Ақтық финалға өткен үміткерлер Оқушылар сарайына жиналып, марапатталды. Жүлделі 1-орынға 300 мың, 2-орынға 150 мың, 3-орынға 50 мың теңге табыс етілді.
Нұр-Сұлтан қаласы Діндерді зерттеу орталығының бастамасымен ұйымдастырылған байқауға 200-ден астам өтініш түскен.
«Байқауға 228 өтініш түсті. Тексеріс барысында жұмыстарды антиплагиат бойынша тексеріп, байқау шарттарын орындаған қатысушыларды ғана ақтық сынға жібердік. 107 мектеп оқушысы мен 49 студент финалға өтті. Қатысушылар үшін тәулік бойы сайт жұмыс істеп тұрды. Байқауды өткізудегі мақсатымыз – жастарымызға патриоттық сезім ұялатып, қазақтан шыққан ғұлама ғалымдардың еңбектерін дәріптеу», дейді Нұр-Сұлтан қаласы Діндерді зерттеу орталығы директорының орынбасары Ж.Сүлейменов.
Оқушылар арасында жүлделі 1-орынға А.Жанай, 2-орынға Ж.Қуаныш, 3-орынға А.Шинтаева ие болды. Ал студенттерден 1-орынға Қ.Паразатова, 2-орынға Д.Қалменбай, 3-орынға И.Сұлтанғалиева жайғасты.
«Бұл байқауды өткізуде алдымызға қойған міндет – өскелең ұрпаққа адамгершілік тәрбие беруге ықпал ету, ғалым Ыбырай Алтынсариннің мұрасымен танысып, отаншылдық сезім қалыптастыру. Жазған эсселерді қарай отыра, қойылған міндет 100 пайызға орындалғанына көзім жетті. Әр қатысушының өзіндік ойы, философиялық түйіндері, тілге, халқына деген жанаршырлық, патриоттық сезімі жазған жазбаларынан сезіліп тұр», деді қазылар алқасының төрағасы, қоғам қайраткері Үзбен Құрманбайұлы.
Байқау дәстүрлі түрде үшінші жыл қатарынан өткізіліп келеді.