Өнер • 22 Желтоқсан, 2021

«Махаббат мұнарасындағы» мөлдір әлем

737 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Сахнадан сұлулық іздеп, көркемдік көргісі, тазарғысы келетін талғампаз көрермен үшін Түркістан музыкалық драма театры тамаша тарту жасады. Құйрықты жұлдыздай келте қайырылған қысқа өмірінде артына мол мұра қалдырған жазушы Талаптан Ахметжанның «Сұлу мен суретші» шығармасының желісінде сахнаға жол тартқан «Махаббат мұнарасы» лирикалық драмасының тұсауы кесілді. Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келген премьера Түркістан төрін шын мәнінде өнердің үлкен мерекесіне айналдырды.

«Махаббат мұнарасындағы» мөлдір әлем

Туындыға сахналық өмір сый­лаған режиссер Нұрқанат Жа­қыпбайдың бұл қойылымы «Сұлу мен суретші» тақырыбына жасап отырған алғашқы қадамы емес. Режиссердің бұған дейін Алматыдағы М.Әуезов театры мен елордадағы Жастар театры сахнасында алуан форма мен түрлі жанрда көрерменімен қауыштырған адам жанын тереңнен қозғап, жүрек пернелеріне бойлайтын сыр­шыл қойылымы әр сахналық нұсқасында өзінше қошеметке ие болып, көрерменнің көркемдік кемелденуіне қызмет етіп келеді. Ал Түркістанда қойылған «Махаб­бат мұнарасы» спектаклінің өзіне дейін сахналанған туындылардан ерекшелігі де, жаңалығы да мол. Бұл нұсқа режиссердің өзге спектакльдердегі сүрлеуді қай­­таламай, соны бағыт, жаңа­шыл форма, жалпы тұтас қойы­лым­ға тың шешім әкелген же­міс­ті жұмыстарының бірі десек, титтей де қателеспейміз. Оған бірін­шіден, режиссердің шы­ғар­­ма­шылық тұрғыдан бабына ке­ліп, кемелденуі себеп болса, екін­шіден – Түркістан театрының шығар­машылық құрамға техникалық һәм жаңашылдық тұрғысынан сый­лаған тамаша мүмкіндіктері.

Түркістан топырағы тұсауын кескен қойылымның көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова, қоюшы суретшісі – Қабыл Халы­қов. Ал спектакльге арнайы музыка жазған Түркістан музыкалық драма театры музыкалық бөлімінің меңгерушісі әрі бас композиторы Хамит Шанғалиев. Балетмейстер – Мадина Мұратпекова.

Рас, бұған дейін жазушы-драматург Дулат Исабековтің «Бөр­те» драмасын сахналап, қо­ғам­да үлкен резонанс тудырған театр­дың жұмысы ә дегенде ел аузы­на ілігіп, мақтауға да, сынға да қа­тар ұшырады. Тіпті спектакль­ге жұмсалған қаржылық шы­ғынды санап, есеп жүргізген әріптестеріміз де болды. Әлбетте, қомақты жұмыстың айналасынан өрбитін әңгіменің де ауқымы әрдайым кең ғой. Сондықтан өнер әлемінде бұл қалыпты үрдіс саналады. Одан бөлек, бұған дейін өзінің жекеменшік продюсерлік орталығының қолдауымен «Фа­риза» сынды тамаша туындыны сахнаға шығарған Айнұр Көп­басарова Түркістан төрінде бой көтерген жаңа театрға басшылық қызметке тағайындалғаннан кейін де өнерге деген сол талғампаз көзқарасын өзімен бірге алып келді. Нәтижесінде, «Бөрте» өмірге келді. Енді міне, араға көп уақыт салмай Айнұр ханымның жетекшілігімен «Махаббат мұ­на­расының» көркем әлемі көрер­меніне есігін айқара ашты.

Иә, өнер өркендесін десек, әлемдік театрдың мықты мамандары мен еліміздің үздік режиссер, актерлерінің шеберлігінен үйреніп, тәжірибе алмасқаны құптарлық дүние. Соның жемісі болса керек, Түркістан театрына Айнұр Көпбасарова басшылыққа келгеннен бері сахнаға жол тартқан қос қойылымның да режиссері мен негізгі актерлік құрамы жан-жақтан, арғысы Италия болса, бергісі республикамыздың түк­пір-түкпіріндегі үздік әртістердің басын бір сахнада түйістірумен көрерменін қуантты. Бұл тәжірибе «Фариза» қойылымынан бастал­ған жақсы эксперимент болатын. Әйтсе де, ол кезде «Фариза» жеке продюсерлік орталықтың, яғни жекеменшік ұйымның қолдауы­мен жарыққа шыққанын ескеріп, «құптарлық қадам, қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса» деуден аспадық. Бірақ толықтай мемлекет қаржыландыруындағы білдей бір театрдың актерлік құ­ра­мын сырттан шақырып, труппаны тұрақсыз ету көрермен үшін қызық, жарнамаға қанша жерден оңтайлы болғанымен, болашағын алыстан ойлайтын театр үшін, әрине аса тиімді емес. Өйткені әр қойылым сайын жан-жақтан жиналатын актерлердің басын қосып, ұйымдастыру қаржылық жағынан ғана шығын емес, сонымен қа­тар шығармашылық тұрғыдан да ұжымды немқұрайлылыққа, тіпті тоқырауға алып келуі мүмкін. Оның үстіне жергілікті театрдағы тұрақты труппаның кәсіби білік­тілігін қалыптастыруда да бұл аса табысты жол емес. «Бөрте» спек­такліндегі айтулы тәжірибеге аса көңіл бөле қоймағанымызбен, «Махаббат мұнарасындағы» басты кейіпкерлердің де негізінен астана мен Алматыдан шақырылғанын естігенде, Түркістан театрындағы қалыпты жағдайға айналып бара жатқан бұл үрдіс шын ойлантты, дұрысы қорқытты. Әлбетте сахнадан сапалы жұмыс көруге бәріміз ниеттіміз. Бірақ жылты­рақ жарнаманың әсеріне елітіп, жергілікті труппаның жағдайын тұрақсыз етіп алмаудың да жа­йын театр басшылығы қаперден шығармаса деген тілек қалды ішімізде. Жаңа театр сахнасынан жаңа есімдерді естіп, дүлдүл таланттарды танып жатсақ, бұл көрермен немесе жалпы Түркістан театры үшін ғана емес, жалпы қазақ өнері үшін үлкен олжа бол­мақ. Театр басшылығы осыны ұмытпаса құба-құп.

Хош, сонымен әңгіме басында оқырмандарымыздан сүйін­ші сұрай бастаған спектаклімізге қайта оралсақ. Ең әуелі бізді қуант­қаны – «Махаббат мұна­расының» сахнаға қайта оралуы «Алаш» әде­би сыйлығы мен Валентин Пи­куль атындағы және Оралхан Бөкей атындағы сыйлықтардың лауреаты, жазушы-драматург Талап­тан Ахметжанның 60 жыл­дық мерейтойымен тұспа-тұс ке­луі дер едік. Қысқа өмірінде сұлу­лықты қарасөзбен жырлап, өлмес мұра қалдырған жазушы еңбегі – қазақ әдебиеті мен дра­матургиясына қосылған қо­мақты олжа, қаламгердің өзіне қо­йылған мәңгілік ескерткіш. Бұл тұр­ғыдан жазушы есімін ұмыт­пай, театр төрінде туындысын жаңаша жаңғыртып жатқан шы­ғар­машылық құрам еңбегі құр­метке әбден лайық. Өйткені жү­регін махаббат мекендеген кез келген көрермен үшін «Махаббат мұнарасы» қойылымының айтары да, берері де мол.

«Махаббат мұнарасы» – мінсіз сұлулықтан туған туынды. Мұнда махаббат пен өнердің серенадасы салтанат құрады. Сұлулық атауын тап-таза, мөп-мөлдір өнердің өзегінен іздеп, өмір бойы махаббатына адал болған жанның сезіміне елітіп, құдіретіне бас иіп отырып көретін қойылым. Спектакльдің осынау лирикаға толы пернесін дөп басқан режиссер актерлер ойынынан да сол нәзіктікті талап етіпті. Басты рөлдерді сомдай­тын актерлер – Мемлекеттік сый­лықтың лаураеты Әділ Ахме­тов, Ақбота Қаймақбаева мен Жұл­дыз Әбдікәрімова «Махаббат мұна­расына» өзгеше тыныс сыйлады.

Ал спектакльдің ең бас­ты жа­ңа­лығы – премьерада әлем­ге әйгілі Амати (Antonius Hiero­ny­mus Amati) тарихи аспабы­мен Швей­царияның Цюрих қала­сын­да тұратын талантты му­зы­кант Эльдар Сапараевтың қойы­лымға жан бітіруі дер едік. 1628 жылы жасалған 400 жылдық тарихы бар виолончель аспабының сүйемелдеуімен қойылым сахна­ға шықты. 300 жыл Еуропаның корольдік отбасыларының жеке коллекциясында сақталған Amati тарихи аспабы қазір мұражайға қойылған. Әлемде мұндай аспап­тың жалпы саны үшеу-ақ. Демек, Түркістанның төрінде ойналған Амати (Antonius Hieronymus Amati) тарихи виолончелі әлемнің мәдени мұрасы. Жаһан мойындаған музыкант Эльдар Сапараевтың Амати аспабында ойнаған ғаламат музыкасы «Махаббат мұнарасының» көркемдік деңгейін тіпті әуелетіп жібергендей.