КСРО ыдырап, Қазақстанның Тәуелсіз ел болуы – ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан ұлық арманымыз болғандықтан, бұл оқиға баршамызды шексіз қуанышқа бөледі. Алдымызда экономикалық тұрғыдан бекем, өз халқының мүдделерін қорғауға қабілетті, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш-қуаты жететін біртұтас мемлекетті қалыптастыру сияқты ауқымды және маңызды міндет тұрды.
Бір орталыққа бағынып, тек соның заңдары, бұйрық-жарлықтары негізінде тірлік жасауға дағдыланған республикада мұндай міндеттің үдесінен шығу оңайға түспеді. Сол тұста жұмыссыздық көбейді. Әркім «қайткенде де жан бағу» ұстанымымен өмір сүрді. Тәртіпсіздіктер етек жайды. Тұрақты салық түспегендіктен, мемлекет бюджеті де азайды. Соның салдарынан айлап-апталап жалақылар, әлеуметтік жәрдемақылар, зейнетақылар төленбеді. Қысқасы, барлық сала тығырыққа тіреліп, елдің еңсесі түсті. Осы қиын кезеңде, мемлекет тізгінін қолына алған республикамыздың Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің ұзақ жылдық іс-тәжірибесіне, біліміне, парасатына сүйене отырып, өте маңызды қадамдар жасады. Нәтижесінде, елімізде ұлттық валюта – теңге айналымға шығарылып, Елтаңба, Әнұран, Ту сияқты мемлекеттік рәміздер өз орнын алды. Ата Заңымыз – Конституция қабылданды. Халықтың көпэтностылығы қаперге алынып, олардың тең құқығын және өзара достастықта өмір сүруін кепілдендіретін Қазақстан халқы Ассамблеясы институты құрылды.
Мұндай мықты қадамдар тек ел ішінде ғана емес, халықаралық алаңда да жасалды. Көпвекторлы саясат жолын таңдаған дана басшы басқа мемлекеттермен дипломатиялық қатынастарды орнатып, Қазақстанның әлем қоғамдастығына танылуына жол ашты, кең байтақ Отанымыздың шекараларын нақтылап, бекітті. Сонымен қатар еліміздің дүниежүзі аясында танылуына, беделінің артуына септігін тигізетін мәселелерді де назардан тыс қалдырмады. Тәуелсіздік жылдарында мемлекетіміздің Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Экономикалық ынтымақтастық ұйымы және Ислам ынтымақтастық ұйымы сияқты халықаралық ұйымдарға мүше болуы соның айқын бір көрінісі.
Елбасының бастамашылығымен Семей полигоны жабылып, ядролық қарудан бас тартып, еліміз күллі әлемнің ыстық ықыласына ие болды. Сол арқылы біз дүниежүзіне өзімізді бейбітшілікті жақтаушы ел екенімізді көрсеттік. Мұның барлығы оңай жүзеге асырыла салған жоқ. Оның қиындығын тек сол мәселелердің шешілуіне тікелей басшылық еткен және сол үдеріске толық қатысқан тұлғалар ғана жақсы түсінеді деп ойлаймын. Өйткені тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қолға алынған кез келген бастамаға, басылған әрбір қадамға сенім артқандармен қатар оған күдікпен қарағандар да, қарсы болғандар да аз болған жоқ. Соған қарамастан Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекетіміздің болашақ тағдырын белгілеуде таңдап алған жолының дұрыс екеніне көпшіліктің көзін жеткізіп, орынсыз дүрбелеңдерге, жанжалдарға, ең маңыздысы – қан төгістерге жол бермей, елімізді қиын-қыстаулардан аман алып шықты. Елбасымыздың сөзімен айтқанда, «әрбірі ғасырға тең болған» тәуелсіздіктің алғашқы он жылында біз мемлекет ретінде белгілі деңгейде қалыптасып, даму жолымызды айқындап алғандықтан, екінші және үшінші онжылдықтар дәл солай қиын болмағанын мойындауымыз керек. Алайда бұл кейінгі онжылдықтар мүлде жеңіл болды деген сөз емес. Өйткені алғашқы он жылдың ішінде біз тәуелсіз мемлекеттің іргетасын қалаған болсақ, ендігі кезекте, оны жан-жақты шыңдап, дәйекті жетілдіру міндеті күтіп тұрды. Әсіресе, мемлекет экономикасын көтеру үшін жаңа жұмыс орындарын ретке келтіру, жабылып қалған кейбір кәсіпорындарын қайта ашу, тұрып қалған құрылыстарды соңына дейін жеткізіп, қолданысқа беру, агроөнеркәсіп өнімдерін жетілдіру, сол арқылы халықтың әлеуметтік ахуалын жақсарту, тұрмыста және өндірісте жаңа технологияларды енгізу, сонымен қатар құқық қорғау, ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс мәселелерінің маңыздылығы артты. Бұл бағыттар бойынша мемлекеттік бағдарламалар жарияланып, олардың орындалуына мұқият көңіл бөлінді. «Қазақстан – 2030», «Қазақстан – 2050», «Болашақ», «Индустриялық-инновациялық даму», «Бизнестің жол картасы», «Нұрлы жер», «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», «Цифрлық Қазақстан», «Нұрлы жол», «Еңбек» және басқа да стратегиялық маңызы бар жұмыс жоспарларының, жобалардың дайындалып, іске асуы сөзімізге дәлел.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап-ақ елімізді ең озық мемлекеттер қатарына қосу мақсатында жүргізілген кең ауқымды іс-шаралардың ойдағыдай нәтиже көрсеткеніне куәміз. Мысалы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің, Еуропадағы қауіпсіздік және ықпалдастық, Ислам ынтымақтастық ұйымдары саммиттерінің, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің, ЭКСПО-ның, сондай-ақ VII қысқы Азия ойындары мен Универсиаданың елімізде өтуі, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мәртебесіне қол жеткізуі және басқа да іс-шаралар еліміздің демократиялық жолда сәтті дамып жатқан тәуелсіз мемлекет ретінде әлем жұртшылығы тарапынан мойындалғанының белгісі.
Егер кез келген жағдайды жеке мүддесі үшін пайдалануға тырысатын кейбір оппозициялық көзқарастағы тұлғалар айтып жүргендей, елімізде ешқандай ілгерілеу болмаса, саяси тұрақтылық пен экономикалық және мәдени өркениеттің белгілері байқалмаса, мемлекеттің ішінде де, сыртында да достастық байланыстар орнатылмаса, ештеңені жасыру мүмкін болмаған бүгінгідей заманда дүниежүзі қауымы бізге сондай табыстарға қол жеткізуімізге жол берер ме еді? Әрине, жоқ! Демек, Тұңғыш Президентіміз негізін қалап берген және оны бүгінгі таңда ары қарай жалғастырып жатқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясаты, қазақстандықтар үшін бірден-бір дұрыс жол екеніне сенім ұялатады.
Даму үрдісінің бұдан кейін де жалғасатыны, алда жүзеге асырылуға тиісті әлі көптеген жұмыстың күтіп тұрғаны анық. Біз азаматтардың отансүйгіштік, адамгершілік және әділеттілік сезімдерінің оянуына ықпал ететін мәселелерге көбірек мән бергеніміз жөн деп ойлаймын.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласынан алынған төмендегі үзіндіге назар аударуды жөн көріп тұрмын. Онда: «Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз. Мысалы, тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен әрбір шешімді қабылдар сәтте осы ұстанымды басшылыққа аламын. Біз халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтың мүддесін бірдей қорғаймыз. Менің ұғымымдағы әділетті мемлекет дегеніміз – осы», деп жазылған. Егер біз Президентіміз айтқандай жан-жақты дамыған мінсіз қоғамда өмір сүруді қаласақ, ең бірінші кезекте «Тәуелсіздік бізге не берді?» деген көзқарастан айырылып, «Біз тәуелсіздікке не бердік?» деген сұрақ төңірегінде және сол бағытта еңбек етуге дағдылануымыз керек.
Қазір халық арасында көтеріліп жатқан мәселелерге, кейбір тұлға немесе топтардың талап-қалауларына қарап та, еліміздің отыз жылда қаншалықты деңгейде дамығанын аңғаруға болады. Мысалы, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, негізінен, күнделікті тұрмысқа қатысты, жұмыс орындарын сақтап қалу немесе қысқартуларға жол бермеу, айлық-жалақылар мен басқа да төлемдердің уақтылы берілмеуі, кейбір өнімдердің тапшылығы туралы мәселелер көтерілген болса, соңғы жылдарда мемлекет қауіпсіздігін сақтау, адам құқықтарын қорғау, халыққа қызмет көрсету орындарының сапасын көтеру, жалақы, зейнетақы, шәкіртақыларды көбейту, демография, экология, сөз бостандығы, саламатты өмір салтын қалыптастыру және сол сияқты көптеген маңыздылығы орасан мәселенің өзектілігі артуда.
Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақ мәселесіне назар аударып, елімізде жастардың оқып, білім алуына, еңбек етуіне кең мүмкіндіктер жасалуда. Мемлекет тарапынан бөлінетін гранттар санының, шәкіртақылар көлемінің өсіп жатқаны, жастардың тиісті қызмет етуіне, спортпен шұғылдануына, әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған әртүрлі бағдарламалардың қабылдануы содан дерек береді.
Соңғы екі жылда бүкіл әлемді дүрбелеңге салған індеттің кесірінен көптеген саланың даму қарқыны бұрынғы жылдармен салыстырғанда белгілі деңгейде баяулап қалды. Мұндай ахуал тек біздің елімізде ғана емес, дүниежүзінің барлық мемлекетінде байқалуда. Сондықтан, уақытша туындап жатқан проблемаларға түсіністікпен қарап, оларды ынтымақтастықта шешудің жолдарын іздестіргеніміз ақылға қонымды. Сөйткенде ғана біз көздеген мақсаттарымызға қол жеткізе аламыз. Қазір біздің қолымызда ізгі арман жолында жүруімізге жігерлендіретін, медет болатын, күш-қуат беретін ең асыл құндылық бар. Ол – Тәуелсіздік! Осы күнге дейін біз сол тәуелсіздіктің қадірін біліп, оған залал келтіретін кез келген қауіп-қатерге достығымызбен, бірлігімізбен тойтарыс беріп келдік. Бұдан кейін де солай болатынына сенімдіміз.
Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!
Владимир ТОХТАСУНОВ,
Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты