Аймақтар • 14 Желтоқсан, 2021

Тұлғаға құрмет – тарихқа құрмет

5191 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі танымдық, тағылымдық істермен де ел есінде қалады. Шымкент қаласында мереке қарсаңында қос бірдей ескерткіш ашылды. Қала әкімдігінің қолдауымен қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің композициялық мүсіні ашылып, «Дара» атты фильмнің тұсаукесері өтті.

Тұлғаға құрмет – тарихқа құрмет

Іс-шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов, мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Мархабат Байғұт, «Парасат» орденінің иегері Ханбибі Есенқарақызы, қоғам қайраткерінің ұрпақтары мен ғалымдар, тағы басқа зиялы қауым өкілдері қатысты.

Композициялық мүсіннің қала орталығында бой көтеруіне ықпал еткен қала әкімі Мұрат Әйтенов құт­тықтау сөз сөйлеп, іс-шараның маңыз­дылығына тоқталды. «Мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәні­бековтің ұлт руханиятын көте­рудегі орны айрықша. Ғалым-этнограф Мәдениет министрлігінде жауапты қызмет атқарған жылдары елімізде 400-ге жуық археологиялық нысан қалпына келтірілгенін жақсы білеміз. Тарихымызды танып, руханиятымызды білуге үлкен өзгерістер жасалды. Бұл Өзбекәлі Жәнібековтің ұлт қай­раткері, отаншыл азамат ретін­дегі тұлғасын көрсетеді. Мемле­ке­тіміз­дің маңызды тарихи белесі – Тә­уел­­сіздігіміздің 30 жылдығы қар­­са­­ңында ашылған бұл ескерткіш бүгінгі ұрпақтың ұлт азаматына көр­сет­кен зор құрметі деп білемін», деді қала әкімі. Шымкент қаласының Орталық саябағына орнатылған шағын сәулет мүсіні Ө.Жәнібековтің 90 жыл­дық мерейтойына арналып отыр. Сондай-ақ қаланың «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында» қоғам қайраткерінің өмір жолын баяндайтын «Дара» атты деректі фильмнің тұсауы кесілді. Фильмде қайраткердің өмірлік позициясы, ұлттық идеологияның негі­зін қалаудағы ой-пікір ұстанымы, қазақ­тың өмір-салты мен болмыс-бітімі, дүниетанымын түбегейлі зерттеп, қайта жаңғырту жолындағы ізде­ніс­­тері, көптеген еңбектері саралана­ды.

Сондай-ақ бұл күні Қазақ театры­ның тұңғыш режиссері Жұмат Ша­нинге арналған ескерткіш ашылды. Шымкент театры Жұмат Шанин есімін 1972 жылы иеленді. Араға 50 жыл салып, театр алдына қайраткердің еңселі ескерткіші тұғырға қонды. «Қазақ теат­р өнерінің ұстазы болған тұлғаның ғибратты ғұмыры мен мол мұрасы – халқымыздың асыл қазынасы. Жұмат Шанинге құрмет көрсету арқылы біз мәдениет қайраткерлеріне құрмет көрсетеміз. Ұлт тарихындағы алғашқы кәсіби театр маманының өмірлік танымы – өскелең ұрпақтың бой түзер бағыты болатынына сенімдімін», деді қала әкімі ескерткіштің ашылу салтанатында. Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры алдына орнатылған ескерткіштің биік­тігі тұғырымен қосқанда 5 метрге жуық­­тайды. Авторы – Мәдениет қай­раткері, Суретшілер одағының мүшесі Әбдуахат Мұратбаев.

 

ШЫМКЕНТ