Әлем • 19 Желтоқсан, 2021

ЭКСПО-2020: Дубай төрінен үзік ой

724 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Дүние жүзі көз тіккен Дубайдағы ЭКСПО-2020 көрмесіне бара қалсаңыз, көретін қызық пен тамашалайтын таңғажайып дүниелер бірден елітіп әкетеді. Бір орынға шоғыр­ланған әлем елдерімен танысудың тамаша мүм­кіндігі дерсіз.

ЭКСПО-2020: Дубай төрінен үзік ой

«Болашақты бірге қалыптастырамыз»

Бір жыл бойы тоқтап қалған тіршіліктің қайта жанданға­нын осында көрдік. Дубайдағы көрменің ерекшеліктерінің бірі де осы. Ол адамдарды қайта бай­ланыстырып, соңғы жылдары болған жаһандық пандемия мен өзге де табиғи апаттарды ұмыттырып, халықтың есін жиып, келешекке үмітпен қарауына мүмкіндік берген, дер кезінде ұйымдастырылған іс-шараға ұқсайды. Ұлттық павильондарды аралап жүріп, адамзат иелігіндегі мұралар мен байлыққа тамсанбау мүмкін емес. Оларды қалай технология мен өндіріске жұтқызбай, сақ­тап қалуға болатынын, бола­шақ ұрпаққа дәл қазіргі қал­пында жеткізуді ойлайсың. Эко­логия, биология, энергетика, технологияның өзара байланысын бағамдап, алпауыт жүйенің кішкентай бөлігі ретінде мен не істей аламын деген ой туады.

Биылғы ЭКСПО-ның мақсаты да осы. Басты тақырыбы «Ақыл-ойымызды біріктіре отырып, болашақты бірге қалып­тас­­ты­рамыз» дегенге саяды («Con­necting Minds, Creating the Future»). Ал ұйым­дас­ты­ру­­шы­лар оған тұрақтылық, мо­биль­­дік, яғни іс-қимылға ширақ болу және мүмкіндік секіл­ді үш қадам арқы­лы қол жет­кізу­ге бо­­ла­тынын ай­та­ды. 192 ел­дің әлеуеті осы бас­ты үш па­вильоннан («Sustai­na­bility», «Mobility», «Op­po­rtu­­nity») көрі­не­ді. Қазақстан павильоны «Мүм­кіндік» аумағына жайғасқан.

Келушілердің назарын бір­ден аударатын нәрсе – әр ел­дің қайталанбас архитектурасы. Әр павильонның сыртқы көрінісі бір-біріне ұқсамайтын, сол елдің ұлттық ерекшелігін байқататындай етіп жасалған. 30-дан астам павильонды аралап шығып, кейбірінен ортақ дүниелерді түртіп алдық. Па­вильондарды екіге бөліп қа­рас­тыруға болады. Бірі шетелдік қонақтарға өз елінің туристік әлеуетін көрсетіп, мәдени, тари­хи құндылықтарын танысты­рып жатса, енді бірі адамзат­ты алаңдатқан жаһандық мәселе­лерге көбірек мән береді. Дамы­ған озық елдердің павильоны көбіне қоршаған орта, экология, технология мен болашаққа ар­нал­ған болса, кейбір елдер­дікі заманауи технологиялар­ды ұтымды қолдана отырып жасаған музейге көбірек келеді. Бо­лжам бойынша 25 млн адам келе­тін көрмеде өз еліңді таныс­тыру­дың еш әбестігі жоқ, әрине.

Әр ұсыныстың өз тұтыну­шысы бар секілді әлем мәде­ниетімен танысып, өзіне жаңа елдерді ашу мақсатымен Дубай­ға ат басын бұрғандар са­ны көп. Сол келушілердің бір бөлігі болсын энергетика, эко­ло­гия сала­сындағы басты мәселе­лер­ден құлағдар болып, өзінше әрекет ете бастаса ол да жеңіс.

Келуші ретінде павильондарды бір-бірімен салыстырып, баға бере бастау – заңды құбылыс. Көрме қазан айында ашылғаннан бері келген 3 миллион қонақтың өзінше ой түйіп, түрлі қорытындыға келгені анық. Ең басты назар аударатын нәрсе – идея мен стратегия. Себебі әр әлдің айтар ойы бар. Мәселен, балалар мен ересектердің көңілінен бірдей шыққан неміс павильоны «Германия кампусы» деп ата­лады. Қызықтыра отырып оқыту бағытын ұстанған немістер әр келушінің аты-жөнін, елін, тілін тіркеп, отыз минуттық бағ­дар­лама барысында әр «оқу­шы­мен» жеке-жеке байланыс орна­туымен ерекшеленеді. Ин­но­­вация, энергетика, биоалуан­­дылық, қоршаған орта секілді тақырыптарды меңгеріп шыққан балалар мен ересектер соңында керемет көңіл күйде оқу бітіру рәсіміне қатысады. Ал 1,5 сағат кезекте тұрып, жапон павильонына келе қалсаңыз, инновация мен технологияның түр-түрін көресіз. Жалпы, ЭКСПО көрмесін үлкен көлемді экран, дыбыс секілді зама­науи элементтерсіз елестету мүм­кін емес. Жапония­ның басты тақы­рыбын «Идеялар тоғысатын орын» деп алған. Бұл 2025 жылы Осака қаласында өте­тін дүние­жүзілік ЭКСПО көр­месіне дайындық деуге де бо­лады. Дубай­да жиналған пікір­лер мен ұсыныстардың бір бөлігі төрт жылдан кейін Жапо­ниядағы көрмеде ұсынылуы әбден мүмкін. Бұл 200-ге жуық павильонның екеуі ғана.

 

Домбыра, ұлттық би мен жусан иісі

Көрмеге кірген бетте біз көру­ге асыққан бір павильон бар. Ол – Қазақстан. Алыстан келе жатып таныс домбыраның күм­бірлеген үнін естисің. Жа­қын­дап келіп, ұзын-сонар кезекке тап боласың. Келушілер сырт­тағы уақытты бос өткіз­бей, арнайы дайындалған бағ­дар­ламаны тамашалап тұр. Дубай төрінде қазақтың қара домбырасы, ұлттық аспап­тар­дың сүйемелдеуімен өнер көрсетіп жатқан бишілер. Бұл көрініс еш қазақстандықты бейжай қалдырмасы анық. Қазақтың ұлттық күйі мен биін тамашалаған қонақтар әрі қарай залға шақырылады. Кіре­берісте үлкен экранда Ұлы даланың тарихы мен Қазақстан жай­лы мәлімет алған келуші әрі қарай жусан иісі аңқыған кең далаға жүргендей әсерде қала­ды. Ұлттық павильонда елі­міз­дің мәдениеті, тұрмыс-тір­ші­лігі, өндірісімен танысқан қон­ақ­тар энергетика, экономика, қоршаған ортаны қорғау секіл­ді түрлі салада атқарылып жатқан бағдарламалар мен же­тіс­тіктерді шолуға мүмкіндік ала­ды. Ал сапар соңы адамзат пен технологияның нәзік байланысын, өзара қарым-қатынасын сурет­тейтін арнайы шоумен аяқталады. Бір сөзбен айтқанда, Қазақ­стан павильонында еліміз­дің мәдени құндылықтары мен жаһандық өзекті мәселелер шебер үйлесім тапқан.

Қазақстан ұсынған көрмені тамашалап жүріп, кейбір келу­шімен тілдесудің де сәті түсті. 30 жыл бұрын Алматыда болған Германия азаматы еліміздің аз уақыт ішінде өзгеріп кеткенін айтты. Сөйлескен қонақтар ара­сында Қазақстан жайлы мүл­дем естімегендері де бар екен. Мәселен, Румыниядан келген апалы-сіңлілі Малина мен Солина еліміз жайлы көбірек мәлімет алғанын айтты.

– Павильон маған ұнады. Шынымды айтсам, осыған дейін Қазақстан туралы білмеген едім. Осы көрмеде елмен, мәде­ниеті­мен таныстым десе де болады. Павильонның сыртқы келбеті мен арнайы дайындалған шоуды ерекше атап өткім келеді. ЭКСПО-да қатты ұнаған па­вильон­дардың бірі болды, – дей­ді румыниялық Малина.

Қазақстан астанасында өткен көрмеден кейін келесі ЭКСПО іс-шараларының барлығына баруды мақсат еткендерді кездес­тірдік. Ресейден келген отбасы мұндай жаңа қызығушылықтың 2017 жылғы көрмеден кейін пайда болғанын айтады.

Қазақстан павильонын үз­діктердің қатарына жатқыз­ған­дар аз емес. Германия па­вильо­нындағы қызметкердің бірі Қазақстаннан екенімізді естіп қалып, бірден біздің павильонды мақтай жөнелді. «Ең сүйікті павильондарымның бірі» деп қалды. Ал Дубайдағы көрмені тамашалау үшін Франциядан арнайы келген жас отбасы да тамаша әсерін жасыра алмады.

– ЭКСПО-дағы алғашқы күніміз. Көлемі таңғалдырды. Бір қалада барлық мемлекет орналасқандай әсерде қалдым. Әзірге аралаған елдердің арасында Қазақстан – ең сүйікті павильоным. Кіре бергенде көр­сетілген алғашқы видео бірден баурап алды. Есік ашыл­ғанда өте тыныш, бейбіт кеңістікке түстім. Осыған дейін Қазақстан туралы ешнәрсе білмедім. Көрмеден қазақтардың мәдениеті, тарихы, салт-дәстүрі, киім-кешегі, болашаққа жоспары жайлы көп ақпарат алдық, – дейді олар.

Осыдан кейін ЭКСПО адамдарды, түрлі халықтарды өзара жақындастыратын, достастыратын орын екеніне сеніміңіз арта түседі. Әлем елдерін толық аралап, барлығының мәдениетімен етене танысып шығу мүмкін емес дерсіз. Алайда келушілер дәл осы халықаралық іс-шараны саяхаттың бір түріне айнал­дырған. Мумбайдан Дубайға кон­ференцияға келген Бравеш Ко­тари өзін саяхаттап жүрген турис­ке теңейтінін жеткізді.

– Мен үшін мұнда әр елдің мәдениетімен танысу өте ма­ңызды. Өйткені ол елдер­дің бар­лығына саяхаттауға мүм­кін­­дігім болмауы мүмкін. Ал көр­меде түрлі адамдармен танысу арқылы сол мемлекетті тереңірек түсіне бастаймын. Бұл да саяхаттың бір түрі. Бір ғана елге келіп, 200-ге жуық мемлекетті аралап шығуға болады. Қазақстан да солардың қатарында. Саяхаттап бармасам да, бүгін қазақ ұлты, мәдениеті жайлы көп нәрседен хабардар болдым, – дейді Б.Котари.

Расымен, ұлттық павильондар архитектурасы, ішкі мазмұны, өзіне тән ерек­ше­лік­­т­ері, тағамы, мәде­ниеті, құн­­­ды­лықтарымен, тіпті қыз­меткер­лері мен ұйымдас­тыруы се­кіл­ді көзге көрінбейтін май­да-шүйде арқылы өз елін ай­шықтап, келушілерге таныстырып тұрады. Қай павильонға бар­саңыз да, сол ердің аумағына өтіп кеткендей әсерде қаласыз. Мұнда уақыт пен кеңістіктің өз өлшемі бар секілді. Дубайда өтіп жатқан ЭКСПО-2020 көрмесіне сапардың әркімге әртүрлі әсер қалдырары анық, десе де ұйым­дастырушылардың бірлік­ке, ынтымақтастыққа шақы­р­ған үндеуі баршаға бірдей жете­тіні­не сенім мол.