Осы аптада оңтүстік астанамыз Алматыда орын алған оңды оқиғаның бастысы «Қазақ эпосы» атауымен шыққан анимациялық фильмдердің тұсаукесері болды. Елдің ертеңіне алаңдайтын жамағат мемлекеттік тапсырыспен шығарылған өнімдерді жанашырлықпен жасалған екен десті.
Өткен жылы да Алматы қаласы әкімдігінің тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мұрындық болуымен қазақ ертегілерінің желісі бойынша түсірілген мультфильмдер жинағы шығарылған болатын. Басқарма басталған үлкен үрдісті жалғастырып, кезекті жинақты шығарды.
Әрі Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында атқарылған іске балабақша басшылары, әдіскерлер мен қазақ тілі оқытушылары, «Ақжелкен», «Балдырған», «Ұлан», «Дружные ребята» басылымдарының және «Қазақфильм» киностудиясының қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысып, ой бөлісті. Әрине, алдымен анимациялық туындылардан үзінділер ұсынылды. Анимациялық туындыларды алғаш болып тамашалаған зиялы қауым өкілдері балалық шақтарын аңсап, мультфильмді әрі қарай көргілері келіп кеткені де әсіре сөз емес.
Қазақ эпостарының желісі бойынша түсірілген мультфильмдер жинағы «Балаларға арналған қазақ тілі» атты анимациялық білім беру жобасы бойынша шығарылған. Жинаққа «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын батыр», «Қамбар батыр» және қазақ халық ертегілеріне құрылған мультфильмдер енген. Мультфильмдердің жалпы хронометражы – 400 минут.
Ұлттық нақыштағы мультфильмдер жас ұрпақ тәрбиесіне аса қажетті құралдардың бірі екені ақиқат.
Расында, бұл жобада кітапқа қызыға бермейтін қазіргі балалардың таным-ерекшеліктері ескерілген. Жинақ бүлдіршіндерге халық ауыз әдебиетінің асыл үлгісі – эпостар арқылы тіл үйретудің жеңіл әрі ойнақы тәсіліне негізделген.
Жұрттың қолына жаңадан тиген анимациялық жинақтың тұсаукесерінде «Жас өркен» серіктестігінің бас директоры Жүсіпбек Қорғасбек ризашылықпен сөз қозғап «Қазіргі балаларға кітап оқыту қиын болып кетті. Бұл бір ғылыми іс сияқты болып қалды. Мұның алдында шыққан мультфильмдер жинағына қатысты ескертпе-сын айтылған еді. Сол ескеріліпті. Қазіргі баспа өнімдері мен осындай анимациялық туындыларды бала да, оның ата-анасы да бірігіп, қызығып көретіндей етіп шығару, яғни баланы қызықтыру мәселесі алдымыздан шығып отыр. Жаңа жинақ жанашырлықпен шығарылған», деді.
Филология ғылымдарының кандидаты, доцент, эпик жыршы Берік Жүсіп ХХІ ғасыр табалдырығында тұрғанымызда келешекке қазақтың несі жетіп, несі қалады деген сауал төңірегінде сөз қозғап, «Қазақ эпосы құбыласын енді тапты. Иман да, иба да, ұят та қазақтың эпостарында. Балаларға арналған бұл мультфильмдер тұпнұсқасынан айырылмаған, ескі желісінен жаңылмаған», деді.
Осы жобаның сәтті жүзеге асуына депутат ретінде қалалық мәслихат тарапынан тиісті қаражатты бөлуге ықпал еткен «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай дүниеде ең байқампаз халық бала екендігін және бұл «халықтың» тілін табу қиындығын алға тартып, жинаққа көңілі толғандығын білдірді.
Анимациялық жинақтың тұсаукесеріне келгендер Алматы қаласы тілдерді дамыту, мұрағатар және құжаттама басқармасының басшысы Мамай Ахетовке алғыстарын айтты.
Тәлім-тәрбие кілті – халық педагогикасының негізінде дейтін жоба авторлары – мультфильм кейіпкерлері – Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын, Қамбар батырлардың ерлігін паш ететін қызықты сюжеттер жас буынның туған жерге деген махаббатын, Отанға деген сүйіспеншілігін оятады деп отыр. Ұлттық құндылықтарды насихаттайтын отандық туындының тілі жатық, баланың жас ерекшелігіне сай құрылған. Әр сериядағы қазақ мақал-мәтелдерінің негізіндегі оқыту элементтерінің сюжетпен байланыстыра дыбысталуы баланың қазақ тіліне деген қызығушылығы мен тіл үйренуге деген ықылас-ынтасын арттырады.
Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырыспен «Сиқырлы қалам» интерактивті оқу-әдістемелік кешенінің жаңа нұсқасы жарыққа шықты. Бұл – республикамызда тұңғыш рет қолданысқа енгізілген, мектеп жасына дейінгі балаларға арналған жаңа бағыттағы инновациялық тіл үйрету құралы. Интерактивті кешенмен жаттыққан бала қазақ және ағылшын тіліне тән дыбыстардың дұрыс айтылуын, екпінді дұрыс қолдана білуді жеңіл меңгереді. Сөздерді буынға бөлуді, санауды, түстердің реңін атауды, жадына түйген сөздік қоры арқылы түрлі іс-әрекеттерге байланысты қысқа сөйлемдер, шағын әңгімелер құруды үйренеді. Сөздік қорын молайтып, алғыс айту, өтініш білдіру, құттықтау тәрізді этикет тәртібін орындауға да жаттығады. Инновациялық кешен кез келген теледидарға немесе компьютерге қосылады, сол арқылы танымдық, қызықты бағдарлама тамашалап отырғандай әсер береді. «Сиқырлы қалам» арқылы балаларға бір мезгілде оқуға, тыңдауға мүмкіндік тиеді. Тіл үйрету құралының әдіс-тәсілдері балалардың жас ерекшелігіне сай үйлестірілген.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.