Қазіргі таңда Министрлер кабинеті құрамында 16 министр бар. Бір қызығы, соның тең жартысы әйел. Қыркүйекте өткен сайлауда жеңіске жеткен SDP атынан 7 министр тағайындалса, 5 лауазым «Жасылдар» партиясына бұйырды. Еркін демократтар (FDP) атынан 4 министр бекітілді.
Естеріңізде болса, қыркүйекте Германияда парламенттік сайлау өткен болатын. Дауыс санау нәтижесі бойынша солшыл бағыттағы Социал-демократиялық партия (SDP) жеңіске жетті. Бұған дейін билікте басым дауысқа ие болып келген Христиан-демократиялық одағы (CDU) екінші орынға тұрақтады.
Социал-демократтарға электораттың 25,7 пайызы дауыс берді. Екінші орындағы Христиан-демократиялық партиясын халықтың 24,1 пайызы қолдаған. Осылайша, 16 жыл бойы Бундестагта көпшілік мандатты иеленіп келген CDU жеңіліске ұшырады.
Үшінші орын «Жасылдар» партиясына бұйырды. Олардың еншісіне бюллетеньдердің 14,8 пайызы тиесілі. Бұған дейінгі сайлауға қарағанда, аталған партия көбірек дауыс жинады. Сөйтіп Бундестагтағы мандат санын екі есеге көбейте алды. Бұл неміс халқының қоршаған ортаға алаңдай бастағанын көрсетеді.
Сонымен үш айға созылған келіссөздер нәтижесінде канцлер сайланып, министрлер кабинеті бекітілді. Осылайша, Олаф Шольц бастаған саясаткерлер алдағы уақытта Германияны алға жетелей бермек.
Ол бұған дейін Гамбургтің мэрі қызметін атқарды. Сондай-ақ Меркель үкіметі кезінде қаржы министрі болып еңбек етті. Екеуі екі партияның өкілі екеніне қарамастан, О.Шольц қызмет жолында Меркельдің көшбасшылық стилін бойына сіңірді десек артық айтқандық емес. Ол өз ісін жетік білетін қарапайым прагматик ретінде танылды.
О.Шольц мырза А.Меркельдің шын ізбасары екенін марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде анық аңғартты. Ол өзінің де, А.Меркельдің де Германияның солтүстігінен екенін атап өтті. Жаңа канцлердің бұған екпін беруінің сыры мынада. Әдетте Германияның солтүстігін мекендегендер оңтүстіктегі отандастарына қарағанда мінезі біркелкі екені белгілі. «Мен осы уақытқа дейін бағытымызды айқындаған солтүстік-шығыс неміс менталитетін жалғастырғым келеді. Саясатымызда көп өзгеріс болмайды», деді О.Шольц. Ол сондай-ақ қызметте болған кезінде көптеген ірі дағдарысты еңсерген А.Меркельге құрметін жеткізді.
Президенттің Беллевю сарайындағы резиденциясында өткен салтанатты іс-шарада Германия басшысы Франк-Вальтер Штайнмайер жаңа министрлерге алда қиын міндет күтіп тұрғанын жеткізді. «Сіздер қазір еліміз үшін және 82 миллионнан астам тұрғынның жауапкершілігін мойындарыңызға аласыздар. Сайлауда жауапкершілікті басым бағыт етіп белгіледіңіз. Осындай міндеттеріңіз қиын уақытқа тап келді. Парламенттегі коалиция көп прогреске, көп реформаға және көп өзгерістерге жетуге ниетті екенін қолдаймын.
Күмәнсіз, Германия климаттың өзгеруі немесе цифрландыру, халықаралық бәсеке немесе көші-қон сияқты үлкен қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр. Сіздердің алдағы уақытта атқаратын жұмыстарыңыз еліміздің болашақ келбетін қалыптастырады», деді Ф.Штайнмайер.
Іс-шарадан кейін Германия Министрлер кабинетінің мүшелері бекітілді. Вице-канцлер әрі Экономика және қоршаған ортаны қорғау министрі болып «Жасылдар» партиясының өкілі Роберт Хабек тағайындалды. Аталған партияның жетекшісі Анналена Бербок ендігі жерде Сыртқы істер министрі қызметін атқарады. Еркін демократтар партиясының жетекшісі Кристиан Линднер Қаржы министрі болды.