Іс-шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов, мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Мархабат Байғұт, «Парасат» орденінің иегері Ханбибі Есенқарақызы, қоғам қайраткерінің ұрпақтары мен ғалымдар, тағы басқа зиялы қауым өкілдері қатысты.
Композициялық мүсіннің қала орталығында бой көтеруіне ықпал еткен қала әкімі Мұрат Әйтенов құттықтау сөз сөйлеп, іс-шараның маңыздылығына тоқталды. «Мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің ұлт руханиятын көтерудегі орны айрықша. Ғалым-этнограф Мәдениет министрлігінде жауапты қызмет атқарған жылдары елімізде 400-ге жуық археологиялық нысан қалпына келтірілгенін жақсы білеміз. Тарихымызды танып, руханиятымызды білуге үлкен өзгерістер жасалды. Бұл Өзбекәлі Жәнібековтің ұлт қайраткері, отаншыл азамат ретіндегі тұлғасын көрсетеді. Мемлекетіміздің маңызды тарихи белесі – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында ашылған бұл ескерткіш бүгінгі ұрпақтың ұлт азаматына көрсеткен зор құрметі деп білемін», деді қала әкімі. Шымкент қаласының Орталық саябағына орнатылған шағын сәулет мүсіні Ө.Жәнібековтің 90 жылдық мерейтойына арналып отыр. Сондай-ақ қаланың «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында» қоғам қайраткерінің өмір жолын баяндайтын «Дара» атты деректі фильмнің тұсауы кесілді. Фильмде қайраткердің өмірлік позициясы, ұлттық идеологияның негізін қалаудағы ой-пікір ұстанымы, қазақтың өмір-салты мен болмыс-бітімі, дүниетанымын түбегейлі зерттеп, қайта жаңғырту жолындағы ізденістері, көптеген еңбектері сараланады.
Сондай-ақ бұл күні Қазақ театрының тұңғыш режиссері Жұмат Шанинге арналған ескерткіш ашылды. Шымкент театры Жұмат Шанин есімін 1972 жылы иеленді. Араға 50 жыл салып, театр алдына қайраткердің еңселі ескерткіші тұғырға қонды. «Қазақ театр өнерінің ұстазы болған тұлғаның ғибратты ғұмыры мен мол мұрасы – халқымыздың асыл қазынасы. Жұмат Шанинге құрмет көрсету арқылы біз мәдениет қайраткерлеріне құрмет көрсетеміз. Ұлт тарихындағы алғашқы кәсіби театр маманының өмірлік танымы – өскелең ұрпақтың бой түзер бағыты болатынына сенімдімін», деді қала әкімі ескерткіштің ашылу салтанатында. Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры алдына орнатылған ескерткіштің биіктігі тұғырымен қосқанда 5 метрге жуықтайды. Авторы – Мәдениет қайраткері, Суретшілер одағының мүшесі Әбдуахат Мұратбаев.
ШЫМКЕНТ