Аймақтар • 22 Желтоқсан, 2021

Президент тартуы

245 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында жел­тоқсанның 16-17-сі күндері 72 сәби дүниеге келді. Тәуел­сіздіктің 30 жылдығы құрметіне Пре­зидент атынан оларға арнайы сыйлық табыс етілді.

Президент тартуы

«Сүйінші» baby-боксқа ие болған жас отбасының бірі – оралдық Қарлыға мен Айсезім Рахметуллиндер. 23 жастағы Қарлыға Файзоллаұлы Орал қаласындағы сауда үйлерінің бірінде әкімші болса, Айсезім Талғатқызы – мектеп мұғалімі. Дәл 16 желтоқсан күні дүниеге келген тұңғыштарына Хамза деп есім қойыпты. Қалалық көпбейінді аурухананың перзентхана бөлімінен шыққан сәбиді ата-анасы бірден Орал қаласындағы орталық мешітке алып барып, ұлттық рәсіммен азан шақырып ат қойғызып алыпты.

Жаңақалалық мұғалім Қаһарман Зинуллиндер де дәл 17 желтоқсан күні қуа­нышқа кенелді. Бұған дейін үш балалы отбасы бірден егіз сәбимен толықты. Ұлттық жаңару күні дүниеге келген ұл мен қызға Тарғын және Торғын деген әдемі есім бұйырды.

– Егіз баламызға түрлі есім таңдадық. Тізімде Мағжан мен Маржан да болды. Ақыры ақылдаса келіп, Тарғын мен Торғынға тоқтадық. Перзентханадан шығарда керемет сыйлыққа да ие болдық. Өте қуаныштымыз. Қазір Жаңақаладағы өз үйімізге жеткен бетіміз осы, – дейді Қаһарман Сағындықұлы бізбен телефон арқылы сөйлескенде.

 

Батыс Қазақстан облысы