Ғалымдар немесе сала мамандары болмаса, өзге адамдар күнделікті тіршіліктің қамымен жүріп когнитивті функциялар деген ұғымды ескере бермеуі мүмкін. Ол дегеніміз, біздің кәдімгі өмір сүру үдерісіміз. Когнитивті қызметтің бес түрі бар. Оның біріншісі гнозис – көру, есту арқылы мәліметтерді сырттан қабылдау. Екіншісі, праксис – дене қимылы, яғни отыру, тұру, жүру, жүгіру, аяқтың, т.б. Үшіншісі – сөйлеу. Төртіншісі – есте сақтау қабілеті. Бесіншісі – ақыл-ой қабілеті.
Осы айтылған когнитивтік функциялар қан қысымының өрлеуінің, қан тамырларының склерозға ұшырауының, мидың неше түрлі ауруларының, орталық жүйке жүйесі мен жұлын кеселдерінің салдарынан уақыт өте келе үлкен өзгерістерге ұшырайды. Бұл адамдардың өмір сапасын төмендетеді. Біздің бұл жерде көтеріп отырған мәселеміз – когнитивті функциялары бұзылған кәрі адамдардың жайы. Бүгінде Астана қаласының «Қарттар мен мүгедектерге арналған үйінде» 80-нен асқан және 100-ге таяған 65 адам бар. Бұларда жоғарыда айтылған кеселдер жоқ. Бірақ кәрілікке байланысты осы қызметтері бұзылған.
Ол қызметтің бұзылуы есте сақтаудың нашарлауынан, ақыл-ойдың төмендегенінен, мәлімет қабылдау мүмкіншілігінің азайғанынан, ақыл-ойы, есте сақтау қабілеті, мәлімет қабылдау қасиеті түгел төмендеп, сөйлеу мүмкіншілігі азаюынан, ең соңында, ешбір сырттан келген кеселсіз-ақ, қимылдың нашарлай түсуінен көрінеді. Қимылдың барлық түрі бірден кеміп кетпегенімен, жеке-жеке түрлері бұзылуы мүмкін. Мүгедектер мен қарттар үйіндегі менің бақылауымдағы кісілердің түгелге жуығының когнитивтік функциялары нашарлаған деп айтуға болады. Мысалы, 1933 жылы туған З.С. жоғары білімді, кезінде мұғалім болып жұмыс істеген. Ақыл-есі, сөйлеу қабілеті жақсы болғанымен, орталық жүйке жүйесін басқаратын қол қимылы бұзылған. Қолы қозғалады, бірақ киімінің жеңін киюге қабілетсіз. Тек мейірбикелердің арқасында ғана киінеді. Сол сияқты кейбір кісілерде қуықты орталық жүйке жүйесі басқармайтын болғандықтан, әлсін-әлсін жеңіл дәреті тоқтамайды.
Әр кісіде когнитивтік қызметтің бір түрі немесе бірнеше түрі бұзылуы мүмкін. Мысалы, 1930 жылы туған А.С.-ның есте сақтау қабілеті бұзылса, В.И.-дің мәлімет қабылдауы дұрыс емес. Сондай-ақ, ақыл-ойдың, естің кемуіне байланысты 1928 жылғы Я.С. есімді қарт алжыған десе болады. Әрине, бұл жағдай олардың өмірінің сапасын төмендетіп отырғаны белгілі. Осы жерде мен көтеріп отырған мәселемен алыс шетелдердің және Ресейдің ғалым дәрігерлері айналысуда. Геронтолог Н.Яхноның айтуынша, бұл қызметтің бұзылуының жеңіл, орташа және ауыр түрлері болады. Осы жағдайларға сәйкес дәрілер қолдану керек. Мысалы, Ресей мен Францияда қазір «Танакан» препараты кең көлемде қолданылады. Келешекте солардың нәтижесін ескере отырып, осы препаратты біз де қолдануымыз керек деп есептеймін.
Осы өткен уақыттарда мен өз тәжірибемде жоғарыда көрсетілген кісілерге «Энцефабол», «Фезам», «Аминалон», «Кавинтон», т.б. дәрілерді қолданып жүрдім. Қазіргі кезде Қытайдың биологиялық активті қоспаларын, яғни ми жұмысын жақсартатын кальций, мырыш, шай, кордицепс қолданудамын.
Әрине, мен нақты ғылыми жұмыспен айналысып жүргенім жоқ. Тек психотерапевт дәрігер ретінде күнделікті тәжірибелік жұмыстар істеймін. Бұл маған төмендегідей қорытындыға келуіме сенім беріп отыр. Жоғарыдағы айтылған дәрілер мен «Танаканды» жастары 60-65-тен асқандарға біз әр тоқсан не жарты жыл сайын ауыстырып беріп тұрсақ, когнитивтік қызметтің бұзылуына не ілгерілеуіне жол бермейміз. Ол өмірдің сапасын жақсартуға көмектеседі деп ойлаймын. Сапалы өмір сүру дегеніміз – адамның өз-өзіне қамқорлық жасауы.
Әбіл ПІРЗАДАЕВ,
жоғары сыныпты психотерапевт.
АСТАНА.