдау жасай алмадым. Дегенмен, өмірінің басты әрі ең маңызды оқиғаларына қысқаша тоқталып өттім деп ойлаймын. Бұл ретте осы тақырыпты кеңінен талқы­лау мақсатында 2022 жылы «Темірхан Досмұхамбетов және жаңғыру» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізуді ұсынамын.

Алдағы уақытта іргетасын өзі қа­лап, әлемге әйгілі, беделді ұйымға айнал­дыр­ған холдингті «Темірхан Досмұ­хамбетов атындағы «Байсерке Агро» холдингі» деп атасақ, Алматы облысында бір спорт кешеннің атын, Нұр-Сұлтан қаласында бір спорт кешеннің атын берсек көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің алдындағы өз азаматтық борышымыздың бірқатарын өтер едік деп есептеймін.

Ел үшін туған ер тұлға Темірхан Мыңай­­­дарұлының Тәуелсіздіктің 30 жыл­дығы мерейтойын көре алмай кетуі, әрине өкінішті. Дегенмен, оның жарқын бей­не­сі мен сүріп өткен өмір жолы – өскелең ұрпаққа өнеге, туған жерге деген сүйіспеншілік пен аянбай қызмет етудің үздік үлгісі болып ел тарихында мәңгі қалары сөзсіз.

 

Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,

Парламент Сенатының депутаты