07 Наурыз, 2014

Достардың табысуы

361 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Мен 83 жастағы қариямын. Теледидар көріп, радио тыңдап, үйге келген газет-журналдарды жібермей оқып отыру күнделікті әдетіме айналған. Өткен жылы «Егемен Қазақстан» газетінен Қа­зақстан Жазушылар одағының мүшесі Мәткәрім Әкімжановтың қазақтың белгілі қаламгері Кемел Тоқаев жайлы жазған көлемді мақаласын оқып шыққанымда, ертеректе өткен бір оқиға еріксіз еске түсіп, ойымнан кетпей қойды. Ол оқиға былай болған-ды. 1967 жылы халық депутаттары Жаңақорған аудандық кеңесі атқару комитетінің хатшысы болып қызмет істейтінмін. Қызмет орнымда отырғанымда облыстық кеңес атқару комитетінің хатшысы Ысқақов Ғалиасқар (Ғалекең осы қызметте 1958-1973 жылдар арасында жұмыс істеді) телефон шалып, елдің аман-саулығын сұрасқаннан кейін, менен: «Сіздің аудан көлемінде Нысанбаев Смайыл деген азамат тұра ма, білесіз бе?» деп сұрады. Мен: «Ол кісі аудан орталығында тұрады, осында бір мектепте мұғалім болып жұмыс істейді, оны неге сұрадыңыз?» дедім. Ол: «Сіз менің сұрағыма бірден толық жауап бердіңіз ғой», – деп күлді де: «Ол кісіні танитын ба едіңіз?» деді. Мен де мүдірмей: «Танығанда қандай, Нысанбаев Смайыл ме­нің туған нағашым, анам Нысан­баева Ұлшайдың інісі», – дедім. Ол кісі біздің облысқа Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің сайлауы­на әзірліктің жай-күйін көруге іссапармен Алматыдан Жоғары Кеңес «Жаршысының» бас редакторы, жазушы Кемел Тоқаевтың келіп отырғанын, Нысанбаев Смайылды сол кісінің іздестіргенін айта келіп: «Ертең барсақ Смайылмен жолықтыра аласыз ба?» деді. Сонымен не керек, мен кездестіретін болдым, олар келетін болды. Бірақ Смайылға әзірше менің еш нәрсе айтпауымды өтінді. Осы сәттерде нағашым әр кез ашаршылық жылдары өзінің Уәш деген (сол кезде үлкен бір қызмет істейтін) жақын туысының көмегімен Шымкент қаласындағы балалар үйіне орналасқанын, ондағы көрген-білген оқиғаларын, қи­ыншылықтарын қинала отырып айтқан кезде, әсіресе, Кемел деген баланың есімін атап отыратыны есіме еміс-еміс түсе бастады. Мен Кемел Тоқаевтың қазақ жазушылары арасындағы шым-шытырық оқиғалы (детектив) шығармаларды шебер жазатын жазушы екенін бұрын да білетінмін. Оның «Арнаулы тапсырма» деген повесін қызыға оқығаным бар. Енді оның авторын да көргелі отырмын. Ертеңіне түс ауа күткен қонақ­тарымыз келді де, сәлемдесіп болған соң, Смайылды машина жіберіп үйінен алдырдық. Смайыл нағашым кабинетке кірген бойда менімен сәлемдесті де, жоғарырақта қатар отырған Ысқақов Ғалиасқармен, одан соң Кемел ағамызбен қол алысып сәлемдесіп, енді отыруға орындыққа қарай ыңғайлана беріп еді, Кемел аға оның қолын босатпады, тағы тартынып еді, жібермеді. Бірақ ештеңе айтпайды, қолын мықтап ұстап алған. Содан кейін Смайыл қолымды неге жібермейсіз дегендей бұрылып бетіне тесіле қарап, таңырқап тұрды да, кенеттен: – Сен, К-К-Ке-мел емессің бе?! – деп егіле кемсеңдеп қол бер­генде, Кемел аға да орнынан қарғып тұрып: – Иә, өзіңмен дет­домда бір түйір нанды бөліп жеген Кемелмін ғой, – деп екеуі құшақтаса кетіп ұзақ тұрды. Олардың адам жан дүниесін теңіздей толқытқан алғашқы кез­десулерінен кейін мауқын басқан соң, біраз уақыт кабинетте отырып өткен өмірлерінен, балалар үйінде болған кездегі оқиғаларынан, Ұлы Отан со­ғысында бастан кешкен жайттарды әңгімелеп, көз жасын сүртудің аяғы қуаныштан туған күлкіге жалғасты. – Смайыл досым, – деді Кемел аға оның арқасынан қағып, – сол детдомда жүргенде сенің Жаңақорғаннанмын деген бір ауыз сөзің есімде қалыпты. Сені іздеп тауып алайын деп сайлауға байланысты іссапарымды да Қызылордаға алғаным сол, жолым болды. Міне, отыз бес жылдан кейін кездесіп отырмыз! Сол күні Смайыл нағашым­ның отының басында Кемел ағаның өтініші бойынша тек қана менің нағашыларыммен бірге тойлағанбыз. Нағашымның әйелі – Дүйсенова Ұлша жеңгеміз қонақ күтуге, отырысты барынша қыздыруға шебер еді. Ол қазақша да, өзбекше де ән салып, би билеп, отырысты қыздыра түсті. Дастарқан басындағыларды бейтарап қалдырмай түн ортасы ауғанша біресе Кемел ағамен, біресе Ғалиасқармен, біресе Смайыл нағашыммен дөңгелене билеп, шалқыта ән салып, отба­сылық оңаша тойдың шырайын кіргізген еді. Сол бір кеште ашар­шылық жылдарда бір турам нанды бөлісіп бірге жеген нағыз достардың бір-біріне деген ыстық ықыласын көріп тәнті бо­лып едік. Екі достың кездесуі әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Сол сапарда Кемел Тоқаев ауданымыздағы бірқатар ауыл­­дар­да болып, сайлауға да­йындықтың барысын көріп, жүр­ген жерлерінде ақыл-кеңес­терін беріп қайтты. Ол кісіні сол кездегі аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары Ахмедия Пахырдинов пен аудандық аурухананың бас дәрігері Қалила Спатаев екеуі бірге алып жүрді. Аудан орталығына қайтар жолда Кемекең «Волга» жеңіл авто­көлігін жүргізіп келе жатқан Қа­лила Спатаевқа қарап: «Қалила, бір рет «авария» жасап көрші, мен бір кітап жазып жатыр едім, онда автоавария оқиғасын суреттеуім керек. Ол үшін оқиғаны өз басымнан кешірмесем, көрмесем шынайы көркем шығарма болып шықпайды ғой» депті. (Кемел ағаның ақкөңілдігін айтсаңызшы, шіркін!). Сол кезде автокөліктің рулінде отырған Спатаев пен оның жанындағы Пахырдинов екеуі қатты сасқалақтап, бойларын қорқыныш билеп, аудан орталығына аман-есен әрең жеткендерін жыр қылып айт­қандары бар. Кемел ағаның бұл айтқанынан жазушы деген өз шығармасындағы көп оқиғаны басынан өткізіп, ойын жеткізіп барып, «толғатады», жазады екен ғой, әйтпесе, шындыққа жанаспайтын болуы керек деп ұғындық. Сөйтіп, Кемел аға біздің екі жігітіміздің зәресін алып, бір қорқытқаны бар еді. Әлі есімде, біраз жыл өткен соң, 1970 жылы жазда Алматыға барғанымда Кемел ағаға телефон шалып, сәлем бергенімде, маған: «Қашан келдің, төрт-бес күннен бері неге хабарласпай жүрсің, үйде бір өзім отырмын, қазір кел», деген соң бармауға лажым қалмады да барып едім, балаша қуанып қалды. Жаңылмасам, үйі сол кездегі Фурманов көшесінде екен. Біраз отырып әңгімелестік. Жаңақорғанның жағдайын құштарлықпен сұрап, нағашыма, жеңгемізге айрықша, тағы басқа да бірге болған адамдарға сәлем айтуымды өтінді. Алматыға неге келгенімді сұрады. Мен кезекті демалысыма шыққанымды, оның үстіне ұлым Жанаттың орта мектепті бітіргенін, Алматыға барып оқимын деген соң бұрын қала көрмегенін ескеріп ертіп келгенімді, құжаттарын архитектура факультетіне тапсырғанын айттым. Ал Кемел ағаның өзі де Қасымжомарт деген ұлының орта мектепті алтын медальмен бітіргенін, Мәскеуге Халық­аралық қатынастар институтына оқуға түсу үшін кеткенін, дәл осы сәтте ағылшын тілі пәнінен емтихан тапсырып жатқанын, егерде «5»-ке тапсырса (оған сөз жоқ солай болатынына сенімді екенін айтып) онда қалған пәндерден емтихан тапсырмай-ақ оқуға қабылданатынын айта келіп, «Хабарын сен де естіп кетерсің» деген соң бірге күттік. Сәлден соң телефон да шылдырлап ұлының ем­тиханды «5»-ке тапсырып, оқу­ғ­а түскен қуанышты хабары да жетті. Кемел аға екеуміз бұл оқи­ғаны бірінші болып үйінде дәм татып, отырып атап өткен едік. Кемел ағаның Жаңақорғанға алғашқы келгеніндегі кездесулерде және менің 1970 жылы ол кісінің үйінде болғанымда оның салмақты, пайымды, әр сөзіне мән бере сөйлейтіндігін, кемелдігін, ақкөңіл, қақ-сұқпен ісі жоқ, парасатты жан екендігін анық аңғардым. Ал Кемел ағаның ұлы сол Қасымжомарт Тоқаев бұл күнде мемлекет және қоғам қайраткері. Мен оны теледидарда көргенімде сөйлеген сөздерінен, жүріс-тұрысынан әкесі Кемел ағаның салмақтылық, парасаттылық қасиеттері анық сезіліп еске түсіп тұрады және бұл қасиет, сөз жоқ, отбасылық тәрбиенің нәтижесі деп білемін. Қасым-Жомарт Тоқаевты теледидардан көрген сайын Кемел ағамен болған сол баяғы кездесу сәттері еріксіз ойыма оралады.  Әбдіхалық ӘЙТІЛЕУҰЛЫ, Жаңақорған ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері.  Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы.
Соңғы жаңалықтар