07 Наурыз, 2014

Драмаға айналған поэма алғаш рет Өскеменде тұсауын кесті

598 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
IMG_2069 Тоқсаныншы жылдары ел ішінде жиі тыңдалатын «Қара пима» терме-толғауы есіңізде болар, құрметті оқырман. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның  еңбек сіңірген қайраткері Ұлықбек Есдәулеттің қала­­мынан туған шығарма сазгер Алтынбек Қоразбаев­тың ән жазуымен, әнші Алма Аманжоло­ваның тыңдарман­ның жүрегіне жеткізе орындауымен кеңінен таралды. Әлі де жұрт жадында. Арагідік жиын-отырыстарда айтылып жүр. Тоқырау уақыты­ның тамырын дөп басқан тың терме қызыл қоғамнан мұраға қалған дерт – ащы судың тұзағына тұтылмауға үндей­тін. Үндегенде үнпарақпен емес, ішкі әлеміңізді солқылдатып жіберер көркем, сырлы поэзия деңгейінде үндейтін. Міне, осы халықтық шығарма тұңғыш рет Өскеменнің Жамбыл атындағы облыстық драма театрында сахналанды. Термеден – әнге, әннен – спектакльге айналған туынды әлі де ойлантады. Өмірдің өзінен алынған драманың өзектілігі сол, тәуелсіз елдің жас көрер­меніне ащы суға тәуменді болмауды ұғындырады. «Қара пима» термесінің желісі бойынша Айдын Салбановтың режис­серлігімен сахналанған қойылымды көруге облыс әкімінің орынбасары Жақ­сылық Омар, шығарма авторы, ақын Ұлықбек Есдәулет, күйші-ком­по­зитор, Астанадағы «Ақжауын» мемле­кеттік камералық оркестрінің жетекшісі Секен Тұрысбек, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ вице-президент – бас редакторы Жан­болат Аупбаев, белгілі режиссер Жаңабек Жетіруов бастаған бірқатар зиялы қауым өкілдері келді. Өңір театрларында тың қойылым­дарға сусап отырған жұрттың қарасы қалың екенін осы спектакль байқатты деуге болады. Театрда ине шаншар орын болмай, алып-ұшып жеткен қала тұрғындары мен қонақтарының басым бөлігіне билет жетпей қалды. Бұл  бір жағынан мұңды саз, ойлы оқиғасымен халықтық шығармаға айналған әннің аса танымалдылығынан болса керек. Әлбетте, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейінгі ел білетін еңбекті енді драмалық қойылым есебінде еншілеуге екінің бірі тәуекел ете бермейді. Жас режиссер Айдын Салбановтың «Қара пиманы» сахналауын шығармашылық батылдығы санауға болады. Айдын – өмірден ерте озған талантты режиссер Рүстем Есдәулеттің рухани тәрбиесін көрген театрдың бүгінгі жас мамандарының бірі. Жалпы, спектакль оқиғасы туын­дының түпкі желісінен ауытқымаған. Тілі қарапайым, түсінікті. Декорация ықшам. Бүкіл қойылымды біріктіріп тұрған аппақ шымылдық театрдың техникалық мүмкіндігінің тарлығына орай режиссерлік ұтқыр шешім болып шығыпты. «Алай да дүлей ақ боран» деп басталатын термедегі бейнелеу сол қалпында сахнаға көшкен. Ақ тү­текті алай да дүлей ұйытқытатын ап­пақ шымылдық. Сол аппақ әлемде бұл дүниенің темірқазығы – отбасы. Отба­сының үш мүшесі – әке, ана және бала. Олар осы ақ ұлпа кеңістікте бір-біріне қар лақтырады. Ондағы мақсат – бала көңілдің кілтін табу. Олар осы аппақ кеңістікте кіршіксіз, риясыз өмір сүргісі келеді. Өйткені, көңілдің қалауы ақ. Олар ұйытқыған ақ боранда да бір-бірінен көз жазып қалмауға ұмтылады. Ошақтың үш бұты іспетті бірге болса ғана табиғаттың қатаң райына да, өмірдің қатал сынына да төтеп бермек. Алайда, жаратылыстың жақсысы мен жаманы әлмисақтан алмасқан алмағайып дүние. Өмірдің де ағы мен қарасы бар. Ақ шымылдықпен бірге ақ түтек ғайып болғанда ақ халатты абзал жан алдында ана отырады. Ден­сау­лықта кінәрат бар. Режиссер мұны ұтымды бейнелейді. Ананың ақ жү­ре­гін­дегі ағысты әлгі аппақ шымылдық ар­қылы, бейнебір адам жүрегінің қан тамырларын қуалаған өмір тынысындай, сол тынысқа қатер төнгенін сурет­те­мек талпыныс қаперлі көрерменге көрінеді. Отбасы қуанышын ет жақын­да­рымен бөлісіп отырғанда кешегі қызыл қоғамда дәстүрге айналған ащы сусыз дастарқан сәні кірмейтінін режиссер балаға да стақан қағыстыру арқылы жеткізгісі келгенін аңдадық. Трагедия тамыры қуаныш пен қайғыға ортақ осы стақаннан басталады. Анадан айырылу. Әке күйігі. Жетімдік. Запыранға запыран қосқан маскүнемдік. Отанасынан өлідей, отағасынан тірідей айырған тұқыл балалық. Жылусыз қалған шаңырақта күйі кеткен балаға қам­қорлық жасамақ кейуана мен әкенің досы. Осындай ойраны шыққан үйдегі сәби санасында бәрі арман, тәтті қиял. Тіпті, қаладағы интернатта оқу да. Ол тулаған аппақ шымылдық – ақ боранда адасқан маскүнем әкені үйіне сүйреп кіргізеді. Ол аппақ шымылдық – ақ көрпесін жамылып, оты жағылмаған суық үйде ұйқыға кетеді. Ол ұйықтап кетсе аппақ шымылдық – ақ кебінге оранған анасын түсінде көреді. Ол ащы суға бәрін айырбастаған әкесінің соңынан пимасы үшін жүгіріп, ұйытқыған аппақ шымылдық – ақ боранда қалады. Ол сол жатқаннан аппақ шымылдық – ақ жайма аурухана төсегінде оянады. Түнектен жарық та нұрлы әлемге оралып, маскүнемдіктен арылған әке жүрегі алдымен ұлын іздейді. Алып-ұшып ауруханаға жеткен әке ақ төсекте таңулы жатқан баласын бас салды. Қамқор кейуана беріп жіберген дәммен бірге өзі дүкеннен сатып алған жап-жаңа пимасын көрсетіп, жарымжан көңіл болып жүрген ұлын қуантпақ. Өте кеш еді... Баласының пимасын араққа айырбастаған сол кеште үсіп қалған жалаң аяқты дәрігерлер кесіп тастаған. Көрермен жанарын боталатқан осы көріністе жоғарыдан түсірілген қос пима әкенің басынан қос тоқпақпен соққандай соғады. Қойылым түйіні әке, оның досы мен кейуана және мүгедек арбасына таңылған баланың бір дастарқан басында тоқайласуымен аяқталады. Яғни, өмір жалғаса береді. Өкініш­тердің өзекті өртейтіні болмаса. Қойылымға жан бітірген тағы бір деталь – отбасы альбомы. Қызыл аль­бом­дағы әке мен балаға ортақ ыстық жан – ана бейнесі. Бұл альбом ендігәрі отбасының ең құнды дүниесі болып қала бермек. Маскүнем әкені Хамит Халықұлы сәтті көрсете алды деуге болады. Десе де, бақытсыз бала бейнесін сомдаған Рысқұл Қонақбаевқа көрермен ерекше ілтипат көрсетіп, дүркірете қол соқты. Көп көріне қоймайтын ана образын әлі де жетілдіре түсу керек сияқты. Қойылымдағы оқиғаларды музыкамен әрлеуде «Қосбасар» күйі жақсы таңдалған. Спектакль соңында әртістер мен режиссер сахнаға шығарма авторын шақырды. Ұлықбек Есдәулет аталған шығарманы 25 жасында жазғанын, поэ­ма жарыққа шыққан кезде кеңестік идео­логия белсенділерінен таяқ та жегенін, содан көп уақыт жатып қал­ған туындыны халыққа жеткізген Алтын­бек Қоразбаев пен Алма Аманжоловадан соң драма ретінде Айдын Салбановтың режиссерлігімен көрерменге қайта оралып отырғанын, жалпы қойылым көңілден шыққанын жеткізді. Белгілі журналист Жанболат Аупбаев өзінің театр сыншысы болмаса да, премьераның айтпай кетуге болмайтын артықшылықтарын атап өтті. – Мәселен, қойылымның бас-аяғын бір ғана ақ түстегі лента жал­ғап тұрды. Бұдан режиссердің шебер­лігін байқауға болады. Тағы бір тапқыр шешім – тізеден кесілген аяқты көрген әке көңілінің аласапыран сәтінде қара пиманың оны жазғырғандай басына келіп соғылуы. Жалпы, мұндай қойылымды Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театры немесе Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театры қойса, таңғалмас едік. Ал аймақтық театрлар үшін осындай дәрежеде қойылым қою – үлкен шығармашылық жетістік, – деді ол. Сахнаға көтерілген күйші Секен Тұрысбек Төлеген Момбековтің «Салтанат» күйін орындап берді. Бұл күй де «Қара пима» тақырыбымен үндесіп, қойылым бойы көрермен көңілінде қалыптасқан нәзік қылды шерткендей әсер қалдырды. Күйден панасыз қалған екі жастағы Салтанат атты сәбидің бебеулеген үні естіледі. Жуырда ел Үкіметі өңірлік театр­ларды өркендетуге байланысты үл­кен жиын өткізгені белгілі. Осыған орай, облыс әкімі Бердібек Сапар­­ба­ев өңірдегі барлық қала әкім­деріне дра­матургтермен бірлесе оты­рып, театр­лардың репертуарын тол­ық­ты­руға, қызметкерлердің еңбекақысын көте­руге және оларды пәтермен қамта­ма­сыз етуге тапсырма жүктеген болатын. Премьера соңында осы мәселе­лерді атап өткен облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар Өскеменде үлкен драма театрының құрылысы жүргізіліп жатқанын, «Қара пима» сол театрдың ашылуында қойылатын негізгі қойылымдардың бірі болуы мүмкін екенін жеткізді. Думан АНАШ. ӨСКЕМЕН.