Назарбаев зияткерлік мектептерінен көрініп отыр
Елбасының «20 зияткерлік мектеп» жобасы аясында 2010 жылы Талдықорғанда да физика-математикалық бағыттағы «Назарбаев зияткерлік мектебі» ашылған еді. Негізгі мақсаты жасөспірімдердің зияткерлік әлеуетін көтеріп, көшбасшылық қадамын қалыптастыру, адами құндылығы жоғары зиялы тұлға тәрбиелеуге ықпал ету болып табылады. Осы бағытта Пенсильвания UPENN, Филадельфия (АҚШ) және Sussex, Брайтон (Ұлыбритания) университеттерінде кәсіби біліктілігін көтерген, Елбасының Құрмет грамотасымен марапатталған Жетісудың кіндік қаласындағы зияткерлік мектеп филиалын басқарып отырған педагогика ғылымдарының кандидаты Гүлайым Байжикенованы әңгімеге тартқан едік. – Гүлайым Қабидолдақызы, зияткерлік мектептің көп мүмкіндігінің бірі – жалпы орта мектепке тән бағдарламамен шектелмей, уақыт талабына сай заманда тың серпінмен білім беретіндігі туралы соны ой қозғасаңыз? – Елбасы биылғы Жолдауында бірегей білім беру, білім берудің ұлттық жүйесін қалыптастыруды тапсырып отыр. Оның үстіне жалпы білім беретін мектептерді «Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек» деді. Бұл бізге білдірген сенім, сонымен бірге зор жауапкершілік жүктеуде. Иә, біріншіден, зияткерлік мектептің ерекшелігі қандай дегенге тоқталайын. Білім ордасында орта білім берумен қатар, әр оқушының ойлау қабілетін дамытуды негізгі ұстанымына айналдырған. Қарапайым ғана мысал келтірсем, математика пәнінің мұғалімі оқушыға есеп шығартқан кезде тақтаны, иә болмаса қағазды шимайлап тұрмай (калькуляторды мүлде ұмытып) ойша көбейтіп, бөліп дұрыс жауабын жазуға машықтандырады. Сан рет сүзгіден өткен мұндай тәсілдер әр пәнде ретіне орай пайдаланылады. Оқушылар мұғалімімен бірлесе жүргізетін ғылыми-зерттеуінде ережемен шектелмей, өзіндік ойын іс жүзіне асыруына мүмкіндік молынан жасалған. Сөйтіп, әлемдік білім кеңістігіне ену мақсатында баланың алғырлығын анықтауға, ұшқырлығын ұштауға қадам жасалады. Уақыт талабына сай білім беру үшін 59 оқу кабинеті, роботты техникалық, нанотехнологиялық 13 зертхана, электрондық абонемент орнатылған кітапхана, жоғары жылдамдықты желілі, желісіз Wi-Fi интернет жүйесі бар. Осыны ұтымды пайдалана білу үшін кәсіби мамандарға тән біліктіліктері сыналып, іріктелген педагогика ғылымдарының кандидаттары және жоғары санатты 124 мұғаліммен бірге шетелдік 21 оқытушы жұмыс істеуде. Былтырғы жылы аттестаттаудың бірінші кезеңі валидациядан сүрінбей өткенімізді айтқым келеді. Бұл түлектеріміз мектепті бітірген соң, әлемнің беделді жоғары оқу орындарына оқуға түсуге мүмкіндік беретін халықаралық маңызы бар құжатқа ие болатындығын аңғартады. – Аз ғана уақытта өңірде өзіндік орнын айшықтаған зияткерлік мектеп екі жылда қандай жетістіктерге қол жеткізді? – Барлық көрсеткіштер бойынша республикадағы «Ең үздік олимпиадалық мектеп» деп танылды. 2012 жылы мектебімізді тәмамдаған 66 түлектің 9-ы «Алтын белгі», 6-уы «үздік аттестат» иегері болды, 11 түлегіміз сындардан сүрінбей өтіп, Назарбаев Университетінің студенті атанды. Былтырғы жылы да сол биіктен түспей шәкірттеріміздің алтын, күміс медальдары еселеніп, 20 оқушымыз Назарбаев Университетінде білімдерін жалғастырса, Түркия, Ұлыбритания, Ресей мемлекеттерінің жоғары оқу орындарына таңдаған мамандықтары бойынша оқуға түскен оқушыларымыз бар. Бірқатар ұстаздарымыз жекелеген пәндер бойынша бағдарламалар құрастырып, оқулықтар жазуға өз үлестерін қосуда. Сөйтіп, кәсіби біліктіліктерін әріптестеріне мойындатумен қатар, зияткерлік мектеп мерейін көтере түсуде. – Зияткерлік мектептің өзге мектептерден қандай ерекшелігі бар? – Білім беру бағдарламасының заманауи моделін әзірлеу, енгізу және жүзеге асыру балабақшадан бастау алып, бастауыш сыныпта жалғасып, негізгі және жоғары сыныптарда оң нәтижеге қол жеткізуді көздейді. «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы ретінде академиялық еркіндік пен дербестік құқығына ие. Бұл мәртебе оқу бағдарламаларын дербес бекітуге, қабылдау емтихандарына қойылатын талаптарды белгілеуге, оқу үлгерімін бақылауға, аралық және қорытынды аттестаттауға құқықты білдіреді. Академиялық еркіндікке орай біздің мектепте көшбасшылықты қалыптастыруға арналған жеке бағдарлама құрастырылды. Осы бағдарлама арқылы әр мұғалімнің, әр оқушының өзіндік «мені» қалыптасып, сенімі артады. Жас көшбасшыны анықтау балабақшадан бастау алады. Негізгі мектепте «Көшбасшылықты дамыту» элективті курсы жүргізіледі, ал жоғары сынып оқушылары жас лидерлер ассоциациясына тартылған. Мектептегі тағы бір өзгешелік, оқушыларымыз таңғы 8.15-тен бастап 40 минуттан оқиды. Жоспарға сәйкес, қосымша дайындық және үйірме сабақтары да күн тәртібіне енгізілген. Оқушылар күніне 3 рет мектеп асханасында тамақтанады. Сондай-ақ, зияткерлік мектептердің оқушылары арнайы тігілген мектеп және спорт киімдерімен жыл сайын тегін қамтамасыз етіледі. Мектебімізде көптілділікті қалыптастыру мақсатында шетелдік оқытушыларды жасақтау халықаралық білім ұйымдарының педагог мамандарды жалдау бойынша өткізетін халықаралық жәрмеңкелері мен жоғары оқу орындарымен серіктестігі арқылы іске асады. Стратегиялық серіктесіміз Кембридж университеті мамандарымен халықаралық үздік тәжірибелерге сүйене отырып жасалып, кіріктірілген бағдарлама бойынша жекелеген сыныптар оқытылады. Ұжымда өз ісіне берілген жоғары білікті тәжірибелі ұстаздармен қатар, болашағынан зор үміт күттіретін: Малайзия, Канада, АҚШ, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия, Филиппиндік жас мұғалімдер ортақ мақсатқа жұмылдырылған. Жекелеген пәндер «team teacher» жүйесі бойынша жүргізіледі, яғни бір пән бойынша екі педагог қатар тұрып (қазақстандық-шетелдік) дәріс береді. Мектебімізде белгіленген талапқа сай оқушы білімін бағалаудың критериалды формасы қолданылады. Алғашқы күннен «Жасыл мектеп» жобасы жұмыс істейді. Мақсаты – оқушыларды еңбекқорлыққа, мейірімділікке, қоғамдық жұмыстарға белсене араласуға тәрбиелеу. Қоғам және мектеп, Табиғат-ана игілігіне қамқорлықпен ұқыпты қарау негізгі ұстанымы болып саналады. 2012 жылдың қыркүйегінен «Қамқорлық» жобасы аясында оқушыларымыз аптасына екі рет Талдықорғандағы «Айналайын» балалар үйіне барып қамкөңіл балалардың жүректеріне жылылық шуағын құюды әдетке айналдырды. Бір нәтижесі қамқорлыққа алынған 3-7 жас аралығындағы балалар біздің оқушыларымызға бауыр басып кетті. – «Қазақстан-2050» Стратегиясынан бастау алған Елбасының биылғы Жолдауына сәйкес қандай жұмыс атқарылды, атқарылуда? – «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек» деді Президент. Жаңа Жолдау бәрімізді жігерлендіріп отыр. Елбасы зияткерлік мектептер орта білім беру жүйесін реформалау жөніндегі стратегиясының бір бөлігі болып табылатын зияткерлік мектептердің мәртебесін, әлеуетін арттыруды атап өтті. Зияткерлік мектептердің басты міндеті, бәсекеге қабілетті түлектерді даярлау ғана емес, сонымен бірге, өзінің тәжірибесін дәйектеу арқылы Қазақстанның орта білім беру жүйесін дамытуға ықпал ету, барлық жас ұрпаққа сапалы орта білім алуға тең қолжетімділікті қамту болып табылады. Біз осыны іске асыру үстіндеміз. Патриоттық тәрбиені жоғары деңгейде жүргізумен қатар, мектебімізде қалыптасқан үштілділік оқушылардың әлеуетін жоғарылатуда. Сын, шығармашылық ойлау қабілеті, мәдениетаралық қызметтестікке бейімділігі, өзіне және айналасындағыларға деген құрмет, сыйластық, басқа тілді үйренуге деген ниеттері оң бағытта қалыптасуда. Бүгінгі мектеп – оқушыны білім мен ғылымға үйретіп қана қоймай, өз бетімен білім алуға, талдау жасауға, сыни тұрғыда ойлауға, рухани бай, шыншыл, белсенді болуға үйрететін институт. Рухы биік, бәсекеге қабілетті, еліміздің өркендеуі мен дамуына құлшына қатысуға бейім көшбасшыларды дайындауға қабілетті барлық компоненттер біздің мектепте бар десем артық айтқандық емес. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы.Алматы облысында көлік салығынан жалтарғандар анықталды
Қоғам • Бүгін, 13:34
Қасым-Жомарт Тоқаев Валентина Матвиенкомен кездесті
Президент • Бүгін, 13:28
Шерзат Болаттың әкесіне қатысты қылмыстық іс қозғалды
Қоғам • Бүгін, 13:05
Мереке күндері ХҚКО қалай жұмыс істейді
Қоғам • Бүгін, 13:00
Қарағандыда күдікті 14 млн теңге ұрлап, құмар ойынға жұмсаған
Оқиға • Бүгін, 12:39
Ақмолада вейп саудасы тоқтатылды
Оқиға • Бүгін, 12:36