Аймақтар • 23 Желтоқсан, 2021

Жаннұрдың мұнарасы

271 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік мерекесі аясында Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданындағы Ақсуат ауылында ұялы байланыс жүйесі іске қосылып, ауыл тұрғындары үлкен қуанышқа бөленді.

Жаннұрдың мұнарасы

Адам жақсылыққа тез үй­ренеді ғой. Ұялы байланыс жү­йесі күнделікті ең қажет сұра­ныстың біріне айналды. Әсі­ресе пандемия кезінде көп шаруаны қашықтан бітіруге әбден үйреніп алдық. Осындай кезде тұрғылықты жеріңде ұялы байланыс нашар болса, интернет шабан болса, жүйкені жүндей түтеді. Облыс орталығы Орал қаласының іргесіндегі Ақсуат ауылы – «шам жарығы түбіне түспей тұрған» осындай ауыл­дың бірі еді.

Биыл жазда ауыл әкімде­рінің сайлауы болды. Сол кезде Ақсуат ауылының әкімі лауа­зымына екі үміткер таласты. Сай­лауалды насихат кезін­де екі үміткер де халықпен кез­десіп, бағдарламаларын таныс­тырып жатты. Сол кезде ақ­суат­тықтардың алдымен айт­қан сұрауы – ұялы байланыс болатын.

Енді ше? Орал қаласынан небәрі 25 шақырым жерде орналасқан Ақсуат ауылдық округінде 3 мыңға жуық халық тұрады. Мұнда 628 оқушылық екі орта мектеп, 100-ге жуық балдырған оқитын екі бас­тауыш мектеп бар. Мектеп ғи­­­ма­­раты күрделі жөндеуден өткен. Табысты кәсіпкерлер, бел­гілі май зауыты да осында. Ауылдық округте ауыз су құ­быры, ауасыз электр же­лісі, газдандыру және жол құрылысы мәселелері шешілген. Күре жол­дың бойында, Жайықтың жағасында тұрған әсем ауыл­дың бір «кемдігі» – дәл осы байланыс-тын.

Ақсуат ауылын осы арманға жаңа әкім Жаннұр Ахметов жеткізді.

– Биыл сайлау нәтижесі бо­йын­ша шілде айында Ақсуат ауылдық округінің әкімі болып сайландым. Халықпен кездесу барысында тұрғындар байланыс мәселесін бірнеше мәрте көтерді. Жұмысқа кіріс­кен кезімде өзім де мұның қан­дай кедергі еке­нін түсіндім. Сөйтіп, бірден байланысты кү­шейту үшін қажетті мұнара орнату, қажетті құжаттаманы ресімдеу бойынша іске кірістім. Әрине, бұл жұмыс халықтың тікелей қолдауымен және же­ке кәсіпкерлердің кө­мегімен жүзеге асты. Тәуел­сіз­дік мере­кесі қарсаңында сай­лауалды бағ­дарламамның бір бөлігі, халықтың аманаты орын­далғанына қуаныштымын, – дейді ауыл әкімі.

Шыны керек, бюджеті ша­ғын, қысқа жіптей күрмеуге келмейтін ауыл үшін биіктігі 24 метрлік мұнара тұрғызу оңай болған жоқ. Әлдебір меке­менің қолданылмай жатқан мұнарасын тауып, келісіп, оны жергілікті кәсіпкерлердің кө­мегімен ауылға жеткізу үшін жаңа әкім зыр жү­гіріп, біраз тер төгіпті. Бұған дейін Тасқала кентінің әкімі, Те­рек­ті аудандық ішкі саясат бө­лімінің басшысы болған тәжі­рибелі азамат үлкен-кіші­мен тез тіл табысып, бұл шаруаны ауыл тұрғындарының, меце­нат­тардың күшімен атқарып шық­ты. Сөйтіп, бес жылдан бері ақсуаттықтар армандаған сапалы байланыс, жүйрік интернет қолжетімді болды. Қазірдің өзінде халық «Жаннұрдың мұ­­на­расы» деп атап кеткен қон­дырғыдан байланыс желі­сінің сапалы мобильді ин­тернеті тарап жатыр.

– Дамыған заманда байланыссыз отыру өте қиын. Каран­тиндік шектеулерге байланыс­ты көп қызмет онлайн режімге ауысты. Сабақ, жұмыс секілді дүниелер ұялы телефонға бай­ланды. Сол кезеңде қатты қи­налдық. «Сапалы байланыс жүйесін қосу керек» деп ауыл тұр­ғындарынан қол жина­дым. Төрт жүзден астам адам­мен кездесіп, қолдау таптым. Құ­дай­ға шүкір, тілегіміз орын­­далды. Енді ауылға жаңа леп, жаңа жүйе келді. Қуа­ныштымын, – дейді ауыл тұр­ғыны Әлібек Айтқалиев.

Жоғарыда айтқандай, «тас­бақа байланыстың» тақсіретін ең көп тартқан мұғалім қауымы болатын. Сондықтан бұл жа­ңа­лыққа жүрегі жарыла қуан­ғандар да ұстаздар болды.

– Біздің мектеп жұмысының көп бөлігі бүгінде желіге байланысты. Кешегі қатаң карантин тұсында ауылдағы сту­дент­­теріміз кезекті оқу сес­сия­­ларын тапсыра алмай қи­налды. Сондықтан мұнара ор­на­тыл­ғанына бәріміз қуанып жатырмыз. Телефон 4G ұстап тұр! Қаладан 25 шақырым жер­дегі Ақсуат ауылының халқын толғандырған мәселелер осылайша рет-ретімен шешімін тауып жатыр. Бұл мереке ал­дындағы керемет тарту болды, – дейді Гүлмира Бақбасова.

Жаңа мұнараның іске қо­сылғанын ауыл болып атап өт­кен ақсуаттықтардың жиыны тойға ұласты. Салтанатты жиында ауыл әкімі Жаннұр Бекбауұлы ауылдың дамуына белсенді қолғабыс етіп жүрген бірқатар ауыл азаматын марапаттады. Олардың қатарында «Кәрім» дүкенінің иесі Р.Әлібекұлы, ауыл азаматтары Р.Ақмырзаев пен Ә.Айтқалиевтер де бар.

 

Батыс Қазақстан облысы