Халықаралық әйелдер күні мейрамы қарсаңында қала әкімдігінің қолдауымен және «Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар» ММ бастамасымен ұйымдастырылған «Ақ бата» акциясы аясында қала әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева мен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нәйла Бөртебаева, облыстық жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілері жасы жүзден асқан және Ұлы Отан соғысына қатысқан кейуаналарды құттықтап барды.
Ұзақ жасаудың сыры
Олар бірінші болып 105 жастағы Жұпар Сатаеваны құттықтады. Кезінде әкесі қуғын-сүргіннің құрбаны болған Жұпар әже жастайынан жетімдіктің тақсыретін тартып өседі. Ес біліп, етек жапқаннан кейін ұжымшардың, кеңшардың қара жұмысына жегіледі. Бақытына қарай Сәрсенбі атты адал жар тап болып, бақыттты отбасын құрады. Жұпар әже екеуі он бала тәрбиелеп өсіреді. Қазір олардың әрқайсысы өз алдына бөлек шаңырақ көтерген, тұрмыс құрған.
Қариясы өмірден озған. Жұпар әже кенже баласы Бүркіттің қолында тұрады. Өзі әлі бақуатты, жүріс-тұрысы ширақ. Сәл құлағы бәсеңдеу естиді демесең, қунақ, сөзі түзу. Көкірегі кемел кейуананы ғасырдан астам жас жасады деп әсте де ойламайсың. Шалы сонау кеңестік кезеңнің өзінде бес уақыт намазын қаза қылмаған тақуа адам болыпты. Әже де бес уақыт намазға жығылып, ораза ұстап, мұсылманшылықтың барлық шарттарын ұстанады екен. Немерелері Арыстан мен Ахмет әжесінің қолына су құйып, керегін тауып береді. Жұпар әже 90 жасында араб тілін оқып, үйреніпті. Қазір Құранды түпнұсқадан оқи береді. Өзі Меккеге қажылық сапарға барып қайтыпты. Діндар кейуана балаларына да дін жолын ұстануға, адал болуға, таза жүруге жол сілтеп отырады. Қала әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева Жұпар әжені халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, ақшалай сыйлық тапсырды, облыстық жасөспірімдер үйінің тәрбиеленуші қыздары гүл шоқтарын ұсынды.
Жұпар әже өз кезегінде өткен өмір жолын еске алып, ұрпақтарына бата берді.
Ұзақ жасауыңыздың сыры неде деген сауалға «Жүрек таза, көңіл ақ болуы керек, ешкімге жамандық ойламау қажет. Сондай-ақ, еңбектен қашпау керек. Барға аспайтын, жоққа саспайтын қанағат керек», деп жауап берді кейуана.
Маршал Рокоссовскийді көрген
Содан кейін қала әкімінің орынбасары бастаған азаматтар Ұлы Отан соғысының ардагері Зоря Абильханованы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Қан майданда байланысшы болған кейуана да тың. Ол өзінің 2-ші Беларусь майданының штабында байланысшы болыпты. Бір рет қана майдан қолбасшысы Маршал К.Рокоссовскийді көргенін жеткізді. Он сегіз медальмен марапатталған Зоря Ғабдолқызына соғыста алған «Ерлігі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медальдары айрықша ыстық. Соғысты Берлинге 80 шақырым жерде аяқтағанын да мақтаныш сезіммен еске алды. Соғыстан кейін телеграфшы болып еңбек еткен, тың игеруге қатысып, «Қобда» кеңшарында он жыл хатшы-машинистка болған. Ұл мен қыз өсіріп, тәрбиелеген кейуанаға қазір қызы Валентина Васильевна мен келіні кезек қарасады. Ана Ұлы Отан соғысына қатысушыларға бірқатар жеңілдіктер жасаған, дәрігерлік көмек және әлеуметтік қолдау көрсетіп отырған жергілікті билікке ризашылығын білдірді.
– Біз «Ақ бата» акциясына қатысып, қарт аналарымыздың алғысына бөленіп жүрміз. Бұл кісілерге қадірлі қарттық, денсаулық тілеймін, – деді Ақтөбе жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушісі Гүлдана Құттымұратова. «Ақ бата» акциясы аясында қаладағы жүз жастан асқан 12 кейуана және соғысқа қатысқан 23 әже де мерекелік құттықтауға ие болды. Сондай-ақ, қазірдің өзінде облыстың экономикалық дамуына үлес қосқан, көп балалалы аналарды мемлекеттік және жеке мекемелер құттықтап, сый-сияпаттарын жасауда.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.