Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Елімізде бала туу көрсеткіші бойынша көш бастап тұрған облыста мектеп құрылысы қарқынды жүргізілуде. Мысалы, биыл басталған 78 мектептің құрылысына мемлекет қазынасынан 18,2 млрд теңге қаралды. Оның ішінде 2,3 млрд теңге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы, 15,9 млрд теңге облыстық бюджеттен бөлінген. Бүгінде 29 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар биыл 7 спорт нысанының құрылыс жұмыстарын жүргізуге 7,4 млрд теңге қаралды. Ал өңірде пайдалануға берілетін тұрғын үйдің жалпы алаңы жылдық жоспар бойынша 800 мың шаршы метрді құрамақ. Биыл қаңтар-қараша айларында облыстағы құрылыс жұмыстарының көлемі 252 млрд теңге болды.
Құрылыс қарқынының бір нәтижелі көрінісі Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесі қарсаңында Түркістан қаласында 40 отбасы баспаналы болды. Желтоқсан айының соңына дейін баспана кезегінде тұрғандарға жалпы 610 пәтер беріледі. Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің мәлімдеуінше, олардың барлығы – көпбалалы және әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы отбасылар. Оның ішінде, көпбалалы отбасына – 470, әлсіз топтағы отбасыларға 140 пәтер беріледі. Сондай-ақ облыс орталығындағы 14 көпқабатты тұрғын үйдің 763 пәтері «Отбасы банк» АҚ арқылы және көпқабатты 3 тұрғын үйдің 151 пәтері «7-20-25» бағдарламасы арқылы несие жүйесімен сатылымға қойылды. Бүгінде мұнда бюджет есебінен 7, 9 және 12 қабатты 67 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Сонымен бірге жаңа үйлердің аулалары абаттандырылып, балалар алаңқайлары салынуда.
Түркістан облысы