Аймақтар • 22 Желтоқсан, 2021

Білім мен өнерді ұштастырып...

582 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Түркістан өңіріндегі қасиетті Орда­басы биігінде 1993 жылы мамырда өткен тәуелсіздіктің ұлы тойы ел жадында. Үш жүздің басын қосқан Ордабасыға, елді бірлікке үндеген Төле, Қазыбек, Әйтеке билерге, жауға тастүйін жұмыла қайрат көрсеткен бабалар рухына тағзым ретінде өткен ұлы жиынға жиналған халықтың алдында жасаған баяндамасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осынау қасиетті жерге жұртты бір ой, бір тілек, бір мақсат жетелеп әкелгенін атап өтті. Ордабасы тауындағы мерекені мыңдаған адам тамашалады. Сол айтулы жиында «Әлия» квартеті көпшілік қауымның қуанышты көңіл күйін әнмен елжіреткен болатын.

Білім мен өнерді ұштастырып...

Халықтың алғысын алып, қолдауына ие болған «Әлияны» іздейтіндер, кейінгі өнер жолын білгісі келетіндер аз емес. Құрамы мен атауы өзгергені болмаса, өнерпаздар әлі күнге дейін Оңтүстік Қа­зақстан мемлекеттік педагогикалық универ­ситетінде қалыптасқан сабақтастық үрдіс бойынша тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Сонау 1984 жылы М.О.Әуезов атын­дағы Шымкент педагогикалық инс­ти­туты аталып тұрған шақта ұйымдас­тырылған «Әлия» акапеллалық қыздар ансамблі Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шет елдерде өнер көрсетті. Бұл жетістіктердің басы-қасында оқу орнының өркендеу дәуірінде басшылық жасаған оқу-ағарту ісінің үздігі, Шымкент қала­сының құрметті азаматы Мырзахан Сәр­сембаевтың болғанын айта кетелік. Осы игі бастама білім ордасының бү­гінгі басшысы, яғни Оңтүстік Қазақ­стан мем­лекеттік педагогикалық универ­ситетінің ректоры-басқарма басшысы Гүлжан Сү­гірбаева тарапынан қолдау тауып, өнер­лі жастарға барлық жағдай жасалуда. Сондай-ақ университет тарихында орны бар өнер ұжымының тоқтаусыз қызмет етуіне Ұлбосын Тәжібаева бірден-бір себепші болды. Қазақ музыка өнеріне үл­кен жаңалық, жаңа леп болып келген, қазақ қыздарынан құралған «Әлия» халық әндерін керемет шеберлікпен үндестіре білді. Репертуарында халық, классикалық әндер, Шәмші Қалдаяқов, Бақытжан Байқадамов, Абайдың, туыстас халықтардың әндері болды. Ансамбльдің құрамында «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша білім алушы Гүлмира Мута­лиева, Пернеш Жантөреқызы, Лаура Мел­дешқызы, Күлайхан Жанабаева, Ғалия Құралқызы, Майра Жамантайқызы, Нағима Омаршаева, Жамиля Шала­таева өнер көрсетті. Ансамбль қала­лық, облыстық және Кеңес Одағы кө­ле­мінде ұйымдастырылған ән бай­қау­ларының жеңім­пазы атанды. Одақ бойынша ұйым­дастырылған «Студенттік көктем-1987» байқауының бас жүлдегері болып, Москва телеарнасынан жыл бойы әр сенбі сайын көрсетілді. Ансамбльдің орын­дауындағы көп дауысты 10 шығарма еліміз теледидарының «Алтын қорында» сақ­таулы. Кезінде берілген кәсіби білімнің негізінде қазір білікті маман болып жүрген университет түлектері ұстаздарымен байланысын үзген емес. Жоғары оқу орнын бітірген соң бастауыш және орта сыныптарда ән сабағын сапалы да қызықты өт­кізіп жүрген түлектер жетістіктерін ансамбль жетекшісі Ұлбосын Қарынбекқызы жас­тарға үлгі етіп айтып отырады.

Әрбір жаңа құрамның жасақталуына жанашырлық танытып, жетекшілік жасап жүретін Ұлбосын Тәжібаева «Әлия» акапеллалық ансамблі негізінде 1992 жылы «Әлия» квартетін ұйымдастырды. Оның құрамында Гүлдариға Таутаева, Айгерім Есенгелдіқызы, Айгүл Қапбарова, Айгүл Жұмаділова өнер көрсетіп, көптеген іс-шараларда көпшілік алғысына бөленген болатын. «Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған» деген аңыздың негізінде адамзаттың бе­сігі аталып кеткен киелі Қазығұрттың аты 1996 жылы университетте құрылған фоль­клорлық-этнографиялық ансамбліне берілді. Университет білімгерлері мен қызметкерлерінен құралған «Қазығұрт» ансамблінің қазақ елін әнмен тербетіп келе жатқанына биыл 25 жыл толып отыр. Ұлбосын Тәжібаева ұйымдастырған фольклорлық-этнографиялық «Қазығұрт» ансамблі күні бүгінге дейін көпшілікке қызмет етіп келеді. Бұл орайда университет басшылығы Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған идеяларды негізге алып отыр. «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана», делінген бағдарламалық мақалада. Яғни фольклорлық-этно­гра­­фиялық ансамбль ғасырлар қой­науынан жеткен өнерді бүгінгі ұрпаққа на­сихаттау­да. Ансамбльдің 1995-2000 жылдардағы құ­рамында болған Ұлбосын Тәжібаева, Алена Досмағанбетова, Ля­зат Әріпбаева, Ай­ман Қарсыбаева, Са­паралы Кененбаев, Алтынай Жора­баева, Ерлан Жұмаділдәұлы, Сауле Бай­батшаева, Жазира Тұрсынбекова, Самат Қансейітов, Жадыра Ахметова, Мая Смаилова, Болатбек Әжібаев, Самат Утеболатов, Жәнина Тайтәлиева, Бағила Ғаппарова, Гүлназира Жексенбиева, Мөлдір Мұратбекова республикалық, облыстық, қалалық мәдени іс-шараларда өнер көрсетіп, түрлі деңгейдегі бай­қау­ларда жүлделі орындарға, жоғары ма­ра­паттарға ие болды. Сондай-ақ  Мә­дениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Білім ісінің үздігі», профессор Сайлаубек Жақсыбековтің ансамбльдің жасақталу, өркендеп өсіп, жетістікке жету жолында еткен еңбегі орасан. «Қа­зығұрт» ансамблінің жандануына отбасымен қызмет еткен құрметті ұстаз. Ұлы – Әлден Сайлаубекұлы атал­­мыш университетте оқып, қызмет атқара жүріп қала, облыс, республика, халықаралық байқаулардың жүлдегері атанған әнші, «Жастар» сыйлығының лауреаты. Ансамбль­дің жетістікке жету жолында Ерлан Жұмаділдәұлының да орны ерекше. Ансамбльдің құрамына әнші және келешек қобызшы болып қабылданған студент республикалық, халықаралық деңгейдегі көптеген мәдени іс-шараларда өнер көр­сетті. Университеттің аға оқыту­шысы, Халық әртісі Құрманбек Шойын­баевтың ұстаздық тәрбиесімен, жол көрсетуімен көптеген байқауда жеңіске жетті.

«Қазығұрт» фольклорлық-этно­гра­фиялық ансамблінің қазіргі жетекшісі Айман Қарсыбаева өзін аспапта жоғары деңгейде орындаушылық шеберлігімен де дарын иесі ретінде көрсете жүріп, халық­аралық, республикалық байқаула­рының лауреаты атанды. Мысалы, 2015 жылы Ресейдің Омбы қаласында өткен «Сибирь зажигает звезды» атты халық­аралық байқау-фестивалінде бас жүлдені, 2017 жылы Андоррада өткен Winter sonata музыкалық аспаптарда орындаушылардың халықаралық интер­нет-байқауында І орын, сондай-ақ елімізде өткен байқауларда жүлделі орындарға ие болды. Ал «Қазығұрт» әнін тұңғыш орындаушы Жазира Тұрсынбекова этно­графиялық-фольклорлық ансамбльдің сүйе­мелдеуімен республикалық «Үкі­лім-ай» ән байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Ялова қаласында өткен ха­лық­аралық түркі халықтарының ән-би фестивалінің бас жүлдегері. Бүгінгі таңда қаладағы «Айбөбек» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі. «Осындай білікті ұстаздары мен шәкірттері өнер көрсететін ансамбльге танымалдылық алып келген – Түркия мемлекетінің Ялова қаласында 1998 жылы өткен түркітілдес елдерінің І фольклорлық фестивалі. Фестивальде иеленген бас жүлде ансамбль мүшелеріне қанат бітіргендей болды. «Үкілім-ай» республикалық байқауының бас жүлдегері, халықаралық Шәмші Қал­даяқов атындағы ән байқауларының жүлдегер-дипломанты атанды. Ширек ғасырды артқа тастаған «Қазығұрт» этнографиялық ансамблі мектепті жаңа ғана бітіріп, студенттік өмірге, ұстаздық ұлы жолға қадам басқан қаншама жас­тардың дарынын жарқырата көрсетіп, қиялына қанат бітірді. Әрқайсысы жеке-жеке тұлға болып қалыптасқан өнерлі студенттер өмірде де өз жолын тауып, биік-биік белестерді бағындырды. Осынау қол жетпес қиялдағыдай болып көрінетін асқақ армандарға жету жолында қасиетті де қазыналы қарашаңырақ – Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің орны ерекше. Ұстаздар ұстаханасындағы қатардағы қарапайым оқытушылардан бастап, жоғарғы санат­тағы профессор-оқытушылар құрамының, оқу орда басшылығының бұл бағыттағы еңбектері ерен, үлес-салмағы да айрықша. Бүгінгідей оқу ордамыздың мерейто-йым­е­н қатар келіп жеткен «Қазығұрт» этнографиялық ансамблінің 25 жылдығы университет абыройын одан әрі арттырып, тарихи танымын тереңдете түсері анық. Алдағы күндерде өнерлі жастарымыз, жанашыр ұстаздарымыз білім ордасының керегесін кеңейтіп, абыройы­н асқақтату жолында аянбай еңбек етеді деген сенімдеміз», дейді университет рек­торы-басқарма басшысы, тарих ғы­лым­дарының кандидаты, доцент Гүлжан Сүгірбаева.

Иә, әрбір білім мекемесінің тағылымы терең тарихы, игі дәстүрлері, шеберлікпен шыңдалған ұлағатты ұстаздары мен талантты шәкірттері болады. Ұстаздар ұстаха­насының маман даярлаудағы жауап­кер­шілігі бүгінде арта түскені аян. Еркін елдің жастарын кәсібіне деген патриоттық рухта тәрбиелеуді басты міндеті санайтын университетте жас буынды кешегі тарихымыздың құндылықтары мен бүгінгі игіліктеріміздің шын мұрагерлері ретінде баулудың озық үлгілері мол.

 

Түркістан облысы