08 Наурыз, 2014

Мемлекеттік қолдау – бәсекелестік бейінді ояту

317 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
DSC_6375 Әйелдердің халықаралық мерекесі қарсаңында Орталық коммуникациялар қызметі өткізген брифингте Парламент Мәжілісінің депутаты Айгүл Соловьева шағын және орта кәсіпкерлік жайын сөз етіп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Елбасы шағын және орта бизнесті қолдау туралы екі маңызды шешім қабылдағаны белгілі. Оның біріншісі Ұлттық қордан шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында 1 триллион теңге бөлуге қатысты болса, ал екіншісі, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне тексеріс жүргізуге мораторий жариялау. Осы орайда Мәжіліс депутаты шағын және орта бизнесті қолдаудың қысқаша тарихына тоқталып, Елбасы шешімдерінің маңызы туралы сөз қозғады. Айгүл Сағадибекқызының айтуынша, 1997 жылы шағын және орта бизнес көлемі мардымсыз болған, ал ішкі жалпы өнім көлемі 1 триллион 700 миллиард теңгеден аспаған. Бұл көрсеткіш 2012 жылы 31 триллион теңгеден асып түскені белгілі. Солай бола тұра, ішкі жалпы өнімнің үлесінде шағын және орта бизнес сол мардымсыз күйінде қалып отырғандығын сөз еткен А.Соловьева Елбасы Жарлығымен енгізілген мораторий шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға серпін беруі тиістігін ерекше атады. Депутат қоғамда «кәсіпкер тек өзін ғана ойлайтындар, ал мемлекеттік органдар оған қолдан кедергілер жасап, пара алумен айналысатындар» деген пікірдің қалыптасып қалғанына қынжылысын білдірді. Жалпы, елімізде 2,6 миллион адам шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыс істейді екен. Қазір бұл салада 9 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, кәсіпкерлікті қолдаудың 17 орталығы ашылған. Өзінің Жаңатас және Қаратау қалаларындағы осындай орталықтарды барып көргендігін айтқан депутат кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларының бар екенін біреу білсе, біреудің біле бермейтініне де назар аударды. Сұралғандардың 50 пайызы ақпараттарды бұқаралық ақпарат құралдарынан, ал 39 пайызы интернет желісі арқылы алатынын алға тартыпты. Тек 20 пайызы ғана ақпаратты «Даму» қорынан алатындықтарын жеткізген. Елбасының шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге мораторий жариялауын бизнес қауымы дер кезінде жүзеге асқан шешім деп қабылдапты. «Шағын және орта бизнестегі әйелдердің үлесі 60 пайызды құрайды. Алайда, бизнесті әйелдікі не еркектікі деп бөлу өте қиын. Тек әйелдер жұмыс істейтін қызмет көрсету сияқты түрлері ғана болмаса. Жалпы, экономика мен бизнесті бөлуге болмайды, себебі, олардың әдіс-тәсілдері мен өлшемдері ортақ», деді Айгүл Сағадибекқызы. Депутат, сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру барысында 2013 жылы субсидиялаудың үш бағыты бойынша жалпы сомасы 186,3 миллиард теңге болатын 1095 жоба мақұлданғанын қаперге салды. Несиелерге кепілдік беру бойынша 6,2 миллиард теңгенің 134 жобасы мақұлданса, 95,8 миллиард теңгеге 535 кәсіпорында өндірістік инфрақұрылымды салу мен қайта жөндеу жұмыстары атқарылуда. Бұдан басқа, грант беру бойынша 509 миллион теңгенің 198 тапсырысы мақұлданған. Тек былтырдың өзінде 18 262 жаңа және жұмыс істейтін кәсіпкерлер оқытылып, 7659 кәсіпкерге 40 мыңның үстінде сервистік қызмет көрсетілген. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде 170 мың жұмыс орны сақталып, 58 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылыпты. Сөзінің соңында депутат мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауды пайдаланып, кәсіпкерлер өздерінің бәсекелестігін барынша арттыруы қажеттігін ерекше атады. Сайып келгенде, мұның барлығы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін еліміздегі оңды өзгерістерге ілесе алатындай деңгейге көтеруі тиіс. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».