Бокс • 22 Желтоқсан, 2021

Бокстан Қазақстан чемпионатының финалистері белгілі болды

268 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оралда бокстан ерлер арасындағы Қазақстан чемпионатында алғашқы финалистер белгілі болды, деп хабарлайды Egemen.kz.



Бокстан Қазақстан чемпионатының финалистері белгілі болды

Теннис орталығында өтіп жатқан айтулы додада 48 кг салмақта батысқазақстандық Даниял Сәбит Алматы облысының өкілі Кенже Мұратұлын 5:0 есебімен ұтып, соңғы бәсекеге жолдама алды.

Алматы қаласынан келген Ернұр Қайратты айқын басымдылықпен (5:0) жеңген елордалық Санжар Ташкенбай Д.Сәбитке қарсылас атанды. 51 кг салмақта тағы бір батысқазақстандық Нұрсұлтан Нұриденов жартылай финалда Алматы облысының намысын қорғаған Тимур Қабдешовтен айласын асырды (3:2).

Нұрсұлтан финалда Алматы облысының тағы бір өкілі Дамир Әбдіқадырмен жұдырықтасады. Ол маңғыстаулық Қуаныш Дүйсенбайдан айласын асырды (5:0). 54 кг салмақта атыраулық Олжас Байниязов шығысқазақстандық Дәулет Молдашевтің меселін қайырды (5:0).

Қызылордалық Нұрсұлтан Алтынбектен 4:1 есебімен басым түскен қарағандылық Талғат Сырымбетов те алтын үшін айқасады. 57 кг салмақта Ақмола облысынан келген Оразбек Асылқұлов павлодарлық Ерболат Сабырды ұтып кетті (5:0). Оның финалдағы қарсыласы – жамбылдық Бибарыс Жексенді сүріндірген қостанайлық Айдос Арапов. 67 кг салмақта Алматы облысының боксшысы Дархан Дүйсебай өзінің жерлесі Мирас Ертановты 5:0 есебімен жеңді.

Шымкенттік Дәулет Нысанды жолдан тайдырған (5:0) жамбылдық Дулат Бекбауов та финалда. 71 кг салмақта финалда павлодарлық Қуан Қуатов пен шығысқазақстандық Ермахан Жакпеков кездеседі. Олар сәйкесінше алматылық Армат Арманұлы мен Алматы облысының өкілі Нұржан Амангелдіден айқын басым шықты. 75 кг салмақта төрешілердің шешімі бойынша жамбылдық Нұржігіт Молжігітовті жеңген атыраулық Нұрқанат Райыс пен алматылық Тимур Нұрсейітовтен басым түскен павлодарлық Аятулла Такижанов финалға жолдама алды.

Басқа салмақ дәрежелерінде финалистер бүгін анықталады.