Экология • 24 Желтоқсан, 2021

Бір көлге ғұмыр сыйлаған

1823 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сулы, нулы деген Көкшенің баурайындағы мың жарымнан астам көлдің жартысына жуығы табиғатқа жасалған тақсіреттің салдарынан кеуіп кетті. Әлі де жүздеген көлдің кенересі тартылып, жағалауын қамыс басып, жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұр. Тығырықтан шығар жалғыз жол – көлге иенің қажеттігі.

Бір көлге ғұмыр сыйлаған

Әнебір жылдары Бурабай баурайына барып жүргенінде қайран да қайран Құмдыкөлдің бүгінгі халін көріп иманы қасым болған. Көнекөз қариялар­дың айтуына қарағанда, бір кезде шалқып жатқан көл суы мүл­де құрғап, қу тақыр, құла­зыған түзге айналыпты. Жаға­лаудан су шегініп, тайызданып, кеуіп кеткелі отыз жылға таяу уақыт өткен. Көз алдында бү­тіндей бір көлдің жоғалып бара жатқанына ешкімнің селт етпе­генін қарасаңызшы. Сұрас­тырып көрсе, көл табанында әлденеше бұлақ болған, кейін лайы көбейіп, қорысқа айналған. Жыл сайын көлді таза, мөлдір бұлақ суымен үстемелеу сап ты­йылған соң, айдынның да ажары қашқанға ұқсайды. Жергілікті жұрттың айтуына қарағанда, Құмдыкөл бір кезде балығы тай­дай тулаған айдын шалқар екен. Ендігі күні мынау... Туған таби­ғатқа бір септігімді тигізсем деген ой санасын жаулап алғаннан бері осы төңіректегі Майкөл, Асат, Обалы тәрізді бірнеше көл­ді он жыл мерзімге жалға ал­ды. Жұмысын көл табанында біте­ліп қалған бұлақ көзін іздеу­ден бастады. Түртінектеп жү­ріп тапты. Біреуін емес, бақан­дай бесеуін. Қорыстан тазартып, көзін ашқаны сол екен, тұн­шы­ғып тұрған тынысы ашылып, бұлақ сарқырап аға бастады. Бостандыққа шыққанына қуанған тәрізді бұлқынып ағады. Аз ғана уақыттың ішінде бес бұлақ бір көлдің шөліркеген таңдайын жібітіп, бұрынғы кү­йіне келтірді. Құжат бойынша 500 гектар аумақ деп есеп­телгенімен, шын мәнінде 700 гектарға жетті. Шынын айту керек, көл табанындағы бұлақты іздеу де, тапқан соң оны аршу да оңайға түскен жоқ. Жол-жө­некей кездескен қиындықты бойындағы өлшеусіз қажыр-қайрат жеңді.

Көлді балықтандыру да оңай-оспақ шаруа емес еді. Тұқым­бақтан балық тұқымын жеткізу керек. Алдымен көл суын зертханадан өткізу ләзім. Балық та көл суының құрамына қарай өрістемек. Балық түгіл бақасы қалмаған өлі көлдің өңі жақсару үшін күні-түні еңбек етті. Со­нау Ресейдегі Ханты-Мансы өңі­­­рінен 2 млн бағалы балық тұ­қымын жеткізді. Баяғы кейпін қай­та тапқан Құмдыкөлдің майда толқындарымен ойнап, тұқы өріс­теді. Көл жиегіндегі қа­мыс, балдыр атаулыны азығына айнал­­­­дыратын тасмаңдай балы­ғы­­ның тұқымы өздеріне жайлы су ішінде өсе бастады.

– Тылсым табиғаттың тағды­рына бейжай қарауға әсте болмайды, – дейді кәсіпкер Ерлан Мұқанов, – біз көлді жалға алған­нан кейін оның бар болмысына жауапты болуымыз керек. Қазір жыл сайын 15 тонна шамасында балық өндіреміз. Ең бастысы, осы саланы жандандырудың нә­ти­жесінде құрғап қалудың аз-ақ ал­дында тұрған бірнеше көл тіріл­ді.

Кәсіпкер өзге көлдерге де ғы­лыми-сараптамалық зерттеу жүргізген. Барлығын да та­биғи су көздерін ашу арқылы тірілтуге әбден болады. Ең бас­ты мәселе, көлге қорек беріп тұрған табиғи су көздерінің жабылып қалуы. Оған төңіректе­гі шаруашылықтар да кесірін тигізіп отыр. Кәсіпкердің айтуына қарағанда, барлығы жос­парсыз, алдын ала зерттеусіз жүргізілудің кесірінен. Егер көк­тем­гі қар суы мен жаз айла­рын­дағы жауыннан пайда бол­ған ылғал күміс көлдерге жетіп тұр­са, дәл бүгінгі күйге түспес еді. Қолбайлау болып отырған ендігі мәселе – қажетті техникалардың жоқтығы. Мәселен, көл жағала­уында рабайсыз өсіп кеткен қа­мысты шауып, қоғаны тазалау қажет. Осы бағытта пайдаланатын арнайы техника өте қымбат. Онсыз ұлан-ғайыр жерді тап-тұйнақтай етіп тазалап шығу мүл­де мүмкін емес.

Ендігі бір алға басқан қа­дам­ға тұсау болып отырған жайт – жер­гілікті жердегі балық тұ­қым­бақтарының жұмысын жол­ға қою. Зеренді тұқымбағы шабақ­тарды наурыз айында шығарады. Ал бұл кезде солтүстіктегі көл­дердің бәрі мұз құрсанып жа­тады емес пе? Тұқымды көлге жет­кізбек түгіл, қасат қардан аттап баса алмайсың. Міне, осындай жұмыстарды үйлестірмесе, қа­же­тіңді шеттен тасисың. Ал бұл – орасан қымбат.

Көл қалпына келісімен бра­коньерлер де бой көрсете бас­таған. Әрине, бірер килоны заң­сыз алып кетсе, игілік орта­йып қалмасы белгілі. Бірақ ұзын­дығы 30-40 метрлік қытай то­рының көл табанында қалып қоятыны да бар. Үйір-үйір болып жосып жүрген балық иесіз қалған ауға шырматылып, опат болады. Іріп-шіріп көл суын бүлдіреді. Қауіп қайдан демеңіз, иен тегін игілікке ашкөз болатындар жетіп артылады. Ал солар көл құрғап бара жатқанда саусағын да қимылдатқан жоқ.

Негізі кәсіпкер Ерлан Мұқа­новтың бастамасын бағамдай оты­рып, қараусыз қалған әр көл­ге дәл осындай жанашырлық қажет-ау деген ой түйдік. Туған табиғатын ардақтай білетін әр азамат дәл осылай қамқор болса, өңірдегі бар көл арнасына толып, шалқып жатпас па еді.

 

Ақмола облысы,

Бурабай ауданы