Елорда • 15 Желтоқсан, 2021

Елордада Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты шара өтті

447 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

14 желтоқсан күні «Астана» концерт залында «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Сарыарқа – тарихтың бастауы» атты салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды  Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордада Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты шара өтті

Салтанатты шара екі бөлімнен тұрды: ресми және мерекелік концерт.

Ресми бөлімді Сарыарқа ауданының әкімі Есет Байкен ашты. Ол ауданның дамуы туралы айтып, елордалықтарды алдағы мерекемен құттықтады.

«Тәуелсіздік – халқымыздың басты құндылығы. Егемендіктің 30 жылы ішінде еліміз барлық қиындықтарды еңсеріп, халықаралық аренаға шықты. Тәуелсіздігіміздің жарқын жетістіктерінің бірі – елорда. Сарыарқа ауданы елорданың қалыптасуына куә болды. Әрқайсыңыз еліміздің игілігі үшін еңбек етіп келесіздер! Барша қазақстандықты Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!», деді Есет Байкен.

жэ

Өз кезегінде, қалалық мәслихаттың хатшысы Ерлан Каналимов жұмысын сол кезде халық ең көп қоныстанған Сарыарқа ауданында бастағанын атап өтті.

«30 жыл ішінде елімізде үлкен өзгерістер болды. Елбасының ұстанған саясатының арқасында айналамыздағы көршілермен келіссөздер жүргізіліп, мемлекеттік шекарамыз шегенделді, әлеуметтік-экономикалық, демографиялық, экологиялық реформалар жасалды. Елбасының ең ұлы шешімдерінің бірі – астананы Ақмолаға көшіру. Ол кезде шағын провинциялық қалада небәрі 150 мың тұрғын болатын. Мен өз қызметімді 2002 жылы Сарыарқа ауданында бастадым. Ол кезде екі ауданның ішінде Сарыарқаның тұрғыны көп болды. Қазір қаламызда 4 аудан бар. Қала өсіп келеді, үйлер салынып жатыр, ал мұның бәрі атқарылған еңбектің арқасында. Мен астанамыздың және бүкіл елдің игілігі үшін еңбек еткен жандарға алғысымды білдіргім келеді. Елордамыз бүкіл республика дамуының локомотивіне айналды. Еліміздің әрбір тұрғынына ашық аспан, мықты денсаулық, бақ-береке тілеймін! Әрбір жанұяда амандық болсын, ал еліміз одан әрі өркендей берсін!» - деді Ерлан Каналимов.

Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов елордалық ардагерлерге қаланың қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

«Тәуелсіздік күні – халқымыз үшін ең басты мереке. Бұл күнді ата-бабамыз ұзақ уақыт бойы күткен. Сарыарқа ауданы қаланың тарихи бөлігін сақтап қалды. Менің бүкіл өмірім осы қаламен және Сарыарқа ауданымен тікелей байланысты. Бүгінгі басқосуымызға қала игілігі үшін ұзақ уақыт еңбек еткен ардагерлеріміз қатысып отыр. Елордамыздың негізін қалаған ардагерлерге алғысымды білдіргім келеді. Жастарға айтарым: тәуелсіздігімізді қадірлеңіздер. Ең алдымен, еңбек етіңіз, ал қажет болса, егемендігімізді қорғаңыздар», деп атап өтті ол.

х

Ресми бөлім барысында Сарыарқа ауданының тұрғындарын ауданның немесе қаланың ғана емес, елдің дамуына қосқан үлесі үшін марапаттау рәсімі өтті.

ҚР Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» төсбелгісін 12 адам, «Халық алғысы» медалін 8 адам тақты. Қала әкімі мен аудан әкімінің алғыс хаттары қаламыздың 40 тұрғынына тапсырылды, олардың арасында қоғам қайраткерлері, белсенді қала тұрғындары, ардагерлер, әлеуметтік маңызы бар мамандық иелері бар. Сол сияқты «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төс белгілерімен марапатталған ауданның көпбалалы аналары да назардан тыс қалған жоқ.

Салтанатты шара қазақстандық эстрада жұлдыздары мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясының мерекелік концертімен жалғасты.