Экономика • 20 Желтоқсан, 2021

Бензинге арналған қоспа өндіреді

234 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл шілде айында ғана іске қосылған «Шымкент химиялық компаниясы» ЖШС еуро-4 және еуро-5 бензиндеріне арналған қоспа шығарумен айналысады. Аталған қоспа – метил-трет-бутил эфирі (МТБЭ) деп аталады. Компания бас директоры Манат Бибасовтың айтуынша, зауыт жылына 57 мың тонна дайын өнім шығаруға дайын. Әрі өнімнің тазалығы 99 па­йыз деңгейінде екен.

Бензинге арналған қоспа өндіреді

Осыдан бірнеше ай бұрын Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов 2021 жылы өңір­лерде жалпы сомасы 1,23 трлн теңге болатын 128 жобаның іске қосылатынын айтып, соның ішін­де 25 млрд теңге инвестиция тар­тылған Шымкент химиялық компаниясын да атап өткен еді.

Журналистерді зауыт аума­ғына шақырып, арнайылап сұх­бат берген М.Бибасов өнді­ріс көлемі Шымкент мұнай өң­деу зауытының жұмысына тіке­лей байланысты екенін айтты. Өйт­кені эфирді өндіру үшін негізгі шикізат болып саналатын бутан-бутилен С4 фракциясы мұнай өңдеу зауытынан әкелінеді.

«Зауыттың ашылуы Елба­сы­мыз­дың Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарын модерниза­циялау және еліміздегі мұнай-химия өнеркәсібін дамыту тап­­сырмасы бойынша іске асы­­ры­­лып отыр. Шымкент МӨЗ-ін жаң­ғырту аяқталған соң жұ­мыс істей бастадық. Бу­тан-бу­тилен фракциясынан изо­бу­ти­ленді пайдаланамыз да, қал­ған пай­даланылмаған газды қай­та­рып береміз. Изобутилен мына қон­дырғының ішінде метанол және катализатормен реакцияға тү­сіп, метил-трет-бутил эфирі шы­ға­рылады. Ол өз кезегінде жо­­ғары октанды еуро-4 және еуро-5 бензинін өндіру үшін қол­да­нылады», дей­­ді М.Бибасов.

Зауыт іске қосылғаннан 30 қа­рашаға дейінгі аралықта ­8 349 тонна өнім шығарылған. Өнімнің негізгі тұтынушысы – Шымкент МӨЗ-і. Басқа да сатып аламын деушілерге сау­да­лауға мүмкіндігіміз бар. Экспорт­тық әлеуетімізді де жоққа шы­ғар­­маймыз, себебі зауытта өнім­­ді сақтау және экспортқа жө­нелту үшін барлық қажетті техно­ло­гиялық жабдық бар дейді зауыт басшысы. Оның айтуын­ша, зауыт ішіндегі жұмыс процесі бар­лық экологиялық тазалық талап­тарын сақтай отыра жүр­гізіледі. Процесс 100 па­йыз автомат­тан­дырылған.

Бұл компанияның бірегей кәсіпорын ретінде сипатталуы да тегін емес. Өйткені осы­­ған дейін елімізде МТБЭ өн­ді­ретін бір ғана кәсіпорын болды. Оның жылдық қуаты 20 мың тоннаның төңірегінде. Ал «Шым­кент химиялық компа­ния­сы­ның» өнімділігі одан үш есе жоғары. «Сондай-ақ бізде әлем­дік нарықта өзін көрсете білген мұнай-газ химиясы өнімі фирмасының лицензиялық тех­но­ло­гиясының болуы да өнім сапасын ерекшелейді», дейді зауыт басшылары.

М.Бибасовтың сөзіне қара­ған­да, зауыт құрылысы кезінде қолданылған технологияның ли­цензиары – әйгілі франциялық Axens компаниясы. Әрі қарай құрылыс кезінде негізінен отан­­дық компанияларға басым­дық берілген. Сыйымдылық құ­рылғылары, металл конструкция­лары және трубалардың дені елімізде өндірілген. Колон­на­лық және дәлдігі жоғары құрыл­ғылар шетелден сатып алынғанымен, оны орнату­мен жергілікті мамандар айналысқан.

Зауыт құрылысына «Қазақ­стан даму банкі» қолдау біл­дір­ген. Банктің аға банкирі Се­рік Ахметовтің айтуынша, жоба 13,7 млрд теңгеге баға­ланады. Оның үштен бірін кәсіпорын иелері құйса, қалған бөлігін даму инс­титуттары қаржы­ландырған. За­уытта жұмыс істейтін жұ­мыс­­шы­­лар мен қыз­мет­кер­лердің бар­лығы – шымкент­тік тұр­ғын­дар. Қазіргі уақытта кәсіп­орын­ның штаттық саны – 115 адам, шетелдік қызметкерлер жоқ.

Зауыт аумағында метанол мен дайын өнім сақталатын төрт резервуар бар. Әрбірінің сы­­­йымдылығы 950 текше метр­ді құрайды. Шымкент МӨЗ-імен арадағы өндірістік тізбек кедергісіз жүзеге асуы үшін тех­­нологиялық интеграция жа­сал­ған. Яғни тазартылған су тү­рін­дегі энергия ресурстарды және шикізатты алатын құбыр же­лі­сі эстакадасы бар. Одан бө­лек, сұйықтықтарды тасымалдай­тын темір жол эстакадасы да жұмыс істейді.