Аймақтар • 23 Желтоқсан, 2021

Құрылысқа қажетті құрғақ қоспалар

686 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Индер ауданында жаңа цех жұмысын бастады. Мұнда тәулігіне құрылыс индустриясына арналған 70 тонна құрғақ қоспалар шығарылады. Оның ішінде сылақ пен жарықты бітеу үшін, еденге пайдаланылатын гипс пен желім секілді 9 түрлі құрғақ қоспа бар.

Құрылысқа қажетті құрғақ қоспалар

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық да­му­ басқармасы басшысының мін­детін атқарушы Қаныш Мәмбетовтің айтуынша, жаңа цех нарықты сапалы тауарлармен қамтып қана қоймай, жергілікті тұрғындарға жаңа жұмыс орындарын ұсынады. Қазір аталған цехқа 20 жас маман жұмысқа орналасты.

– Жергілікті тұрғындарды жұмысқа орналастыру – әр дең­гейдегі әкімдіктердің басты мін­детінің бірі. Жаңа цехтың бас­шыларының жастарға жұ­мыс орындарын ұсынып, бұл бастаманы қолдағаны қуантады. Атырау облысында құрғақ қоспаларды шығаратын жалғыз цех жобасының құны 250 млн теңгені құрайды, – деді Қаныш Мәмбетов.

Үдемелі индустриялық-ин­но­­вациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа цех­ты іске қосқан «ИСИ Гипс Индер» ЖШС-ның негізін 27 жас­тағы жас кәсіпкер Дархан Төребеков қалаған. Оның ай­туын­­ша, цехтың жылдық қуаты – ­
10 мың тонна. Құрғақ қоспалар 25 килолық қағаз қапқа салынады. Сапасы Қазақстандағы осындай өнім шығаратын танымал брендтер мен ресейлік өндірушілердің тауарынан кем түспейді. Ал бағасы нарық­та­ғы­дан 30 пайызға төмен.

– Бізде құрылыста кеңі­нен қолданылатын құрғақ қоспа­лар­дың барлық түрі шыға­рылады. Жалпы, бұл өндіріс 2017 жылы іске қосылған еді. Бірақ толық қуатында жұмыс істемеді. Жа­қын­да қажетті қондырғыны са­тып алдық. Содан кейін жұ­мыс жанданды. Қазір JM-капитал, SDN Construction, B+ секілді ірі құрылыс компа­ния­ларымен әріптестік байланыс орнаттық. Болашақта жұ­мысшылар санын 50-ге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді Д.Төребеков.

 

Атырау облысы