Спорт • 14 Желтоқсан, 2021

Мықтылар топ жарды

125 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтандағы Жақсылық Үш­кемпіров атындағы жекпе-жек са­райын­да грек-рим күресінен ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті.

Мықтылар топ жарды

Әр жылдары әлемдік және құрлықтық жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілген балуандар арасындағы белдесулерді көруге көрермен көптеп жиналды. Әсіресе, 77 кило салмақ дәрежесінде бәсе­ке­лестік тым күшті болды. Атыраулық Мақсат Ере­жепов, қостанайлық Тамерлан Шаду­каев және Демеу Жадыраев ара­сын­дағы тартыс өте шиеленісті өтті. Осы­лардың арасынан Мақсаттың мысы басым болды. 60 кило салмақта тосын нәтиже тіркелді. Фи­налда өскемендік Ернұр Фи­дахметов пен қызылордалық Айдос Сұл­танғали сайысқа түсіп, бұл тартыс Кенді Алтайдан келген апайтөстің пайда­сына шешілді. 97 кило салмақта талай бай­рақты бәсекеде атой салған Ерұлан Ысқақовты ойда-жоқта есімі көпшілікке бей­мәлім Алматы облысының өкілі Сан­жар Серікқан сан соқтырып кетті.

Сондай-ақ белдесулер қорытындысы бойынша петропавлдық Аманғали Бекбо­латов (55 кило), ақтөбелік Мейрамбек Ай­нағұлов (63 кило), шымкенттік Мейір­жан Шермаханбет (67 кило) пен Әлім­хан Сыздықов (130 кило), түркістандық Абылайхан Әмзеев (72 кило), талдықор­ғандық Диас Қален (82 кило) және өске­мендік Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кило) бас жүл­дені қанжығаларына байлады.