Тәуелсіздік • 13 Желтоқсан, 2021

Иранда Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы атап өтілді

381 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

2021 жылғы 12 желтоқсанда Тегеранның «Парсиан Азади» қонақүйінде Қазақстанның Ирандағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған салтанатты қабылдау өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Иранда Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы атап өтілді

Іс-шараның жоғары мәртебелі қонақтарының қатарында ИИР Ауыл шаруашылығы джиһады министрінің орынбасары М.Ғорбани, ИИР Мәжілісінің депутаты - Серпіліс және өндірісті өркендету жөніндегі арнайы комитеті төрағасының орынбасары –ИИР-ҚР парламенттік достық тобының басшысы Ғ.Нури Ғезелдже, ИИР Сауда, өнеркәсіп, кен және ауыл шаруашылығы платасының орынбасары М.Карбаси, ИИР Сыртқы істер министрлігі Еуразия департаментінің бас директоры Ә.Хағиғиан, ИИР СІМ Көпжақты және халықаралық экономикалық ынтымақтастық департаментінің бас директоры С.Әләви, Иранның өзге де мемлекеттік органдарының, Тегеранда тіркелген шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдардың басшылары, ирандық көрнекті қоғам қайраткерлері, ғылыми, шығармашылық зиялы қауым және қазақ диаспорасының өкілдері – жалпы, 150-ден аса адам қатысты.Е

Салтанатты қабылдауда Ирандағы ҚР Елшісі А.Оразбай сөз сөйлеп, Қазақстан өз тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде экономикалық реформаларды сәтті жүзеге асырды, нәтижесінде кеңестік үлгідегі жоспарлы экономика әлемдік сауда-экономикалық жүйеге толықтай интеграцияланған еркін нарықтық экономикаға көшті деп атап өтті.

Сонымен қатар, Елші тәуелсіздік жылдары Қазақстанға келген тікелей шетелдік инвестиция 380 млрд. долларға жеткенін, бұл Орталық Азияға тартылған шетелдік инвестициялардың жалпы көлемінің 75%-нан астамын құрайтынын мәлімдеді.

Елші А.Оразбай сөзінің жалғасында Қазақстанның маңызды жетістіктерінің қатарында ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі қалыптасқанын, көрші мемлекеттермен, соның ішінде Ресеймен және Қытаймен шекара толықтай делимитацияланғанын, сондай-ақ Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қою нәтижесінде теңіз шекараларының делимитацияланғанын атады. Елші Қазақстанның тәуелсіздік алған тұста әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқаны және Семей ядролық сынақ полигонын жапқаны халықаралық қоғамдастық мойындаған халықаралық қауіпсіздікке қосқан зор үлесі болғанын атап көрсетті.

А.Оразбай Қазақстан-Иран қарым-қатынасының дамуы туралы бөлек айта келе, Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап екіжақты қарым-қатынастар әрқашан екіжақты деңгейде де, көпжақты форматта да өзара қолдауға негізделген саяси диалогтың жоғары серпінімен сипатталып келе жатқанына баса тоқталды.

 

Екі мемлекеттің арасындағы тауар айналымы 2021 жылдың 9 айында 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,2 есеге өскені атап көрсетілді. ИИР Үкіметінің атынан қабылдау рәсімінің бас қонағы болған ИИР Ауыл шаруашылығы джиһады министрінің орынбасары М.Ғорбани сөз алып, Қазақстан 30 жыл ішінде саяси, экономикалық, әкімшілік-басқару, ғылыми, технология салаларында айтулы жетістіктерге қол жеткізгенін жоғары бағалады.

Бұдан өзге, Иран мен Қазақстан парламенттік достық тобының төрағасы Ғ.Нури Ғезелдже өз сөзінде Қазақстан Республикасының егеменді даму жылдарындағы жетістіктерін жоғары бағалап, осы ретте екі ел арасындағы парламентаралық ынтымақтастықтың маңызды рөлін атап өтті. Іс-шара бағдарламасының ерекше бөлігі ретінде Тегеран өнер университетінің скрипкашылары қазақтың халық музыкасы мен танымал қазақстандық композиторлардың әуендерін орындады.

Сондай-ақ қонақтар назарына Қазақстанның жетістіктері мен Қазақстан-Иран қарым-қатынасының дамуы туралы бейнефильм мен фотокөрме ұсынылды. Сонымен қатар қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылды.