Тәуелсіздік • 14 Желтоқсан, 2021

Тәуелсіздік - бізге аманат

473 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік – еліміздің баға жетпес байлығы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан мүлдем жаңа тарихты бастады.

Тәуелсіздік - бізге аманат

Тұңғыш Президент бұған «Біз, қазақстандықтар, ұлт өрлеуінің қазақ дәуірінің негізін қалаушылар мен бастаушылар болдық. Бұл біздің асыл уақытымыздың және біздің барлық ұлы жетістіктеріміздің ең дәл атауы», деп баға берген болатын. Елбасы «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында да Тәуелсіздіктің қалай келгеніне егжей-тегжейлі тоқталады.

Тәуелсіздік – әрбір адамның, ұлттың, халықтың, елдің еркіндігі. Өз алдына дербестігі, еркін әрі бақытты күн кешіп жатқан Отаны. Әлемде өз тілі, діні, ділі, салты мен дәстүрі, ғұрпы, мәдениеті дамыған, оған қоса ішкі және сыртқы экономикасы қалыптасқан екі жүзге тарта тәуелсіз мемлекет бар. Сондай-ақ дербес тәуелсіздігі жоқ қаншама ұлт жойылу алдында тұр. Бір сөзінде Тұңғыш Президентіміз «Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек», деген еді.

Бүгінгі бейбіт күннің кепілі болған ел егемендігіне жету үшін бабаларымыз сан ғасырлар бойы күресіп, қасиетті жерімізді бізге мұра етіп қалдырды. Тәуелсіздік азап пен төзімнің, еркіндікті аңсаған шыдамның өтеуі болды. Қазақстанның тәуелсіз, егеменді ел ретінде танылғанына міне ширек ғасырдан асты. Тәуелсіздік ұлттық мерекесін бүгінгі таңда қазақ халқы жүрегімен сезінетін жағдайға жетті. Бейбіт елдің ең басты жетістігі ұлтаралық татулық пен береке-бірлік екені сөзсіз. Бұл ұлы күнді келер ұрпақтың санасына сіңіріп, бақытты елде өмір сүріп жатқандарын бағалауға үйрету керек.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында біздің жеткен жетістігіміз ұшан-теңіз. Өзіміздің белгіленген шекарамыз, дініміз бен тіліміз, мемлекеттік рәміздер мен ұлттық құндылықтарымыз, мәдениет пен салт-дәстүріміз бар тәуелсіз зайырлы елге айналдық. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Тәуелсіздік – бұл біздің басты құндылығымыз, ол бәрінен қымбат! Біздің міндетіміз – өркендеген және қуатты Қазақстанды болашақ ұрпаққа мұра етіп қалдыру». Бүгінгі заман білімнің, жаңа өркениеттің заманы. Білімді ұрпақтың тың ойлары мен жобалары еліміздің жаңа белеске шығуына жол салады. Егеменді еліміздің көк туын желбіретіп, еліміздің болашағы үшін аянбай еңбек ету басты парызымыз деп білемін.

Ерлан ДАКЕНОВ,

Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты,

Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық

филармонияның бас директоры