Аймақтар • 16 Желтоқсан, 2021

Отыз әйел – отыз жаңа кәсіпкер

484 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­дық мерейтойы қарсаңында Алматы қаласының Медеу ауданындағы «Бақытты отбасы» әлеуметтік орталығы жағдайы төмен әйелдер мен көпбалалы аналардың шағын кәсіптерін қолдап, көмек көрсету аясында өз­дерінің алға қойған мақ­са­тына жете білген 30 кә­сіп­кер анаға 2022 жылға ар­нал­ған жеке күнтізбе жасап беруді ұйымдастырып отыр.

Отыз әйел – отыз жаңа кәсіпкер

«Бақытты отбасы» бағдар­ламасының өзі қаржылай емес қолдау арқылы көпбала­лы әйелдерге көмек көр­сету мақ­сатында құрылған жоба­лардың бірі. Сонымен қатар ор­талықта тіркелген аналар­ды нәтижелі әрі тұрақты жұмыс­пен қамтуды және жаппай кәсіп­керлікті дамытудың 2017-2021 жыл­дарға арналған «Еңбек» мем­лекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 505 мың теңгелік грант пен «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 2 млн-нан бастап 5 млн теңгеге дейін гранттар бөлінген болатын. Көмекке мұқтаж аналар аталған мемлекеттік бағдарламалар арқылы тегін оқып, бөлінген гранттарға қатысты. Жақсы нәтиже көрсете отырып, топтар арасынан үздік шықты. Қа­зір­гі уақытта өздерінің жеке кәсіп­терін алға жылжытып жатыр.

Қазірдің өзінде кейбір аналар екінші қолдауға қол жеткізе отырып, 2-5 млн теңгеге дейінгі көлемде қаражат алып, кәсіптерін дамытуға жақсы мүмкіндік алды. Сондай-ақ орталық ұсы­ны­сы­мен, Медеу ауданы әкімдігі тара­пынан қолдау тауып, жас кә­сіп­кер аналардың жеке кәсіп­тері­нің алға жүруіне, клиенттер мен тұтынушыларды тез табу мақ­сатында ай сайын ауданда жәр­меңке ұйымдастырылып келе­ді. Мәселен, аналар қолдан жасал­ған бұйымдарын, жеміс шоқ­тарын, картиналар, сөмке, киізден жасалған бұйымдар, әшекейлер, тәтті тағамдарын жәр­мең­кеге шы­ғарып жүр. Сонымен қатар оларға демеу­шілердің көмегімен 2 мыңнан астам қайта пайдалануға болатын бетперде, 20 комбинезон таратылды. Карантин кезінде он­лайн тапсырыс беру, үйде тап­сы­рыс қабылдау арқылы 30 әйел жұмыспен қамтылды. Осы мә­міле арқылы 3 мыңнан астам ха­лат, 7 мың маска мен бахил тігіл­­ген. Келісімшартқа сәй­кес, әйел­дердің тәжірибелері мен білім­дері ақысыз оқуға ниет білдірген басқа адамдарға жалғас­тықпен бе­рі­леді. Бұл бастаманың өмір­ге құл­шындыра түсетін тұс­та­ры да бар. Өз кәсібінен нәсіп табуды көздеген аналар қауы­мын жігер­лендіре түсу үшін Медеу ауданы «Бақытты отбасы» орта­лығы ұйым­­дастыруымен, 30 анаға кәсіп­қой сту­дияда арнайы фотосессия өтті.

Егер адам өз сүйікті ісін та­уып, жақсы нәтижеге жеткісі келсе, орталық курстарына қатысу ар­қы­лы өз армандарына жетудің жолдарын таба алады. Жақсы ортадан табылып, мүдделес жандармен бірге алға жүру де бір ғанибет.

 

АЛМАТЫ