Тәуелсіздік • 10 Желтоқсан, 2021

Алматыда ел дамуына үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік наградалар тапсырылды

345 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосқан азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды, деп хабарлайды Egemen.kz.



Алматыда ел дамуына үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік наградалар тапсырылды

«Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты салтанатты шараға ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты. М. Әшімбаев пен Б. Сағынтаев ел мен қаланың дамуына ерекше үлес қосқан алматылықтарға Президенттің атынан мемлекеттік наградаларды тапсырды.

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, Еңбек ардагері Қ. Байкенов пен Алматы қаласы бойынша СЭБД басшысы Ж. Бекшин «Парасат» орденімен марапаталды. І дәрежелі «Достық» ордені «КИМЭП» университетінің ректоры Ч.Й. Бэнгке тапсырылды.

Мемлекеттік наградалармен ғылым мен білім, мәдениет және денсаулық сақтау қайраткерлері, мемлекеттік қызметкерлер мен қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін құрылыс компаниялары мен ұйымдарының қызметкерлері марапатталды. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев тарихи тұрғыдан Тәуелсіздіктің бесігіне айналған мегаполистің ерекше рөлін атап өтті.

«Алматыда ел үшін маңызды шешімдер қабылданды, Конституция, мемлекеттік рәміздер қабылданды, Қарулы Күштер құрылды, ұлттық валюта енгізілді. Тұңғыш Президент сайлауының жалпыхалықтық нәтижелері де Алматыда жарияланды. 1998 жылы Тұңғыш Президент «Алматының ерекше мәртебесі туралы» Заңға қол қойды», деді Бақытжан Сағынтаев.

Қала әкімі алматылықтардың, әсіресе аға буынның мегаполисті дамытуға қосқан үлесін тілге тиек етті. «Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы – біздің әрқайсымыз үшін маңызды оқиға. Осы жылдар ішінде ұлттық рух нығайды, ұрпақтар сабақтастығы дамыды, қазіргі тарих пайда болды. Бүгін біз «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім идеясын ұстана отырып, мемлекет құрып жатырмыз. Біз Тәуелсіздікті армандаған ата-бабаларымыз салған жолмен келеміз», деді ол.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының арқасында еліміз халықаралық қоғамдастықтың толыққанды және ықпалды мүшесіне айналғанын, жаңа астана салынғанын, еліміздің өңірлері де қарқынды дамығанын атап өтті.

«Тәуелсіздік жылдарында Алматы дамуға айтарлықтай серпін алды. Бүгінде бұл тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл постсоветтік кеңістіктің ең серпінді дамып келе жатқан және экономикалық қуатты қалаларының бірі. Еліміздегі әрбір бесінші кәсіпкер Алматыда жұмыс істейді», деді Мәулен Әшімбаев.

Спикердің айтуынша, Алматыда сапалы адами капитал шоғырланған.

«Мұнда болашақ экономикасының «жаңғырту өзегі»: креативті тап пен белсенді азаматтық қоғам қалыптасты. Мегаполиске еліміздің әр өңірінен таланттар ағылып келіп жатыр. Алматы – ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға инвестициялар бойынша көшбасшы. Мемлекет басшысы атап өткендей, Алматының креативті экономиканы дамыту жөніндегі тәжірибесін бүкіл елге тарату қажет», деді Мәулен Әшімбаев.