Өткен жылдың соңында ұлттық әдебиеттану ғылымында үлкен із қалдырған көрнекті ғалым, сыншы, аудармашы Айқын Нұрқатовтың туғанына 85 жыл толған еді. Небәрі 37 жыл ғана ғұмыр кешкен қаламгер аз уақыт ішінде тындырымды жұмыс істеп, іргелі зерттеулерінде сөз өнерінің көкейкесті мәселелерін, әдеби үрдіс пен әдебиеттер байланысын жан-жақты қарастырды, Абай, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, И.Байзақов, Х.Ерғалиев, Ә.Тәжібаев, В.Маяковский, Т.Жароков, Ғ.Орманов, т.б. шығармаларын сан қырынан талдады, бір ғана «Абайдың ақындық дәстүрі» монографиясы арқылы абайтану ғылымына тың өзгеріс әкелді.
Нұрқатов зерттеулеріне логикалық ой жүйелілігі, пікір айқындығы, тұжырымның дәйектілігі тән болып, еңбектерінде қоғамдық ой-пікір мен көркемдік эстетика қиыса ұштасқандығын жақында ғана осы елеулі оқиғаға байланысты А.Нұрқатов қызмет атқарған Алматыдағы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында өткен «Айқын Нұрқатов әлемі» атты республикалық ғылыми конференцияда баяндамалар жасап, сөз сөйлеген ғалымдар мен жазушылар кеңінен әңгімеледі. Алқалы жиынды ашып жүргізген институт директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі Уәлихан Қалижанов осыған орайластыра жарық көрген А.Нұрқатов еңбектерінің бес томдығын қауымға таныстырып, осы басылымды дайындап шығарудағы профессор Серік Негимовтің сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.
Конференцияда негізгі баяндама жасаған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Серік Негимов, ғалымның абайтанушылық және әуезовтанушылық қырларына жеке тоқталған институттың Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі Серікқазы Қорабай мен Әуезовтану бөлімінің аға ғылыми қызметкері Келіс Рахымжанов, қаламгердің талант қырларын сөз еткен академик Өмірзақ Айтбайұлы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Сәбит Досанов, профессорлар, ақын Өтеген Күмісбаев пен Темірхан Тебегенов, «Ана тілі» баспасының директоры, жазушы Жақау Дәуренбеков А.Нұрқатовтың ұлт мәдениетіндегі орнын, баға жетпес ғылыми үлесін жан-жақты саралап берді. Өз кезегінде ғалыммен Абай атындағы ҚазПИ-де бірге оқыған сабақтастары, белгілі тілші-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Телқожа Жанұзақов, ақындар Мыңбай Рәш пен қаламдас інісі Сейфолла Оспан тебіреністі естеліктер айтты. Ғибратты жиын соңында ғалым туыстары мен ұрпақтары А.Нұрқатов рухына бағыштап ас берді.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
Суретті түсірген Юрий БЕККЕР.