«Егемен Қазақстан» газетінің биылғы 18 ақпан күнгі нөмірінде журналист Темір Құсайынның «Заңды жаттап алғанымен...» атты талдау мақаласы жарияланған болатын. Мұнда автор өткен жылы «А» корпусына кадрлар резервінен тағайындалған кейбір лауазымды тұлғалардың бүгінгі іс-қимылдары мен қызмет барысы, мемлекеттік қызмет этикасымен сыйыса бермейтін қылықтары жөнінде өзінің ұққан-түйген журналистік пайымдаулары мен көзқарастарын газет оқырмандарының назарына ұсынды.
Еліміздің бас басылымы көтерген осы көкейкесті де өзекті мәселе Орал өңіріндегі мемлекеттік қызметшілер мен сарапшы мамандар арасында үлкен қызығушылық туғызды. Аталған сараптамалық дүниеге қатысты аймақта әртүрлі ұсыныс-пікірлер мен тілектер айтылды. Бұған байланысты кеңес қосқандар да көп болды. Осы арада Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Әлихан Байменов газеттің шығармашылық ұжымына және мақала авторына жазбаша түрде ризашылық білдіргенін де айта кеткенді жөн көремін.
Сондай-ақ, «Егеменде» жарияланған бүгінгі күн тақырыбына егжей-тегжейлі тоқталған сараптамаға қатысты пікірталастар әлі күнге дейін толастамай келеді. Мұның өзі «А» корпусы құрамына кіретін лауазымды қызметті атқарып жүргендерге өз істеріне сын көзбен әрі үлкен жауапкершілікпен қарауларына өз ықпалын тигізеді деп сенгіміз келеді. Аталған газет материалы біздің департамент ұжымында да жан-жақты талқыланып, әріптестеріміз бір-бірімен өзара ой бөлісті.
Біздің ойымызша, алдағы кезде заңды жаттап алсаң болғаны, «А» корпусы құрамына кіретін қызмет орындарына емін-еркін жайғасып орналасуға болады екен деген теріс ұғым мен түсінік қалыптаспауы керек. Әлбетте, заңдарды жаттап алудың ешқандай қажеті де, қисыны да жоқ. Оны жүрекпен қабылдап, ұғыну мен түсіну керек. Тек сонда ғана заңдарды күнделікті қызмет барысында дұрыс қолдануға болады. Осы көзқарастың айқындығын өмірдің өзі де дәлелдеп келеді.
Талас жоқ, «А» корпусына қатысты өткізілген конкурста оған негізінен лайықтылар өткені кәміл. Өйткені, олар сыннан сүрінбеу үшін бірнеше іріктеу сатыларын артқа тастады. Соның ең бастысы Елбасы Жарлығымен құрылған Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия екені белгілі. Бұған қоса өңірлердегі кадрлық комиссиялар да өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарай білді. Осындай әңгімелесу сатыларынан өткендерге сын тағу қиын-ақ. Олардың арасында халықпен қоян-қолтық жұмыс істей білу дағдыларын меңгергендер де жеткілікті. Әрине, теориялық әзірліктері жеткілікті болғанымен, тәжірибесі кемшін соғып жатқан кадрлар да жоқ емес. Бұл жөнінде мақала авторы орынды мәселе қозғаған.
Конкурстық іріктеудің бірінші сатысы кезінде заңдарға қоса логикалық ойлау қабілеті мен жеке басқарушылық құзыреттілік деңгейін анықтайтын сынақтарды да қоса тапсырды. Бүгінгі таңда «А» корпусы әкімшілік лауазымдарына қойылатын арнайы біліктілік талаптары және оларға ротация жүргізу қағидалары республика Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жарлықтарымен бекітіліп, соған сәйкес алдағы кезде тест бағдарламасына өзгерістер енгізу көзделіп отыр.
Елбасының саяси күш-жігері арқасында өткен жылы елімізде алғашқы рет өткізілген басқарушылық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің арасындағы конкурс жалпы мемлекеттік қызметтің қазақстандық жаңа моделі ТМД елдері, соның ішінде ресейлік ғалымдар арасында үлкен қызығушылығын туғызғанын да интернет көздері мен ақпарат беттері арқылы танысып жүрміз. Астанада мемлекеттік қызмет саласында Өңірлік хабтың құрылуы да саладағы іске жаңаша серпін бермек. Өйткені, осы арқылы мемлекеттік қызметке қатысты ақпараттарды талдап таратуға болады.
Мақалада көрсетілгендей, «А» корпусындағы кадрлық резерв құрамы ұдайы жаңартылып, жаңғырып отыратыны табиғи құбылыс. Осы жайтты назарға ала отырып қазіргі таңда қызмет атқарып жүрген лауазымды тұлғалар мен аудан әкімдері алда тұрған міндеттерді ойдағыдай орындау үшін зор жауапкершілікті ұдайы сезініп жүргенін қалаймыз.
Әкімгерей СЕРҒАЛИН,
Мемлекеттік қызмет істері
агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департамент басшысы – Тәртіптік кеңес төрағасы.