Мемлекеттің қосымша құн салығы сомасын қайтаруы – Қазақстандағы ғана емес, әлемдегі салықтық әкімшілендірудің ең өзекті мәселелерінің бірі. Мемлекет үшін тауар, жұмыс, көрсетілетін қызметтердің нақты қозғалысын бақылау, сонымен бірге әр кезеңде төленген қосымша құн салығын есептеп отыру өте қиын. Салық төлеуден жалтарудың түрлі схемасы мен өзге де тәсілдерінің салдарынан қосымша құн салығын негізсіз өтеу тәуекелдерін тудырып, бюджетке шығын әкеледі.
– Отандық салық төлеушілер үшін қолданыстағы тәртіп қосымша құн салығы сомасын қайтару іс-шаралары мерзімдерінің негізсіз созылуына, қайтаруға жататын қосымша құн салығының елеулі бөлігінің жоғалуына, өзге де салықтық тәуекелдердің туындауына әкеп соқтырады, – дейді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының кеңесшісі Екатерина Никитинская.
Бүгінде қанатқақты жоба аясында қатысушылар қосымша құн салығы сомасының жылдам қайтарылуына мүмкіндік алды. Сондай-ақ салық органдары қандай да бір әкімшілік және экономикалық санкцияларды қолданбай жеткізушілермен «салықтық алшақтықтарды» дербес реттеу құқығына ие болды. Тізбектер бойынша орын алған салықтық бұзушылықтар туралы ақпарат камералдық бақылау шеңберінде Мемлекеттік кірістер комитетіне ұсынылуы тиіс.
– Жобаға меморандум жасасқан астық нарығының қатысушылары тартылады. Олар мемлекеттік кірістер органдарының салықтық құпияны құрайтын «салықтық алшақтықтар» бойынша мәліметтерді жария ету, тарату және үшінші тұлғаларға беруіне жазбаша рұқсат береді. Кәсіпкерлер үшін жобаның салықтық әкімшілік іс-қимылдардың ашықтығын қамтамасыз етуге арналғаны өте маңызды. Салық сомасын қайтару көшпелі тексерулерсіз камералдық бақылау режімінде жүзеге асырылады және бизнестің өзін өзі реттеу қағидаттарына көшуіне мүмкіндік береді, – дейді Қазақстан Астық одағының төрағасы Нұрлан Оспанов.
Меморандум агроөнеркәсіпке және сабақтас салаларға іскерлік айналымның ашық тәжірибелерін енгізу, бәсекелестікті дамыту, нарықтың өзін өзі реттеудің тиімділігін қамтамасыз ету, бизнес пен мемлекеттік құрылымның диалог құруын көздейді.
Қосымша құн салығын оңай тәртіппен қайтару үшін қатысушылар екі нұсқаның бірін таңдай алады. Бірінші нұсқа бойынша банк кепілдігі болған жағдайда 15 жұмыс күні ішінде қосымша құн салығы қайтарылады. Екінші нұсқа бойынша камералдық бақылау рәсімдері аяқталғаннан кейін бірден сатып алушы мен өнім беруші арасындағы «салықтық алшақтықтар» жоқ немесе жойылған кезеңде қосымша құн салығын қайтаруды ұсыну жоспарланған.
Еске сала кетейік, 2019 жылғы қазанда Қаржы министрлігі және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен тәжірибе алмасу мақсатында Нұр-Сұлтанда Ресейдің Федералды салық қызметі және Агроөнеркәсіп хартиясы өкілдерінің сапары ұйымдастырылды. «Атамекен» жүргізген талқылаулар мен консультациялар нәтижесінде Қазақстанның Астық одағы және Мемлекеттік кірістер комитеті бірлесіп, агроөнеркәсіптегі қосымша құн салығының артылған сомасын оңайлатылған жолмен қайтару бойынша қанатқақты жобаны іске асыру бойынша жұмысты бастады. Бұл ретте біздің мамандар Ресейде төрт жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Хартия типі бойынша адал салық төлеушілерді ашық ақпараттандыру жүйесіне ерекше қызығушылық танытты. Ресейде алғашқы Хартия 2017 жылғы мамырда агроөнеркәсіп саласында құрылған және оның тәжірибесі қазіргі уақытта нарықтың басқа сегменттеріне сәтті таралуда.