Қазақстан • 10 Желтоқсан, 2021

Жол маманы неге тапшы?

1123 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақстанда жол мамандары тапшы. Кадрлық дефицит өзекті мәселеге айналды. Жолдың құрылысына атсалысатын мамандар былай тұрсын, тәуір жолды күтіп ұстайтын кадрды табудың өзі қиын. Неліктен мұндай жағдай қалыптасты? Мәселені шешудің қандай жолы бар? Сала мамандарын сөйлетіп көрдік.

Жол маманы неге тапшы?

Болашақ жұмыссыздарды даярлап жатырмыз

Жол активтері ұлттық сапа орталығының бас директоры Замир Сағыновтың пікірінше, жол құрылысына қажетті мамандар даярлау саясатын түбегейлі өзгерту керек.

– «Инженерлік мамандық азайса, инновация болмайды» деген ұстаным бар. Инженерлер ғана инновацияны тудырады. Демек, техникалық мамандықтарды көбейту керек. Өкінішке қарай, біздің елдегі жағдай керісінше сипатта өріліп отыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2020-2021 оқу жылдарында 40 мыңнан астам студент заңгер мамандығы бойынша білім алып жатыр. Экономист, бухгалтерлік есеп мамандығын таңдағандардың үлесі 30 мыңның үстінде. «Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі» мамандығын 20 мыңдай студент меңгеруде. Осы орайда, Ұлыбританияның атақты Оксфорд университетінің мына бір зерттеуіне назар аударған абзал. Университеттің зерттеуінше, 2025-2030 жылдары «заңгер» деген мамандық болмайды. Сол секілді бухгалтер мамандығы да жоғалады деп болжам жасаған. Демек, біз мыңдаған адамды оқытып жатқан жоқпыз, керісінше болашақ жұмыссыздарды даярлап жатырмыз. Біздің нарықтағы жағдай жоғарыда атаған мамандықтар бойынша сұраныстан ұсыныстың көп екенін аңғартып отыр, – дейді З.Сағынов.

Жалпы, Қазақстан нарығында жол құрылысы мамандары, құрылысшылар, механиктер, инженерлер жетіспейді. З.Сағыновтың айтуынша, жол мамандарына деген сұраныс бүгінде 30 мың адамды құрап отыр. Ал ішкі нарыққа ұсынылатыны 500-дей ғана маман. Білім және ғылым министрлігі бұл мәселеге түбегейлі араласпайынша жағдайдың оңалмасы анық, дейді ол.

– Оқу орындары мен өндіріс арасында тығыз байланыс орнатылуы керек. Алғашқылары соңғыларының сұранысына сай маман даярлауды қолға алуы қажет. Бұл аса бір қиын дүние емес. Мемлекеттік гранттар мен жеңілдіктерді дәл осылай саралап отырып қана реттеуге болады. Жастарды ынталандырудың жолдары көп. Гранттар санын көбейту, оқуға қабылдау емтихандарын жеңілдету жағын қарастырған абзал. Ішкі нарықта жетіспейтін мамандықтарды таңдаған студенттерге тегін жатақхана ұсынуға болады. Осы бағытта ізденсе, тетіктері көп. Жастардың инженерлік салаға бармайтын себебі мұндағы оқу қиын. Өйткені, математика, физика, химия секілді ұл-қыздарымыз аса қызыға бермейтін пәндерді меңгеру керек. Біздіңше, мәселені осындай ынталандыру жолдары арқылы ғана шешуге болады, – дейді Жол активтері ұлттық сапа орталығының бас директоры.

Ішкі нарықта маман жетіспегендіктен, сырттан жұмыс күшін алдыруға мәжбүрміз. Бұл ретте Қазақстанда шетелден жұмыс күші көп тартылатын сала құрылыс екен. Соның ішінде жол құрылысы да бар. Бүгінгі күнге дейін 1 700-ден астам жоғары білімді инженер маман Қазақстанға келіп жұмыс істеген. Ал қара жұмысқа алынғандардың қатары тіпті қалың.

– Сондықтан ішкі нарықтағы тапшы мамандарды көптеп даярлау үшін мемлекеттік бағдарлама әзірленуі керек. Ал қазір біз өз қал-қадірімізше әрекет етіп жатырмыз. Мектептерді аралап, 9-11 сынып оқушыларын жол құрылысы мамандығына оқуға түсуге шақырамыз. Былтыр 1 100-ден астам мектепті араласақ, биыл 1 200-дей мектепте болып, түрлі кездесулер өткіздік, – дейді З.Сағынов.

Оның айтуынша, кадр тапшылығына түрткі болып отырған тағы бір мәселе бар. Ол – «жол құрылысы маманы» деген нақты мамандықтың жоқтығы. Бұл мамандық жалпы құрылыс саласының бір тармағы ретінде қарастырылады. Ол аздай студенттерді оқытатын оқытушылар да жетіспейді. Сондықтан бұл мәселеге кешенді түрде қарау маңызды.

– Ең арты жолды күтіп ұстаудың өзі үлкен ғылым. Былтыр қыста «қар көп жауды» деп шуладық. Қар көп болған жоқ. Керісінше, біз қардың бәрін жолдың үстіне ұстап, үйіп алдық. Себебі осы істі ойдағыдай атқаратын маман жоқ. Жолды уақытылы әрі дұрыс тазалаудың өзінде үлкен маңыз бар. Дерекке сүйенсек, жергілікті жолдарда 1 546 қызметкер жұмыс істейді. Соның тек 12 пайызы ғана жол мамандығына ие. Дәл осы 12 пайызға жататындардың жартысынан көбі жол мамандығын екінші білім ретінде алған. Яғни, алда-жалда қиын жағдай туындаса, бір қажетке жарар деп оқыған. Бұл бейжай қарайтын дүние емес, – дейді Замир Сағынов.

Түлектер нарықты толтыра алмайды

Кадр мәселесі сөз болғанда әңгіменің бір ұшы білім беру саласына келіп тірелетіні түсінікті. Осы орайда Л.Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол институтының проректоры Гүлсім Еспаеваның пікірін сұрап көрген едік. Оның айтуынша, салалық түлектердің аздығы осындай үлкен проблемаға жол ашып отыр.

2354

Ресми дерекке сүйенсек, автомобиль жолы саласына қажетті мамандарды отандық 8 жоғары оқу орны дайындайды екен. Олар – Логистика және көлік академиясы, Л.Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол институты, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан облыстық мемлекеттік техникалық университеті, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақ қатынас жолдары университеті, Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті және Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы.

– Соңғы уақытта сала мамандарын даярлау күрт төмендеп кетті. Мұның түрлі себептері бар. Соның бірі – сала бойынша даярлау бағыттарын біріктіру әрі ірілендіру бөлігінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау бағыттарының жіктеуіштеріндегі өзгерістер. Мәселен, 2004 жылы «автомобиль жолдары, көпірлер мен тоннелдердің құрылысы» және «ғимараттар мен құрылыстардың құрылысы» мамандықтары біріктірілді. Соның нәтижесінде «автомобиль жолдары мен аэродромдардың құрылысы» мамандығы өзінің бірегей атауы мен дербестігін жоғалтты. Оған ерекшеліктерін ескерместен, құрылыс мамандықтарына секілді талаптар қойыла бастады. Бұл жол құрылысына қажетті біліктілік деңгейінің төмендеуіне алып келді, – дейді Г.Еспаева.

Проректор түсіндіргендей, бұрын жоғары оқу орындарына түсу үшін мемлекеттік гранттар мамандық бойынша бөлінетін. Ал қазір білім беру бағдарламаларының топтары бойынша үлестіріледі. Ол аздай 2018 жылдан кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырысты орналастыру білім беру бағдарламаларының топтары шеңберінде жүзеге асырыла бастады. Бұл өз кезегінде топ ішінде білім беру гранттарының біркелкі бөлінбеуіне алып келді. Мәселен, «қала құрылысы, құрылыс жұмыстары және азаматтық құрылыс» білім беру бағдарламалары тобында гранттар жалпы құрылыс саласында мамандар даярлайтын 23 жоғары оқу орны арасында орта есеппен 10-15 бағдарламаға бөлінеді.

– Мамандарды даярлауды қысқартудың тағы бір маңызды себебі – «қала құрылысы, құрылыс жұмыстары және азаматтық құрылыс» білім беру бағдарламаларының тобы бойынша мектеп және жоғары білім базасында оқитын студенттер үшін сырттай білім беруді жою және қашықтан оқытуға тыйым салу. Бұл жұмыс пен оқуды біріктіре отырып, қысқартылған түрде оқуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан «Көлік құрылысы» дайындық бағытын бөлек ашып, «автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы», «темір жол құрылысы», «Көпірлер мен көлік тоннельдерінің құрылысы», «Мұнай-газ құбырлары мен мұнай-газ қоймаларын салу» топтарына бөлген дұрыс. Тек осы жағдайда ғана гранттар мамандық бойынша бөлінеді, – дейді проректор.

Сондай-ақ Білім және ғылым министрлігінің «Білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптары және оларға сәйкестікті растайтын құжаттар тізбесі» нормативті-құқықтық актілеріне өзгерістер енгізуге, оқытушылардың ғылыми дәрежелілік үлесін азайтуға болады. Бұл дәріс оқу, практикалық және зертханалық сабақтар өткізу үшін өндірістен жоғары оқу орындарына мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Әдетте, өндірушілердің ғылыми дәрежесі болмайды.

Г.Еспаеваның пікірінше, «көлік құрылысы» мамандығы бойынша докторантураға гранттық орындар бөлу қажет. Осы жылдар ішінде докторантура бойынша бірде-бір мемлекеттік білім гранты бөлінбеген.

– Студенттер көбінесе «жолдар мен аэродромдардың құрылысы» мамандығын таңдайды. «Көпірлер мен көлік тоннельдерін салу» мамандығына баратын студенттер тым аз. Себебі бұл мамандықты оқытатын оқытушылар жетіспейді. Мәселен, қазір жол саласында, атап айтқанда, автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы саласында білім алып жатқан студенттердің жалпы саны – 627 адам. Оның 319-ы біздің институтта оқиды. Жалпы, 2021 жылы жол саласындағы жоғары оқу орындары түлектерінің саны 382 адамды құрады. Оның 161-і біздің институтты тәмамдады. Түлектер жыл сайын жоғары оқу орындары өткізетін жәрмеңкелердің арқасында, сондай-ақ ынтымақтастық туралы келісім жасалған кәсіпорындардың сұранысы бойынша жұмысқа орналасады. Кадрлық қамтамасыз ету кез келген сала үшін маңызды. Өйткені, жыл өткен сайын құрылыс көлемі өсуде. Ал еңбек нарығы білікті мамандарға мұқтаж. Түлектердің үлесі төмен. Түптеп келгенде осының бәрі автомобиль жолдары құрылысының сапасына кері әсер етеді. Сондықтан бұған атүсті қарауға болмайды, – дейді ол.

Түйіндей келе айтарымыз, жол – мемлекеттің күретамыры. Ендеше оған ерекше күтім керек. Әбілда Тәжібаев айтқандай, «Жолдың да құлағы, көзі бар, тілі бар, Жолдың да қуанар, қайғырар күні бар». Сондықтан кадр дарялау мәселесіне салғырт қарамауға тиіспіз.