Үкімет • 12 Желтоқсан, 2021

Құтқарушылар қызметтік пәтерін жеке меншікке аудару мүмкіндігіне ие болуы мүмкін

357 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Мәжіліс депутаттарының депутаттық сауалына жауап берген Премьер-министр Асқар Мамин құтқарушыларды әлеуметтік қорғау шараларын жақсарту шараларына түсініктеме берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Құтқарушылар қызметтік пәтерін жеке меншікке аудару мүмкіндігіне ие болуы мүмкін

«Азаматтық қорғаныс органдарының қызметкерлері мен құтқарушыларды әлеуметтік қамсыздандыру шарттарын жақсарту туралы сауалдарыңыз бойынша мынаны хабарлаймын. Қазір азаматтық қорғаныс органдарында әскери шен берілетін әскери қызметкер мәртебесі қызметтік міндеті азаматтық қорғаныс жүейсін дамытумен байланысты лауазымдар санатына ғана беріледі»,  деп жазды Асқар Мамин депутаттық сауалға берген жауабында.

«Азаматтық қорғаныс органдарының құтқарушыларына қызмет сыныбы, әрдайым төтенше жағдайға шығуға дайын жүретіні, радиостанциялармен жұмыс істегені, тым жоғары немесе тым төмен температураларда жұмыс істегені, қаза тапқандардың денелерімен немесе мәйіт бөлшектерімен жиі бет-бет келетін психикалық-эмоционалды жүктемесі үшін қосымша ақылар мен үстемеақылар көзделген. Төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ) мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Азаматтық қорғаныс органдарының қызметкерлері мен құтқарушыларын әлеуметтік қамсыздардыру шарттарын жақсарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде» делінген Премьер-Министрдің жауабында.

Үкімет басшысының депуттарға берген мәліметі бойынша, аталған әлеуметтік қорғау шараларын жетілдіретін норма жобасы Мәжілістің қарауында жатыр. Ол құжат бойынша енді құтқарушылар өздері тұрып жатқан қызметтік баспананы жеке меншікке тіркеу тетіктері қарастырылған.

«Үкіметтің 2021 жылғы 22 шілдедегі №505 қаулысымен Парламент Мәжілісіне енгізілген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында құқық қорғау органдары, оның ішінде азаматтық қорғаныс органдары қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдіктері мен жеңілдіктерін жақсартуға бағытталған түзетулер көзделген. Бұл – өздері тұрып жатқан тұрғын үйлерді меншікке алу, қызметкерлердің балаларына мектепке дейінгі балалар мекемелерінде кезектен тыс орын беру, қызметкер ауруы салдарынан қайтыс болған жағдайда өтемақы төлеу мәселелері», деп жазды Асқар Мамин.