06 Наурыз, 2014

Жалақы қарызы жанға батады

284 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауды ұдайы басты назарында ұстайтын прокуратура органдары соңғы жылдары олардың жалақыларының уақтылы қол­дарына тиюлері жолында ай­тар­лықтай күрес жүргізіп келеді. Мұндай белсенділік пен табан­дылық Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық прокуратурасы қызметкерлеріне де тән болып отыр. Бұл үшін өткен жылы проку­­­­ратура азаматтардың 903 мәрте конституциялық құқықтарын қорғаса, ықпал ету актілері негізінде 49 297 371 теңгенің беріліп, оның 14 025 435 теңгесінің мемлекет пайдасына өндірілуіне жол ашқанын айтуымызға болады. Нақтылағанда, аудандағы «Сумен жабдықтау нысандарын пай­далану және жөндеу» мем­ле­кеттік коммуналдық кәсіп­­­­ор­нында 2013 жылдың ақпан-ма­мыр айларына 65 жұмысшыға 8 530 765 теңге жалақы қарызы қалып­тасты. Аудандық прокура­ту­ра тарапынан осыған байланыс­ты тиісті ұйғарым енгізілді. Бірақ кәсіпорын оны дер кезінде орындай алған жоқ. Сон­дықтан Жаңақорған аумақтық сот орын­даушылар бөліміне прокурор талабын мәжбүрлеп орындату туралы қаулы жолданып, қаралу нә­ти­жесімен 65 жұмысшының жала­­қы­лары толық төленуі қамта­масыз етілді. Алайда, тап осы кәсіпорында жа­лақыны уақтылы төлемеу фак­тісінің биыл да орын алғаны бел­гілі болып отыр. Оны осында қыз­мет ететін Ж.Балабековтің 2013 жыл­дың сәуірінен 2014 жылдың қаңта­рына дейін еңбек жалақысын ала алмай жүргені жөніндегі ары­зы айғақтап берді. Оның бұл ара­лық­тағы алашағы айтарлықтай бо­лып шықты. Бұдан бөлек, меке­медегі тағы 35 жұмысшыға 2013 жыл­дың қыркүйек, қараша және жел­тоқ­сан айларына 3 262 195 теңге жа­лақы қарызы жиналып қалған. Бұдан бөлек, Аққорған ауылдық округіндегі «Түгіскен» ТШ» ЖШС-нің жұмысшыларға 2013 жылғы қазан айындағы жала­қы­ларын төлемеу деректері орын алған. Оның 235 жұмысшыға бере­шегі 9 182 507 теңге болған. Аудан­дық про­­­куратура осы орын алған заң бұзу­шылыққа байланысты серік­тестік басшысының атына ұйға­рым енгізді. Оның нәтижесінде 73 жұмысшыға тиесілі 2 093 000 теңге жалақылары төленді, ал қалған 162 жұмысшының 7 089 507 теңге жалақысы мәжбүрлеп өндіру жолымен берілді. Осының бәрі көптеген мекемелер мен кәсіпорындар басшыларының адамның конституциялық құқық­­­­тарын сақтауға жауапты қарай бермейтінін байқатады. Жалақы қарызы бәрінен жаман. Ол әркімнің, әрбір отбасының күнкөріс деңгейін анықтайды. Сондықтан прокуратура органдары бұл тараптағы белсенділіктерін жалғастыра береді. Мұрат ДОСМАҒАНБЕТОВ, Жаңақорған ауданының прокуроры. Қызылорда облысы.