ANTIKOR • 13 Желтоқсан, 2021

LRT ісі: Антикор айыпталушылардың Интерпол тізімінде болмау себебін түсіндірді

2741 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбеков Интерпол тізімінде жоқ екені туралы БАҚ-тағы ақпаратқа қатысты жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

LRT ісі: Антикор айыпталушылардың Интерпол тізімінде болмау себебін түсіндірді

«Астана қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғаларына және LRT, BRT/ITS жобаларын іске асыруға бөлінген ақша қаражатын жымқыру фактілері бойынша өзге де тұлғаларға қатысты қылмыстық іс аясында Т. Арданға және Қ. Сұлтанбековке «қызыл бюллетень» бойынша (қамауға алу және экстрадициялау мақсатында) халықаралық іздеу жарияланды.

Жүргізілген іс-шаралар Т. Арданның Түркияда орналасқандығын анықтады. Сот оны қамауға алу үшін сырттай санкция берді. Осы мемлекеттің құқық қорғау органдары оның орналасқан жерін анықтау және ұстау бойынша іс-шаралар жүргізуде. Сонымен қатар Қ. Сұлтанбековтің АҚШ аумағында екендігі анықталды. Оны ұстау және экстрадициялау туралы өтініштер бірнеше рет жолданды. Алайда, АҚШ заңы бойынша егер ол көші-қон режимін бұзбаса, «қызыл бюллетеннің» болуы іздеуде жүрген адамды ұстауға негіз болмайды. Сонымен қатар біздің азаматты экстрадициялау қылмыскерлерді ұстап беру туралы екіжақты келісімнің болмауымен қиындап отыр. Бұл мәселені уәкілетті орган пысықтайды», делінген агенттік хабарламасында.

Сондай-ақ мәлім етілгендей, Интерпол сайтында тек кісі өлтіру, терроризм, экстремизм сынды қылмыстар үшін айыпталушылардың мәліметтері енгізіледі.

Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы – Интерполдың талаптары мен ережелеріне сәйкес, Интерполдың жария веб-сайтында қылмыскерді іздестіру және жариялау туралы мәліметтер тек үлкен қоғамдық резонанс тудырған, сондай-ақ қоғамға жоғары қауіп төндіретін (кісі өлтіру, терроризм, экстремизм және т.б.) қылмыс жасаған адамдарға қатысты жарияланатынын атап өткен жөн.

Дәл осы талаптар іздестірілетін адамдарды бәріне қол жетімді тізімге қосуға негіз болады. Жария веб-сайтта мәліметтерді жариялау туралы түпкілікті шешімді Интерполдың Бас хатшылығы (Лион, Франция) қабылдайды.