Қоғам • 24 Желтоқсан, 2021

Құтқарылған адам саны – 11 мың

1105 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биылғы 11 айда еліміз бойынша 12 мыңнан артық төтенше жағдай тіркеліп, 11 мыңнан артық адам құтқарылған. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің мәлімдеуінше, тіркелген төтенше жағдайлар саны өткен жылмен салыстырғанда 8 пайызға азайған.

Құтқарылған адам саны – 11 мың

Орталық коммуникациялар қыз­меті алаңында өткен брифингте министр бұл көрсеткішке жекелеген қыз­­мет бағыттары бойынша қолға алын­ған алдын алу және профилак­тика­лық іс-шаралардың арқасында қол жет­кізілгенін айтты. «Бөлімше қыз­мет­к­ерлері 11 мыңнан астам адамды құт­қарса, 12 мыңға жуық тұрғын эвакуа­цияланды, 4 мыңнан астам азамат­қа алғашқы медициналық көмек көр­сетілді. Жыл басынан бері төтен­шеліктер 76 мыңнан астам шақыртуға шыққан», деген ведомство басшысы биыл төтенше оқиғалардың кесірінен зардап шеккендердің саны 1736-ға, ал қаза тапқандардың қаралы тізімі 838-ке жеткенін де хабарлады. Түрлі апат кезіндегі материалдық залалдың өскені де байқалады. Соңғы 11 айда 354 адам қызыл жалынның құрбанына айналса, 400-ден астам тұрғын суға кеткен. Ал өндірістік апаттан 13 адам көз жұмған.

«Өкінішке қарай, биыл 2 немесе одан да көп адамның өлімі тым жиілеп кетті. Қоғамдық резонанс тудырған бұл қайғылы оқиғалар жалпы статистикаға әсер етпей қоймады. Жыл басынан бері екі рет газ баллондарының жарылысы тіркелді. Нұр-Сұлтан және Петропавл қалаларында болған осы апат салдарынан 4 адам қаза тауып, 15-тен астам тұрғын зардап шекті. Кейіннен Ақмола облысының Шортанды ауданында 6 адам, оның ішінде үш бала дәл осындай жарылыстан көз жұмды. Сондай-ақ Жамбыл облысындағы әскери қоймадан өрт шығып, 17 адам қаза тапты», деген министр қаралы оқиғаларды тізбелеп шықты.

Брифинг барысында Ю.Ильин сондай-ақ сел жүру қаупі бар кезеңде 1800-ге жуық қауіпті учаскеде жерүс­ті және аэровизуальді тексеру жүргізіл­генін де айтып өтті. «Жыл сайын елі­міздің таулы аймақтарында мұздық­тар­дың тез еруі жаңа мұздақ көлдердің пайда болуына әкеп соғады. Көбінесе олар өте қауіпті болып табылады және сел мен көшкін құбылыстарына қауіп төндіреді», деді бұл жөнінде ол.

Қауіпті учаскелерді бақылауды селден қорғаудың жаңа технологияларын қолдана отырып, «Қазселденқорғау» арнайы бақылау және құлақтандыру қызметі жүзеге асырады. Олар халықты хабардар ету бойынша жаңа технологияларды енгізуде. «Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстары мен Алматы қаласы – сел мен көшкін қаупіне жиі ұшырайтын өңірлер. Қазіргі таңда Қорғас, Кіші және Үлкен Алматы, Ақсай, Қарғалы өзендерінің бассейндерінде автоматты мониторинг жүйесінің 31 стансасы жұмыс істейді. Олар жағдайды бағалауға және сел ошақтарына жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Алматы қаласы, Алматы облысы және «Қорғас» шекара маңындағы халықты қорғау және селдерден келетін залалды барынша азайту үшін Ақсай, Аюсай, Қорғас өзендерінде селден қорғау бөгеттері мен қорғаныш құрылыстарын салу жүргізілуде», деп атап өтті ведомство басшысы. Ал Алматыда жер сілкінісін ерте хабарлайтын 9 автоматтандырылған сейсмостанса орнатылған. Мұндағы құрылғылар магнитудасы 4 балл және одан жоғары жер сілкінісін ерте хабарлай алады. Жалпы, еліміз бойынша сейсмикалық қауіпті және жер сілкіністерін болжау қаупін төмендету мақсатында сейсмикалық қауіпті аймақтарда 63 стационарлық станса жұмыс істейді. Министрдің айтуынша, алдағы уақытта тағы 28 станса орнату жоспарда бар.