Қарашығанақ жобасындағы қазақстандық үлес көтеріле ме?
Газ конденсаты шикізатын өндіру мәселесіне келгенде Қарашығанақ жобасына ешқандай балама жоқ. Бүгінгі сенімді дерек көздері газ қоры жөнінен жоба Қазақстанның әлемнің алдыңғы қатарлы жиырма елінің қатарына кіргенін көрсетеді. Бұл артықшылықты алдымен аталған кеніштегі стратегиялық өнім мөлшерімен байланыстыра аламыз. Тағы да дәйектерге сүйенсек, соңғы жиырма жыл ішінде елімізде газ өндіру бес есеге артып, оның көлемі қырық миллион текше метрден асып түскен. Әрі Қарашығанақ жобасы жүзеге аса бастағаннан бері ел бюджеті он бір миллиардтан астам АҚШ доллары түріндегі салық түсімдерімен толысқан.
Бір сөзбен айтқанда, жетістіктер жеткілікті. Мұны бұдан әрі де тізбелей беруге болады. Алайда, дәл бүгінгі күні осындай табыстармен бірге бірқатар проблемалы мәселелер мен кейбір кереғарлықтар да орын алып жүргенін ашық айтқанды жөн көреміз. Бұл Қарашығанақ жобасы шеңберіндегі қазақстандық үлестің көлемі тым шектеулі екендігі. Оған қатысатын отандық өндірісшілер мен жабдықтаушылардың санын саусақпен санап алуға да келмейді. Неге? Мұның ең басты сырын кеніште өткізіліп жүрген тендерлердің бүркемелі сипат алып жүргенімен түсіндіруге болады. Яғни мұнда ашықтық, жариялылық пен мөлдірлік жоқ. Сондай-ақ, шетелдік инвесторлардың жергілікті өндірісшілерге қойып отырған талаптары аспандағы айды алып бер деуге саятындай тым жоғары. Сондықтан бұл мәселе республика Үкіметінің айрықша назарында болса артықтық етпес еді.
Ақпанның аяқ кезінде Ақжайықта жұмыс сапарымен болған кезінде бүгінгі көтеріліп отырған мәселеге қатысты сауалды Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалинге қоюдың да сәті түскен еді.
– Бұл жағдай бәрімізді де толғандырады. Сол себептен де оның оң шешімін іздестіруді ойластырған болатынбыз. Жеті рет өлшеп, бір рет кесу қажет кезде біз тендер тетіктерін мүлдем жаңаша құру жөнінде ортақ тоқтамға келдік. Сөйтіп біз жаңа тендер тәртібін қалыптастыруды қажет деп таптық. Мұның бұған дейінгі тендер тәртібімен салыстырғанда басты өзгешелігі мен ерекшелігі қандай дегенге келсек, тың тендер тәртібі бойынша отандық өндірісшілердің мүмкіндіктері жобалау жұмыстары басталмай жатып-ақ мұқият ескерілмек. Ал келісімшартта олардың қызметі мен өндіретін тауарларының түрі тайға таңба басқандай айқын көрсетілмек,– деді ол газет тілшісіне.
Сондай-ақ, министрдің мәлімдеуінше, Теңіз кен орнын одан әрі дамыту жобасы бойынша осы тақылеттес меморандумға қазірдің өзінде қол қойылған. Онда қазақстандық үлестің көлемі жоғарыда айтылғандай нақты да айқын жазылған. Дәл осындай тәжірибе алдағы уақытта Қарашығанақ жобасына қатысты да қолданылмақ. Әрине бұл құптауға да, қолдауға да тұрарлық іс. Әйтсе де Қарашығанақ секілді кен орындары технологиялық тұрғыдан өте күрделі екендігі, отандық өндірісшілерге үлкен жауапкершілік жүктейтіні айтпаса да белгілі емес пе?
Бұл үшін бірінші кезекте онда қолданылатын тауарлар мен жабдықтар әлемдік стандарттарға сай болуы қажет емес пе. Егер жабдықтан ақау шығып, қолайсыз да ыңғайсыз жағдайлар орын алатын болса екінші рет шетелдік инвесторларды: тапсырыстарды қазақстандық өндірісшілерге беріңдер деп мәжбүрлеу оңайға түсе қоймасы кәміл. Мұндай ахуал әзірше орын ала қойған жоқ. Солай бола тұрса да жауапкершілік сезімінің қай кезде де жоғары тұрғанына не жетсін.
Осы арада Қарашығанақ жобасына қатысуға ниет білдірген жергілікті өндірісшілерді тұқыртып, еңселерін көтертпей жүрген тағы бір жайт бар екенін де жасырып қалу еш мүмкін емес. Айталық, еліміздегі мұнай-газ кластері құрылатын аймақтар қатарына Орал өңірі секілді инновациялық өңірдің кіргізілмей қалғанын қалай түсінуге болады? Бұл тіптен ақылға сыймайды емес пе?
Батыс Қазақстан облысындағы машина жасау саласы кәсіпорындары мен мұндағы бизнес-қауымдастық өкілдері бұл жағдайға үлкен алаңдаушылық білдіріп отыр. Қалай дегенде де, жергілікті өндірісшілер шетелдік КПО. б. в. компаниясының тендерлеріне қатысқанымен бұл көп жағдайларда тиісті нәтиже көрсете алмай келеді.
Батыс Қазақстан машина жасау компаниясының бас директоры Әліби Ахметжановтың айтуынша, КПО.б.в. компаниясымен өткен жылы 37 миллион теңгенің келісімшарты жасалғанымен ең аяғы бір болт жасауға әлі тапсырыс түспеген. Мұндай жағдайда өнімнің сапасы жөнінде сөз саптаудың өзі қисынсыз. Өйткені, сапаға баға беру үшін де ең алдымен сол тауар мен қызмет түрі өндірістік өмірге жол тартуы керек.
Бұған қатысты өңірде қажетті іс-шаралар кешені жасақталған. Осы шеңберде бірнеше дүркін арнайы кеңестер өткізілген. Тіпті жер қойнауын пайдаланушыларға өз комиссияларын құруына ерік беріліп, онда жергілікті зауыттардың тапсырыстарды орындау мүмкіндіктерін алдын-ала көріп бағалауларына толық жағдайлар жасалған. Рас, мұндай шетелдік компаниялар өндіріс орындарын бірнеше рет қарапты. Алайда оның нәтижесі шамалы, істің алға басуы мардымсыз.
Тағы бір айта кетерлік мәселе, кен орнын пайдаланушыларға өте қысқа мерзім ішінде жабдықтар мен материалдар қажет болған сәттерде, олар қазақстандық кәсіпорындарға құны төмен бағамен сұраныстар береді екен. Иә, мұндай жағдайда жауапкершілігі төмен жабдықтаушылардың «қара тізіміне» ілікпеу үшін олар кен орнын игерушілердің шарттарымен келісуге мәжбүр болады. Сөзіміздің тобықтай түйініне келсек, қазір Қарашығанақ кеніші жобасында қазақстандық үлес өзінің қажетті деңгейіне шыға алмай келеді. Ендігі жерде мұнда пайданы бөлу жөніндегі келісімшарт қайта қаралатын кезең қарсаңында қазақстандық үлесті әлі де көтерудің маңызы одан әрі арта түседі деп санаймыз.
Осы ойымызды жариялылық тұрғысынан одан әрі нақтылай түсетін болсақ, Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалиннің айтуынша, Қарашығанақ кенішіндегі ҚПО.б.в. компаниясы қазіргі күнге дейін өздері салған инвестицияның қайтарымын жасаған. Егер бұған дейін кен орнынан түсетін пайданың жиырма пайызын Қазақстан, сексен пайызын шетелдік инвесторлар алып келсе, алдағы кезде бұл арасалмақ өз орындарын алмастырмақ. Яғни ендігі жерде, жоғарыда айтып өткеніміздей, пайданы бөлу жөніндегі келісімшарт қайта қаралып, бұдан әрі еліміз пайданың сексен пайызын, керісінше, инвесторлар жиырма пайызын иеленбек.
Әрине, бұл үрдіс көзді ашып-жұмғандай қас-қағым уақытта іске аса қоймайтыны белгілі. Елімізде мұны алдымен мұқият есептеп, тек содан кейін ғана, биыл және алдағы жылдары біртіндеп қолданысқа енгізуге қам жасалмақ. Сөз жоқ, бұл отандастарымыз үшін өте жақсы да жағымды жаңалық, бюджет қоржынын толықтыратын қосымша түсім екені хақ. Ал бұған қоса Қарашығанақ жобасына қатысты қолданылатын жаңа тариф саясаты қазақстандық үлестің көкжиегін көтеруге септігін тигізсе игі.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы.