06 Наурыз, 2014

Ендігі үміт үкіметте

222 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбылдағы кейбір ескі мектептер мен ауруханалар жаңадан салуды қажет етеді

Жақында Білім және ғылым министрлігі мен облыс әкімдігі арасындағы 2014-2016 жылдарға арналған білім беру және жас­тар саясаты салаларындағы ны­са­­налы индикаторлар мен көрсет­кіштерге қол жеткізу жөніндегі меморандумға қол қойылды. Бұдан кейін Премьер-Минис­тр­дің орынбасары Гүлшара Әбді­халықова мен Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевпен бірге М.Х.Дулати атындағы Тараз мем­лекеттік университетінде, Тараз қаласындағы №45 мектеп-гим­назиясында болды. Тараз қала­сындағы  №45 мектепте 2013-2014 оқу жылынан бастап жоба­лау-бағдарлау технологиясы негізінде оқыту тәжірибелік алаңы мен «E-Learning» электрондық оқыту жүйесі енгізілген. Үкімет мүшелерін мемлекеттік-жеке серіктестік аясында ашылған 280 орындық «Мүбәрак-Мөлдір» балабақшасының жұмысы да тәнті етті. Балабақшада физиология мен логопед бөлімдері бар. Сондай-ақ, таэквандо мен хореогра­фия үйірмелері жұмыс істейді және қазақ, орыс, ағылшын тілдері оқы­тылады. Ең бастысы, Үкімет мүшелері «мәселесі бастан асқан» нысандарда да болды. Мысалы, «Құмшағал» аумағына орналасқан №19 мектеп 1977 жылы 240 оқушыға арналып салынған болса, бүгінде ол жерде 645 оқушы оқып жүр. Ал Байзақ ауданындағы сонау 1939 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мектеп кезінде 780 оқушыға арналып салынған болса, қазір мұнда 1360 оқушы білім алуда. Облыстық он­ко­логиялық диспансердің ғима­раты да сонау 1956 жылы 135 адам­ға арналып салынған. Елге ұнағаны, Үкімет мүше­лері облысқа келіп мәселені өз көз­дерімен көріп, ондағы жағдайды мамандардың өз ауыздарынан естіп кетуі болып отыр. «Сондықтан ендігі үміт Үкіметте» дейді олар. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.