Аймақтар • 12 Желтоқсан, 2021

БҒМ мектебіне миллион теңге сыйлаған оқушыға қаржыны қайтаруды ұсынды

339 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова Маңғыстау облысының Сайөтес ауылындағы 4-сынып оқушысының сайыста ұтып алған 1 миллион теңгені мектебіне сыйлағанына пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

БҒМ мектебіне миллион теңге сыйлаған оқушыға қаржыны қайтаруды ұсынды

«Маңғыстау облысының төртінші сынып оқушысы математика сабағында қолдануға арналған құрал жасап, өзінің білімі мен күш-жігерінің арқасында республикалық конкурста 1 миллион теңге ұтып алғаны қуантады. Дарынды балалардың әлеуетін көтермелеу және ашу өте маңызды. Оқушының ол сыйақыны өз мектебіне интерактивті тақта сатып алуға жұмсауға ниет білдіргені оның кең жүректі екенін және бойында басқа да жағымды қасиеттері бар екенін көрсетеді. Бұл ретте, интерактивті тақтаны республикалық конкурста жеңіске жеткен оқушы емес, жергілікті атқарушы орган сатып алуы тиіс деп санаймын. Әрине, балалардың өз мектебін қолдауға және дамытуға деген ұмтылысын көтермелеу және қолдау керек, бірақ мұндай жолмен емес», деді комитет басшысы.

Сондай-ақ, ол  мектептерді заңды түрде қаржыландыру жергілікті әкімдіктердің құзыретінде екенін еске салды.

«Қажетті жабдықтарды сатып алу үшін әкімдіктерге бюджет қаражаты бөлінеді. Маңғыстау облысының білім басқармасына зияткерлік конкурста жеңіске жету нәтижесінде алынған ақшаны мектеп оқушысына қайтарып, жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен қажетті құрал-жабдықтар сатып алу ұсынылды», деді Гүлмира Кәрімова.