Аймақтар • 14 Желтоқсан, 2021

Әкімшілік тұрғын үй балконына ілінген туға қатысты түсініктеме берді

635 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысы Талғар ауданының әкімдігінде тұрғын үй балкондарына ілінген Мемлекеттік ту туралы түсінік берілді. Шенеуніктер мұны Панфилов ауылдық округі әкімдігі маманының «кішкентай қателігі» екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әкімшілік тұрғын үй балконына ілінген туға қатысты түсініктеме берді

Аудан әкімдігінде хабарлағандай, 10 желтоқсанда өңірде азаматтардың патриоттық сезімін арттыру мақсатында «Терезедегі ту» акциясы өткен.

«Бұл акцияға барлық мемлекеттік құрылымдармен қатар Панфилов ауылдық округінің әкімдігі де қатысты. Ауылдық әкімдік бөлімінің маманы осы үйде тұратын отбасылардан олардың балкондарына жалаулар ілу үшін алдын ала рұқсат алды. Тұрғындар қуана келісті.

Өкінішке орай, келісілген уақытта үйде бір ғана отбасы болды. Нәтижесінде маман тек бір туды іле алды. Бірақ пәтер иелерінің рұқсаты болғандықтан, маман қалған жалауларды фотошоп бағдарламасы арқылы салуға шешім қабылдады. Бірақ кейін бұл сурет сол күні жойылды», деп түсіндірді Талғар ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Алайда, сурет блогерлердің қолына тиіп, әлеуметтік желіде тарала бастады.

«Бөлім маманының әрекетінде заңға қайшы ештеңе болған жоқ. Оның үстіне, қызметкердің мемлекеттік рәміздерді теріске шығаруға ниеті болған жоқ. Ол өзінің қателігін мойындап, суретті жойды. Бірақ блогерлердің жарияланымы әлеуметтік желілерде тез тарады», деп толықтырды әкімдік.

Еске сала кетсек, Панфилов ауылдық округінің әкімдігі көп қабатты үйдің балконына Қазақстанның туын желбіреткен болатын. Бұл туралы әкімдіктің Instagram-дағы парақшасында жарияланды.