06 Наурыз, 2014

Мемлекеттік қызмет мінсіз міндет болуы тиіс

518 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында елімізді алдыңғы қатарлы дамыған еңселі елдердің қатарына енгізу мақсаты анық қойылып отыр. Осындай жоғары мақсатты жүзеге асыруда мемлекет пен мемлекеттік қызметшілердің, оның ішінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ұжымы үлкен үлес қосатыны сөзсіз. Академия елімізде мемлекеттік қызметшілерді дайындауда жақсы жетістіктерге қол жеткізген еңселі оқу орындарының бірі. Академия ұжымының барлық құрылымдарының мүшелері Елбасының Жолдауына үндестік танытты. Ұжымда қызу және жан-жақты талқылау барысында Жолдауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін басты бағыттар айқындалды. Өтпелі кезеңді басынан кешіп отырған жағдайда қалың бұқараны алдағы міндеттерді орындауға жұ­мыл­дыру қашанда мемлекеттік билік­тің ісі болып келген. Ал билік әрқа­шан мемлекеттік қызметшілер арқылы жүзеге асырылатынын еске алсақ, онда осы міндеттерді атқаруда академияның рөлі жоғары. Ендеше, бас­ты мақсаттардың бірі ретінде өзінің ерекше дәрежесіне сай академия мемлекеттік қызметкерлердің кәсібилік құзыреттіліктерін қалыптастырумен қатар, өнегелілігін, мәдениетін, адамгершілік бейнесін жетілдіруді жүзеге асыруы тиіс. Себебі, Елбасымыз алға қойған шоқтығы биік талаптарды тұлғасы, азаматтығы мен жоғары өнегелілігі шыңдалған мемлекеттік қызметші ғана орындай алады. Қазақстан қоғамының алдында тұрған әлеуметтік, саяси, эконо­ми­ка­лық өзгерулер мемлекеттік қызмет­шілердің зияткерлік, шығармашылық, кә­сіби әлеуетін жұмылдыруды, олар­дың мәдени, рухани адамгершілік деңгейлерін жетілдіруді қажет етеді. Мемлекеттік қызметтің жеке әлеуметтік институт болып қалып­та­суында мемлекеттік ұйымды басқа­ру­дың артықшылықтары орын алуы керек. Мемлекеттік қызмет әлеу­меттік институт ретінде өзіне тән құн­ды­лықтарды қалыптастырады және оларды пайдалану арқылы өз қызмет­терін нақты және жан-жақты атқарады. Қазақстандық мемлекеттік қызметті бекітудің маңызды факторларының бірі ретінде мемлекеттік қызметшілердің мотивациялық әлеуетін атауға болады. Мемлекеттік қызмет субъек­тіле­рінің ой-саналарын олардың бойын­да Отанға шынайы қызмет дәстүр­лері мен әлеуметтік практиканың сұра­нымдарына сай адамгершілік нормалар, ұстанымдар және құндылықтармен толықтыру аса маңызды міндет. Сондықтан, мемлекеттік қызмет жүйесі мен мемлекеттік қызметшілердің мәдениетін дамытудың бағыттары мен жолдарын қарастыруымыз қажет. Мемлекеттік қызметшілердің жаңа ұрпағын қалыптастыру ісінде құқықтық нормаларды мүлтіксіз орындау, адамгершілік, моральдық және жеке бас мәдениетінің рөлі жоғары. Қазақстан халқына арналған «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев осы мәселеге жалпы­қазақ­стандық мәдениеттің мәні орайында айрықша көңіл бөлді. Қазіргі мәдени кластерлердің бірі мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік қызметшілердің аксио­логиялық мазмұндарын және әлеу­меттік-мәдени, адамгершілік бағдар­ларын дамытуға арналуы керек. Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметінің жаңа моделін жүзеге асыру жолында мәдени құндылықтардың тамырлануына қажетті жағдайлар жасаумен қатар, мемлекеттік қызметші тұлғасының рухани-адамгершіліктік әлеуетін дамытуды қолға алу қажет. Осы орайда «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексінде» жазылған талап­тар­ды бұлжытпай және толық орын­дау маңызды. Тек сонда ғана мемле­кет­тік органдардың жетекшілері мен мемлекеттік қызметшілердің кодекс­тің талаптарын орындамау, оған ниги­листік тұрғыдан қарау, жұмыс бары­сында дөрекі, авторитарлық құрал­дарды ғана пайдалану сияқты мемле­кет­тік биліктің тиімділігіне кедергі кел­тіретін жәйттердің алдын алуға болады. Елтай ШАХАНОВ, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының доценті, философия ғылымдарының кандидаты.